ӘлеуметБасты тақырыпРухани жаңғыруСпорт
Ауылшаруашылығы қызметкерлерінің күні еңбек майталмандарына құрмет!
СӘЛЕМДІ МАЛДЫҢ АМАНДЫҒЫМЕН БАСТАЙТЫН ҚАЗАҚ ҮШІН АУЫЛ ҚАШАНДА БЕРЕКЕНІҢ БАСТАУЫ! ОҒАН МЫСАЛДЫҢ МЫҢ САНЫН КЕЛТІРУГЕ БОЛАДЫ. АЛ, БҮГІНГІ КҮНІ ХАЛЫҚТЫҢ ӘЛ-АУХАТЫМЕН ӨНІМ САПАСЫНЫҢ ЖАҚСЫ БОЛУЫ - АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ДАМУЫМЕН ТЫҒЫЗ БАЙЛАНЫСТЫ. ЕЛДІГІМІЗДІ ЕСЕЛЕП, МЕМЛЕКЕТТІГІМІЗДІ НЫҒАЙТҚАН ОСЫ ЖЫЛДАРДЫҢ ІШІНДЕ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫ МЕМЛЕКЕТТІҢ ҚОЛДАУЫНЫҢ АРҚАСЫНДА ЖАҢА ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРІЛІП ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫН ДАМЫТУ МЕН АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫН АРТТЫРУДАҒЫ ЖЕТЕКШІ КҮШКЕ АЙНАЛДЫ. МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАСЫМ ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ХАЛЫҚҚА АРНАЛҒАН КЕЗЕКТІ ЖОЛДАУЫНДА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МӘСЕЛЕСІН КӨТЕРДІ. ЖАЛПЫ, АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНЫҢ БАСТЫ МІНДЕТІ – ЕЛІМІЗДІ НЕГІЗГІ АЗЫҚ-ТҮЛІК ӨНІМІМЕН ТОЛЫҚ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ЕКЕНІН АТАП КЕРСЕТТІ. СОНДЫҚТАН, ОСЫНДАЙ ЕСЕЛІ ЕҢБЕКТІҢ МАЙДАНЫНДА ЖҮРГЕН МАЙТАЛМАНДАР ҚАНДАЙ ҚҰРМЕТКЕ ДЕ ЛАЙЫҚ! ҚАШАННАН ТӨРТ ТҮЛІГІ ТЕҢ ӨРГЕН ОЙЫЛ ҮШІН АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНДІРІСТІҢ ӨЗЕГІ. ТІРШІЛІКТІҢ КҮРЕ ТАМЫРЫ.
Өткен жұмада Ойыл ауданында ауылшаруашылығы қызметкерлерінің күні аталып өтті. Алдымен аудандық Мәдениет Үйінде салтанатты жиын өтіп, еңбек озаттары марапатталды. Ауылдың түтінін түзу ұшырып отырған еңбеккерлерге ізгі лебізін жолдаған аудан әкімі Асқар Қазыбаев ең бірінші «Мұрагер» шаруа қожалығының басшысы Өркен Ақеділовке Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің алғыс хатын, ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіби мерекесіне орай ауданның ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін және бір топ кәсіпкер мен шаруа қожалықтарының жетекшілеріне Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Жақсығали Иманқұловтың Алғыс хатын табыстады. Ал, ауданның ауылшаруашылығы саласының еңбек ардагерлерінің кеудесіне «Ойыл ауданына 100 жыл» мерекелік медалын тақты. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай, ауыл шаруашылығы саласына қосқан зор үлесі және қажырлы еңбегі үшін шаруа қожалық қызметкерлері әртүрлі номинациялар бойынша марапатталды. Салтанатты шара соңы концертке ұласып, еңбек майталмандары мерекелік дастарханда бас қосты.
Мерекелік жәрмеңке бағасы әлдеқайда төмен болды
Ауылшаруашылық күні қарсаңында ауданымызда ауылшаруашылық жәрмеңкесі өткізілді. Жергілікті шаруалар мен өзін-өзі қамтушы азаматтар тұрмысқа қажетті азық-түлік өнімдерін нарықтағы бағадан арзандатылған бағамен сатты. Жәрмеңкеде нан өнімдері, ет, құрт, құртмай, айран, қымыз және бау-бақша өнімдердің түр-түрі болды. Тарқатып айтсақ, Сарбие ауылдық округі литрі 1200 теңгеден шұбат пен килосы 1800 теңгеден қой етін сатты. Қаракемер елді мекені қашар етін 1800 тг әкелсе, Көптоғай ауылдық округі қой етін 1800 тг ұсынды. Ш.Берсиев атындағы ауылдық округі қой еті-1700, тары-1200, талқан-500, құртмай-1200 тг, құрт-400 теңге, Көптоғай ауылдық округінен «Мәтжан» шаруа қожалығының шұбаты 1250, тарысы 1000, талқаны 1200, алмасы 500 теңге болды. Қараой ауылдық округі «Ғайша» жеке кәсіпкерлігі қаз еті — 3 кг 10 000 тг, «Береке-2» шаруа қожалығы құрт, құртмай, ірімшік, талқан, тары, айран өнімдерін әкелді. «Теңдік» шаруа қожалығы қой етін – 1800 тг саудалады. «Мұрагер» шаруа қожалығы картоп өнімін 150 теңгеден сатты. Талтоғай жайлау қымызын 1500 тг ұсынды. Екпетал ауылының асқабағы 300, қаз еті – 10 000 теңге, балы 2000 теңге. Ойыл ауданының шаруа қожалықтарынан «Ерұлан» шаруа қожалығы сүзбе 600, айран 400 теңгеден сатты. «Siko sushi» нан, торт өнімдерін әкелді. Басқа да өзін-өзі қамтушы азаматтар өз өнімдерін ұсынды. Аудан әкімі Асқар Қазыбаев жәрмеңкені аралап, ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілермен сөйлесті. Жәрмеңке де табиғи таза және сапалы өнімдерге аса мән берілген. Ауылдық округтегі шаруа қожалықтар арнайы тігілген ағаш үйде жәрмеңкеге келушілерге ыстық шай, қуырдақ, бауырсақ, палау сынды тағамдарын ұсынды.
