Экономика

БІРЛІК ПЕН БЕЙБІТШІЛІК НЕГІЗІ

Өңірлік коалиция мүшелері «Геом» ЖШС жұмысшыларымен кездесті. Оған қалалық мәслихат депутаттары және қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.

Алдымен қалалық мәслихат депутаты Абай Сақтағанов сөз сөйлеп, жаңа Конституциялық жобаның мазмұнын халыққа түсіндірді.
— Жаңа Конституция жобасы — мемлекет пен қоғамның бірлескен еңбегінің жемісі. Мұнда ұлттық құндылықтарға, білім мен ғылымға, цифрландыруға басымдық берілген. Бүгінде білімді жастарымыз робототехника, жасанды интеллект саласын еркін меңгеріп, әлемнің алпауыт елдерімен бәсекелестік орнатып жатыр. Бұл — қуантарлық жайт. Бұлардың барлығы адам капиталына келіп тіреледі. Осы аталған құндылықтар мемлекет тарапынан қолдау тапса, адал әрі өркениетті қоғам қалыптасары сөзсіз, — деді ол.
Ал Әзірбайжан диаспорасы төрағасының орынбасары Видади Фарзалиев Халық кеңесін құру — жалпыұлттық бірлік пен ынтымақтастықты нығайтатынын айтты.
— Жаңа Конституция жобасы — уақыт талабына сай жаңарған маңызды құжат. Әсіресе Халық кеңесін құру ұлтаралық қатынасты нығайтып, халықтың мүдделерін бір арнаға тоғыстыратын маңызды шешім деп санаймын. Ата Заңның 9-бабында Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі — қазақ тілі екені айтылған. Бүгінде Әзірбайжан диаспорасында 1500-нан астам адам бар. Олардың ішінде қазақ тілін үйреніп жүргендер де баршылық. Қазір «Қоғамдық келісім» ғимаратында қазақ тілін оқытатын курстар ашылды. Елімізде Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамытуға жағдай жасалған. Сондықтан әрбір азаматпен диалог орнатып, жаңа Ата Заңның маңызын түсіндіруге атсалысамыз, — деді ол.
Кездесу соңында «Геом» ЖШС жұмысшылары өңірлік коалиция мүшелеріне сұрақтарын қойды. Жиналғандар ұлттық қауіпсіздікті, ел бірлігі мен қоғамдық келісімді сақтау баршаға ортақ міндет екенін айта келе, жалпыұлттық референдумнан тысқары қалмауға сенім білдірді.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Related Articles

Back to top button