Басты тақырыпСпорт

Ардагерлердің жарысы –

ағалардың үлгісі

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына орай жер-жерде әртүрлі шаралар өтіп жатыр. Сондай тағылымды шараның бірі өткен сенбі күні Ойылда өтті. Яғни, волейболдан спорт ардагерлері арасында облыстық турнир өтті.

Тағылым сол – жастарды салауатты өмірге тек үндеп қана қоймай, бір кездері аудан, облыстың намысын қорғаған ардагер волейболшылар әлі де спортты серік етіп, ізбасарларына үлгіні алаңдағы тартысты ойындарымен көрсетті.
Жарыстың ашылу салтанатында аудан әкімі Асқар Қазыбаев спортшыларға сәттілік тілесе, 1992 жылы Ойыл ауданы командасының сапында Қазақстан Республикасының чемпионы болған Жақсығали Үбниямов та өзінің ізгі лебізін білдірді.
Жарысқа Әйтеке би, Мұғалжар, Ойыл, Темір аудандарынан командалар қатысты. Алды алпысты алқымдаса да, шеберлігі мен ширақтығы ұштасқан ардагер спортшылар үшін бұл күн нағыз спорт мерекесі болды. Әрине, жарыс болған соң жеңімпазы болуы хақ! Ала допты алақанда ойнатқан ағалардың тартысты жарысында Мұғалжар ауданынан келген «Қандағаш – Жаңа Құрылыс» командасы үшінші орынға ие болса, Ойыл ауданының «Көкжар» командасы екінші орынға қол жеткізді. Жарыстың бас жүлдесі Темір ауданының командасына бұйырды.

Басқа жаңалықтар