Ат үстіндегі ұлттық ойын түрлері ауыл шаруашылығы қызметкерлеріне арналды
Сол күні түс әлетінде Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне орай аламан бәйге, тай жарыс және ат үстіндегі ұлттық ойын түрлері өтті. Аламан бәйге мен ат үстіндегі ұлттық ойын түрлерін тамашалауға келген адам қарасы көп болды. Құйрық-жалы таралған сәйгүліктеріміз әп дегеннен дүбірлі доданы қыздыра түсті. 18 шақырымдық бәйге басталғаннан-ақ тұлпарлар бірі-біріне шаң қаптыра шаба жөнелді. Нәтижесінде мәреге Жандос Галиякбардың «Жедел» атты тұлпары бірінші болып жетті. Ал, екінші орын бәйге басынан алдыңғы үштікте қатарласа шапқан Ғалым Көңілқосовтың «Көгершін» атты сәйгүлігіне бұйырды. Мәреге үшінші болып Мұхит Рахатовтың «Ақтабан» атты тұлпары келді. Тай жарыстан жаңадан жаратылып, бәйге алаңына алғаш рет тұяғы тиіп жатқан тайлар көпшіліктің көңілінен шықты. Нақтырақ айтсақ, оқ бойы оза шапқан Қалдыбай Абуовтың «Жауынгер» атты тайы мәре сызығынан бірінші болып өтсе, Мұхит Рахатовтың «Хабар» атты тайы араға ұзақ уақыт салмай мәреге екінші болып жетті. Мәреге сызығына атына заты сай Манарбек Мырзаханұлының «Найзағай» атты тайы үшінші болып келді. Ат үстіндегі ұлттық ойын түрлеріне тоқталсақ, бойында намысы қайнаған, білекті де, тақымды жігіттеріміз аударыспақтан сынға түсті. Бұл сайыс өте тартысты болды. Жиылған көпшілік әр спортшыны қызу қолдап отырды. Палуандарымыз қарашаның қара суығын елеместен ат үстінде киімсіз күресті. Әрбір палуан бір-біріне есе жіберіп алмауға тырысты. Нәтижесінде қарсылас шыдатпаған берсиевтік Ринат Смағұлов бірінші орынды жеңіп алды. Ринатпен ақтық бәсекеде кездескен Дәурен Жауғаштиев күтпеген жерден атынан аударылып түсіп, екінші орынды місе тұтты. Ал, үшінші орын Дастан Жауғаштиевке бұйырды. Ат үстіндегі ұлттық ойын түрлерінен жиылған жұртшылықтың қызу қолдауына ие болған теңге ілу сайысы бойынша Еркебұлан Егізбаев үшінші орынды қанжығаласа, тамаша өнерімен көзге түскен Төремұрат Мұқатаев екінші орынды еншіледі. Аталған додада Ерұлан Қанатовқа тең келер ешкім болмады. Осындай ат тұяғы дүбірлеген додаға ауданның атымтай азаматтары демеушілік көрсетті. Атап өтсек, Марат Арыстанов, Еламан Мұқанғалиев теңге ілуге Сәндібек Дәулетқалиев аударыспаққа қаржылай демеушілік көрсетті. Жеке кәсіпкер Қуаныш Қыстаубаев жас шабандоз жеті жастағы Қуаныш Жандосұлына 70 мың теңге демеушілік көрсетті.
P.S. Бап пен бақ қатар сынға түскен аламан бәйге мен тай жарыста шашасына шаң жұқтырмай шапқан тұлпарларымыз сүрініп қап жатты. Мәре сызығына қарға адым сәтте сүрінген сәйгүлігіктерге көз тиді дегендер де болды. Алайда атбегілердің арасында сәйгүліктеріміздің бәйге ге жаратылуы кем, бұл жерде асығыстық байқалады деген сөздерінің де жаны бар сыңайлы. Демек, бұл біздің өңірдегі ат спортының кенже қалып отырғанының көрінісі десек артық айтқандық емес. Ал, атбегілер мен ат спорты жанкүйерлерінің тілегі осындай ат үстіндегі ұлттық ойын түрлерін ауданымызда әлі де жандандыра түссе дейді.
Арнаулы тілшілер,
Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Гаухар АЛЕКСЕЕВА.