ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып
Эвакуациялық пунктте шахматтан жарыс өтті
Ақтөбедегі гуманитарлық колледж жатақханасындағы эвакуациялық пунктте балалар арасында шахматтан турнир өтті. Жарысты өткізуге қалалық қоғамдық штаб мүшелері мұрындық болды. Мақсат — балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру.
— Гуманитарлық колледж жатақханасы — қаладағы ірі эвакуациялық пункт. Бұл жерде 300-ге жуық адам тұрып жатыр. Оның қырық пайызы — балалар. Бүгін мереке қарсаңында шахматтан жарыс өтуде. Жас ерекшеліктеріне қарамастан, балалар белсенді түрде қатысып жатыр. Қандай жағдай болмасын бірінші кезекте балдырғандарға көңіл бөлінеді. Алдағы уақытта осындай сайыстарды әйелдер арасында ұйымдастыру жоспарда бар, — деді қалалық мәслихат төрағасы Анар Даржанова.
Жарысқа балалар ерекше ықыласпен қатысты. Олар жас ерекшеліктеріне қарай сынға түсті. Балаларының жарысын қызықтап тұрған ата-аналарды сөзге тарттық. Балжанай Орынбасарова ұлы Аманжолдың қатысып жатқанын айтты.
— Осы жатақханада жатқанымызға бір ай болды. Барлығы бар, жағдайымыз жасалған. Тамақ уақытында беріледі. Балаларымыздың да бос уақыты тиімді ұйымдастырылып жатыр. Алайда өз үйіңдей болмайтыны анық. Сондықтан сабырмен күтеміз. Бүгін, міне, балаларға арналып жарыс өткізіліп жатыр. Бұл да көңілімізді көтеріп тастады. Ұлым сайыс болады дегеннен дайындалып жүрді, — дейді Балжанай.
Балалардың ойынын қоғамдық штаб мүшелері де тамашалады.