Басты тақырып

Еңбек-ертеңгі күннің шартты кепілі

Өндірісі, теміржолы жоқ ауданымыздың ең өзекті мәселесі де халықты жұмыспен қамту. Тек ауылшаруашылығымен айналысатын өңірде табақтай дипломы болса да, көптеген маман иелері жұмыссыз жүр. Бәріне бірдей қызмет ұсынуға ауданның әлеуеті көтермейді. Сондықтан соңғы жылдары әр жиындарда жастардың мамандық таңдауына бағыт беріліп келеді. Демек мамандық та жергілікті тыныс-тіршіліктің тамырымен бір болуы керек. Осыған қарамастан екі қолға бір күрек табылатын табыстың көзін іздеу ұдайы қарастырылуда. Бұған жергілікті әкімдіктен бастап, мекеме басшылары, шаруа қожалық иелері жұмыссыздар санын азайтуға күш салады. Жиі-жиі жұмыс жәрмеңкелері ұйымдастырылып, жұмыс беруші мен жұмыс жасаушы қос тарапты табыстыратын шаралар осының дәлелі.

Сондай ірі жұмыс жәрмеңкесі жұма аудан орталығында өтті. Енді аз күнде көктемгі науқан басталады. Осы кезде жыл бойына жұмысын жүргізуші кәсіп иелері, шаруа қожалықтары малшы, тракторшы секілді мамандардың, тіпті қара жұмысшының күшіне тәуелді болады. Аудандағы барлық жұмыс беруші тарап пен жұмыссыздардың басын қосқан бұл кездесуде 100-ден аса адам қабылданды. Әр ауылдық округтерден барлығы 90 шаруа қожалығы мен кәсіпкерлер арасында 172 еңбек шарты жасалды.

Міне, жиынның негізі мақсаты да осы жұмысшылардың еңбек шартының қорғалуына, тиімді жалақымен қамтылуына негізделген. Қазір жұмыс тапқанымен кейбір жерде еңбек шарты сақталмай заң бұзушылықтар, келіспеушіліктер болып жатады. Екі жақтың ауыз екі келісімі түбінде ештеңеге кепіл бола алмайды. Ал жұмысшының кепілі — еңбек шарты. Болашақта алатын зейнетақының көлемі де істеген жылдары мен еңбек өтіліне байланысты. Әр жұмысшы өз құқығын білуі керек. Еңбегіне сай ақысын тұрақты алып отыруы тиіс. Осыған байланысты облыстан арнайы келіп қатынасқан бірқатар сала басшылары мен өкілдері қазіргі қолданыстағы еңбек заңдарының маңызы мен мәнін түсіндірді. Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысы Бауыржан Оразбаев, аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасының орынбасары Жеңісбек Ақбергенов, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының орынбасары Динара Достанова және облыстық ауылшаруашылық кәсіподағының төрағасы Тұрақбай Сұлтанғалиевтер қарапайым жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы сақталатын талаптар мен міндеттерді пысықтады.

Жәрмеңкенің қорытындысы бойынша 48 адам уақытша сипаттағы қоғамдық жұмыстарға, 28 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 3 адам жастар тәжірибесінен өтуге, 26 адам тұрақты жұмыс орындарына жолдама алды.

Жұмыс жәрмеңкесін қорытындылаған аудан әкімі Бұлбұл Күзембаева жұмыспен қамтамасыз етіп қана қоймай оның әрі қарай құқығы, еңбек ақысы сақталуын қамтамасыз етуге тапсырма берді.

«Еңбек шарты ертеңгі -күннің кепілі. Әрбір шаруақожалық иесі, әрбір жұмыс беруші жұмысшыларының жағдайын жасаса онда барлық жұмысшының жағдайы жақсарады. Ал зейнеткерлікке шыққан адамдардың орнын басатын жастарды бұл жұмысқа баулу керек. Дипломы бар қаншама адам жұмыссыз жүр. Бәріне бірдей табыла бермейді. Дипломы болса да ауылға келіп жеке қожалығын жандандырып, ауылшаруашылығын дамытуға үлес қосып отырған Көптоғай селолық округі Амангелді ауылындағы жас жігіттер Дулат, Самғат Түрікпеновтердің жұмысына ризашылығымды айтамын» — деген аудан басшысы сол жастардың ісін көпке үлгі етті.

Жиында сөз алған еңбек ардагері Ғазиз Займолдаұлы ауданымыздың ауылшаруашылыққа қолайлы тұстарын тізіп, еңбекшілерді ынталандыру керектігін баса айтты. Қызылорда облысындағы шаруа ауылдардың істерін көзімен көріп келген ол, ондағы тиімді істерді біздің ауданда да жасауға әбден болатынын дәлелдеді.

Жұмыс жәрмеңкесінің соңы марапатқа ұласты. Ауданда шаруа қожалықтарын жаңа талапқа сай ұстап, жұмысшылардың үй-жайын, еңбек ақысын толыққанды қамтамасыз еткен кәсіпкерлерге аудан әкімінің алғыс хаты табысталды.

«Сабақты иен сәтімен» дегендей, бұл жиында жергілікті еңбек ардагерлерінің ұсынысымен, облыстық ауылшаруашылық кәсіподағының төрағасы Тұрақбай Сұлтанғалиевтің қолдауымен ауданымызда алғаш рет ауылшаруашылық салалық кәсіподақ ұйымы ашылды. Оның төрағасы болып бірауыздан кәсіпкер Исатай Берғалиев сайланды.

Самат НАРЕГЕЕВ,

Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар