Басты тақырыпСпорт

Аудандық жарыс та — атамызға арналды

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында, ақ тарының атасы Шығанақ Берсиевтің 140 жылдық мерейтойына орай жастар арасында волейболдан аудан біріншілігі өткізіліп, 8 команда қатысты. Волейболдан жастар арасындағы жарыстың өткізілуіне Ойыл аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі түрткі болды.

Аталған бөлімнің басшысы Бақберген Мұхамбетқалимен арнайы тілдесу барысында ол: «Шығанақ Берсиев атамыз еңбектің адамы екені көпке мәлім. Оның аты мен еңбек жолы барша ойылдықтар үшін үлкен мәртебе. Сондықтан дүние жүзіне танымал диқанның 140 жылдық мерейтойын атап өту, оны спортшылар арасында да дәріптеу артық етпейді»,- дейді.
Толығырақ тарқатсақ, жастар арасындағы волейбол жарысы көктемде көптің игілігіне берілген жаңа спорт кешенінде өтті. Жаңа кешеннің спорт залы Шығанақ Берсиевтің 140 жылдығы мерейтойында жанкүйерлер мен волейболшылардың қызу үнімен жаңғырды. Жарыс кезінде тиянақты шабуыл жасалып, сауатты қорғаныс көрсеткен ойыншылар әр ұпай үшін жанталасып, командасының жеңісі жолында аянып қалмады. Жарық, жып-жылы, тап-таза, әрі кең спорт залда волейболшылардың ойынды тартысты өткізуіне ешқандай кедергі болмады. Жастар арасындағы волейбол жарысында қараойлықтардың қадамы қуантады. Бұрын бұл ауылда кенже қалған спорт түрін жандандыруға жастардың ынтасы жоғары екені байқалды. Сондай-ақ сарбиеліктерде де алға қарай бір қадам серпіле сайысты.
Қызу тартыста өткен жарыстың нәтижесінде, үшінші орынды Қараой жастары иеленсе, екінші орынды Қаратал ауылдық округінің жастары еншіледі. Ал, Ойыл жастары аталған аудан біріншілігінің жеңімпаздары атанды. Жеңімпаз команда мен жүлдегерлерге кубок пен мақтау қағаздары табысталды.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар