Әлеумет

ҰСТАЗДАРДЫҢ ҰСТАЗЫ

Ұстаз болу – ұлылықтың  ұлы ісі,

Ұстаз болу – жақсылықтың  ізгісі,

Ұстаз болу – қамқор  болу баршаға

Ұстаз болу – өнегенің  үлгісі.

Ұстаз еңбегінің қилы қиындығы мен қызығына арқау болған жыр шумақтары  мен том-том шығармалар қаншама. Әр ұстаздың еңбек жолы өз алдына бір кітапқа лайықты туынды іспетті. Адамзат болашағы үшін жауапты ұстаздардың еңбегі — өлшеусіз уақыт пен қайтымы жоқ маңдай терден, сынаптай ағып өтетін жылдардан құралады. Жыл сайын алғашқы қоңырауда жаңа шәкіртті қабылдап алып, соңғы қоңырау салтанатында өз баласындай мектеп түлегін үлкен өмірге шығарып салатын ұстаздар еңбегі еленетін бір күні бар. Ол — Халықаралық ұстаздар күні. Осы мерекені ұстаз да, шәкірт те, ата-аналар да асыға күтіп, барша қоғам болып тойлайтынымыз сол еңбектін айғағы екені даусыз.

Қоғамда ойып орын алатын ұстаздар қауымының ұстазы болу қаншалықты қиын екенін ойланып көрген жан бар ма екен? Шынымен де барша қоғам табынатын ұстаздарға жол көрсететін, сүрінгенде демеу болатын, іздеген жоғын тауып беретін қамқоршы жандар бар екенін бірі білсе, бірі білмейді. Кез-келген жаратылыс кішкене бөлшектерден құралып, үлкен дүниені құрайтыны табиғи құбылыс болса, қоғамда да дәл сондай. Әрбір мекеменің бастауы ауылдан басталып, ауданға, аудан облысқа, облыс республикаға қарайды. Сол секілді ауданымыздағы барлық білім беру мекемелеріне  Ойыл аудандық білім бөлімі басшылық жасайды. Білім бөлімінің үлкен  міндеттері мен жауапкершілікті жүктеген шағын ұжымы бар. Сырттан қараған адамға келген – кеткен хаттарға жауап беріп, үздіксіз қағаз жазып отыратын мекеме қызметкерлерінің негізгі жұмысы – мұғалімдер мен оқушылардың білім сапасы, жетістігі, әр саладағы табыстары, аудандық білім саласының тыныс-тіршілігі.  Осы ұжым арасында аудандағы барлық ұстаздардың еңбек жолын ғана емес, отбасы жағдайына дейін жатқа білетін,  еңбек жолын мұғалім ретінде бастап, аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары қызметіне дейін жеткен білікті маман бар. Ол — Сәндігүл Өткелбаева.

Сәндігүл Аманжанқызы 1961 жылы 28 сәуір күні Ақтөбе облысы Ойыл ауданы, Ойыл селосында дүниеге келген. 1983 жылы А.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын физика және математика пәні мұғалімі мамандығы бойынша бойынша аяқтады. Еңбек жолын 1983 жылы Ш.Берсиев атындағы орта мектепте физика және математика пәні мұғалімі болып бастап, 1985-1993 жылдар аралығында аудандық оқушылар үйінің директоры қызметін атқарды. 1993 жылдан білім бөлімінің ұйымдастыру және кадрлармен жұмыс жөніндегі  бас маманы лауазымы қызметіне орналасты. Осы қызметте 24 жыл мүлтіксіз атқарып, 2017 жылдың наурыз айында бөлім басшысының орынбасары қызметіне тағайындалды.

Сәндігүл Аманжанқызы — тәуелсіздік жылдары білім саласында болған барлық өзгерістердің ауданның білім беру сапасында жүзеге асуына ұйтқы болған, жаңару бағытындағы реформалардың куәгері. 24 жыл еңбек жолында аудандық білім беру саласына өз ізін қалдырған, республика көлемінде танымалы ардагер ұстаздармен қатар жүріп жинаған кәсіби іс-тәжірибесі ұстазға өмірлік қазына болды.

Ойыл ауданының білім саласындағы табысты бастамаларға ұйытқы болып, педагог кадрлардың кәсіби өсуіне, шығармашылықпен айналысып, педагогикалық жетістіктерге жетуіне басшылық жасап, ауданымыздың білім беру ұйымдарында кәсіби білікті мамандар тобының шоғырлануына ықпал етті. Тәжірибелі қызметкер ретінде білім саласында еңбек жолын жаңа бастаған жас мамандарға сапалы жұмыс жасап, табысты қызметкер болудың жауапкершілігін үйретіп, бағыт-бағдар беріп тәлімгерлік етеді. Өзіне жүктелген міндеттерді  жүзеге асыруда уақыт пен ресурстарды тиімді пайдалана отырып, негізгі басымдылықты талапқа сай анықтап, басты мақсатқа жетуде, өзекті мәселелерді шешуде жаңашыл, инновациялық әдістерді зерделейді әрі орынды қолданады.

Ұстаз — бір отбасының отанасы. Отбасы мен мектептегі міндетін қатар алып жүру үшін ұстаздарға көп қолдау мен көмек керек. Отбасы жағдайында болатын түрлі келеңсіздіктер кезінде де алдына ашумен келген мұғалімге тоқтау айтып, адамгершілік  тұрғыдан ақыл-кеңесін аямай, талай отбасының сақталуына да себепкер болды. Сәндігүл Аманжанқызының бөлім басшыдан кейінгі барлық істі тындырып, әр істі өз дәрежесінде жүйелі жүргізетін біліктілі — маманның кәсіби шеберлігінің айғағы. Жай мұғаліммен қатар мекеме басқарып отырған білім беру ұйымдарының жас басшыларына да ұжыммен жұмыс жасауда кеңес беріп, қызметтерінің табысты болуына қолұшын тигізіп отырады. Жұмыс барысында кездесетін күрделі кикілжіңдерді де шешуде әділ шешімін айтып, бағыттап отырады.

Келешек ел басқарар, жер басқарар, еліміздің дамуын, көркейіп, гүлдендіретін жас ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздардың еңбегін бағалауда да  әр ұстаздың қызметін саралап, жан-жақты қарап зерделейді. Ардагер ұстаздардың мектептің қоғамдық ролінде беделінің артуына жағдай жасап, үздіксіз байланыс жасауды дәстүрге айналдырды.

Бүгінгі күнде ауданымыздың қоғамдық, мәдени, саяси өміріндегі облыстық, республика деңгейде аталып өтетін түрлі шараларды ұйымдастыруда жетекшілік етіп, әр істің сапалы аяқталуына ұйытқы болып отырған білікті маман.

Өз кәсібіне жан-тәнімен беріліп, жүрек жылылығымен, адамгершілік ұлылығымен ұстаздар мәртебесін көтеруде үздіксіз 35 жыл білім саласында еңбек еткен ұстаздардың ұстазы  — Сәндігүл Аманжанқызын кәсіби мерекесімен құттықтаймыз.

Ойыл қазақ орта мектебінің ұжымы.

Басқа жаңалықтар