«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!»

Ойыл аудандық коалициясы мүшелері Ойыл ауданындағы психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті ұжымымен кездесу өткізді. Кездесудің басты мақсаты – жаңа Конституция жобасының әлеуметтік салаға, соның ішінде ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қолдау бағытындағы нормаларын түсіндіру болды.
Басқосу барысында Ата заңда әрбір азаматтың тең құқығы, сапалы білім алуға және әлеуметтік қорғауға қол жеткізу мүмкіндігі айқындалғаны атап өтілді. Әсіресе, инклюзивті білім беру, балалардың құқықтарын қорғау, мемлекеттік қолдау шараларын күшейту мәселелері кеңінен сөз болды. Бұл бағыттағы жаңашыл нормалар – қоғамдағы әділеттілік пен тең мүмкіндіктер қағидатын нығайтуға бағытталғаны айтылды.
Психологтар мен дефектолог мамандар өз тәжірибелерімен бөлісіп, ерекше балалармен жұмыс істеудің маңызын жеткізді. Коалиция мүшелері мұндай әлеуметтік маңызы зор қызметтің мемлекет тарапынан әрдайым қолдау табуы тиіс екенін атап өтті.
Кездесу ашық әрі мазмұнды диалог форматында өтті. Қатысушылар өз пікірлерін білдіріп, алдағы референдумның ел болашағы үшін жауапты қадам екенін атап өтті.









