«НАУРЫЗНАМА» — «КӨРІСУДЕН» БАСТАУ АЛДЫ
Халқымыздың Наурызды тойлауы бірнеше күнге ұласқан. Оны «Наурызнама» деп атаған. Бұл туралы деректер тарихи шығармаларда жиі кездеседі. Соған орай ұлттық рухани құндылықтарға негізделген 14 – 23 наурыз күндері аралығындағы әр күнді қазақтың салт-дәстүрімен, ұлттық болмысын ашып көрсетуге бағытталған «Наурызнама» тұжырымдамасы бекітілді.

14 наурыз күні таң ата көрші-көлемге көріскен жастар үзілмеген дәстүрдің үлгісі. «Жаңа жасың құтты болсын!», «Бір жасыңмен!», — деп үлкендер бата берсе, көшеде де төс қағыстырып жатқан ағайындар да ақ тілектерін ақтарып жатыр. Ойылда «Наурызнама» тұжырымдамасына сәйкес он күндіктің алғашқы мейрамы «Көрісу күні – Амал мерекесі» аудандық мәдениет үйінің алдында «Көрісу — жүректерді жақындатар күн!» атты мәдени-көпшілік шарасынан бастау алды. Мекемелер және көше тұрғындарының ұйымдастыруымен өткен Көрісу күні шарасында Ойыл ауылдық округі әкімі Рүстем Темірұлы жұртшылықты құттықтап, сөз сөйледі. Әлі де ызғары қайтпаған ауа-райын елемеген халық көже ішіп, әртүрлі көріністерді тамашалады. Шара барысында аудан өнерпаздары көріністер көрсетіп, концерттік бағдарламаға ұласты. Шара соңында ұлттық спорттық ойындардан жарыстар ұйымдастырылды.




