Мемлекет басшысы жаңа Парламенттің атауын «Құрылтай» деп атауды ұсынды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда қаласында өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың V отырысында Парламенттің атауын өзгертуді ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мемлекет басшысы құрылтай атауын аса маңызды мемлекеттік институттың символы ретінде сақтап қалу туралы айтты.
«Болашақ Парламенттің атауы бойынша пікірімді айтсам. Құрылтай деген атауды беру керек деп ойлаймын. Құрылтайдың тарихи аясы да, мағынасы да халқымызға да жақын. Құрылтай отырыстарын жаңғырту бастамасын мен өзім 2022 жылы көтергенмін. Осы баяндаманың басында құрылтай жұмысының тиімділігі мен пайдасына ден қойдым. Жалпы, еліміздің саяси жүйесінде Құрылтай атауын аса маңызды мемлекеттік институттың символы ретінде сақтап қалуымыз керек деп ойлаймын», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент депутаттар санына қатысты мәселе қызу пікірталас туғызғанын айтты. Бірінші тарап еліміздегі халық санына қарай пропорционалды уәкілдің идесын ұсынған. Ал екінші тарап депутат санын 500-ге дейін арттыру қажет екенін ұсынған.
«Біздің мақсатымыз − шын мәнінде тиімді әрі кәсіби Парламент құру. Жаңа заң шығарушы орган елдегі ауқымды өзгерістерге заңнамалық тұрғыда барынша қолдау көрсетуге тиіс. Әлемдегі озық тәжірибелерге қарасақ, бұл үшін депутат санын көбейтудің еш қажеті жоқ. Сондықтан мәселе санда емес, сапада. Ең бастысы Парламентте нағыз отаншыл азаматтар, білікті мамандар отыруға тиіс», деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жұмыс тобы азаматтардың ұсыныстарын мұқият зерделеп, қызу талқылаған. Олар Парламенттің мандат саны 145 болуы керек деген тоқтамға келген. Жаңа Парламентте төрағаның 3 орынбасары болуы мүмкін. Ал комитет саны 8-ден аспайды.
Еске салайық, Қызылордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың V отырысы өтіп жатыр.
Жиында Президент неке институтын ер мен әйелдің ерікті одағы ретінде заңнамалық тұрғыдан бекіту туралы ойын айтты.
Кісі қолынан қаза тапқан Нұрайдың басында болған жағдайға да аса мән берді.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Арал теңізі мәселесіне қатысты пікір білдіріп, оны сақтау бүкіл адамзат үшін өзекті міндет екенін айтқан болатын.



