ӘМІРБЕК РАХИМОВ – «ҚАЗАҚСТАН БАРЫСЫ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИРІНІҢ ЖОЛДАМАСЫН ЖЕҢІП АЛДЫ!
Өткен демалыс күні Ақтөбедегі «Жекпе-жек» спорт кешенінде қазақ күресінен өткен «Ақтөбе Барысы» облыстық іріктеу турнирі өз мәресіне жетті. Бұл жарыс – ұлттық спорттың мәртебесін арттырып, палуандардың шеберлігін шыңдайтын маңызды дода ғана емес, сонымен қатар “Қазақстан Барысы – 2026“ республикалық турниріне үздіктерді іріктеу кезеңі.

Турнирге облыстың әр өңірінен 14 үздік палуан қатысып, боз кілемде өзара мықтыны анықтады. 2026 жылы өткен қазақ күресінен «Қазақстан барысы» республикалық турниріне Ақтөбе облысының іріктеу жарысында Ойыл ауданының намысын екі палуан – Әмірбек Рахимов пен Қуанышбек Қазанғалиев қорғады.
Дүбірлі додада бозкілемде төрт рет белдескен Әмірбек Рахимов жоғары шеберлік танытып, қарсыластарының бәрін айқын басымдықпен жеңді. Ақтық белдесуде байырғы «қарсыласы» ақтөбелік Ерасыл Амангелдімен кездесіп, таза жеңіске жетті. Сөйтіп екеуі 15 тамыз күні Астана қаласында өтетін «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің финалдық кезеңіне жолдама жеңіп алды. Осылайша Ойылдың абыройын асқақтатқан палуан Әмірбекті жарқын жеңісімен шын жүректен құттықтаймыз! Алда өтетін республикалық турнирде жеңіс тұғырынан көрініп, енді Ойылдың ғана емес, облыстың намысын абыройлы қорғап, сенімін ақтауына тілектеспіз!
Айта кетейік, еліміздің ең үздік балуандары бас қосатын дәстүрлі «Қазақстан барысы» турнирінің финалдық кезеңі 15 тамызда биыл да Елордада өтеді.
Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл селосы.



