ШАҒЫН ФУТБОЛДАН ӨТКЕН ҮЛКЕН ЖАРЫС АУДАН ЖАСТАРЫНЫҢ ШЕБЕРЛІГІН КӨРСЕТТІ

Өткен аптада Ойыл балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде шағын футболдан 2014-2015 ж.т жасөспірімдер арасында аудан біріншілігі өткізілді. Аудан біріншілігінің мақсаты — спортшыларды патриоттыққа, Отан сүйгіштікке және құқық бұзушылықтың алдын алу, ғасыр дертіне айналып отырған жат қылықтардан аулақ болуға тәрбиелеп, жасөспірімдерді спортпен шұғылдануға ынталандыру және достық қарым қатынастарын нығайту. Мектептің оқу ісі орынбасары Бекжан Едігеұлы біріншілікті ашып, спортшыларға сәттілік тілесе, Ойыл аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары, подполковник Айболат Төлеуұлы спортшыларға бүгінгі күні қоғамның алдында тұрған басты міндеттерінің бірі — балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермей, жат қылықтардан аулақ болуға шақырды. Футбол — әлемдегі ең танымал спорт түрлерінің бірі болғандықтан да ауданда футболға қызығушы спортшылар саны өте көп. Соның дәлелі аудан біріншілігіне қатысқан командалар санынан да білуге болады. Аудан біріншілігіне 12 командадан (Амангелді ОМ, Жамбыл ОМ, Екпетал НМ, Ә.Дербісәлин атындағы Саралжын ОМ, Қараой МББ, Көсембай НМ, Ш.Берсиев атындағы ОМ, Ш.Бекмухамбетова атындағы МГ, Ж.Жүсібалиев атындағы Ойыл ҚОМ, Ойыл ҚОМ, Ойыл БЖСМ 1,2) 130 ға жуық оқушы қатысты. Жоғары шапшаңдықты, нақты техникалық және тактикалық әрекеттерді талап ететін спорт түрінде тек шын мықтылар ғана жеңіс тұғырларынан көрінді. Ойыншылардың ойлау қабілетін, командалық жұмысты және тактикалық дайындықты дамытатын футбол ойынында Ойыл қазақ орта мектебі командасы Ә.Дербісәлин атындағы Саралжын орта мектебі командасын 4:0 есебімен жеңіп, біріншіліктің үшінші орнына қол жеткізсе, Қараой мектеп балабақшасының спортшылары жүлделі екінші орынға ие болып, күміс жүлдегер атанды. Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп гимназиясы командасының ішіндегі үйлесімділік пен бірлік, әр ойыншының шапшаң ойлап, дұрыс шешім қабылдауының арқасында біріншіліктің жеңімпаздары атанды.




