Спорт
Көкпар намыстың ойыны
ЖУЫРДА ТӘУЕЛСІЗДІК МЕРЕКЕСІ ҚАРСАҢЫНДА ӨТКЕН КӨКПАР ДОДАСЫНА АҚТӨБЕ «КӨКПАР» ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ, ОБЛЫСТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ МҮШЕСІ, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР ФАРХАТ СӘРСЕНБАЙҰЛЫ АРНАЙЫ ҰЙЫТҚЫ БОЛДЫ.
Біз көкпар басталмас бұрын Фархат Сансызбаймен арнайы тілдескен едік. Ендеше Фархат Сансызбаймен болған әңгімеге тоқталсақ: «Ойыл ауданында ат спорты соңғы жылдары ілгері дамып келеді. Оның басты куәсі аударыспақтан республика деңгейінде топ жарып жүрген Ринат Смағұлов, Қуанышбек Төлегенов сынды жігіттердің өнері. Көкпаршыларға қолдау көрсету мақсатында Оңтүстік Қазақстан облысынан арнайы ат әбзелдерін әкелдім. Оған қоса ұлттық спорттың, оның ішінде ат спортының аясын кеңейтіп, оны халық арасында кеңірек насихаттау мақсатында қаржылай көмегімді де көрсетіп отырмын. Ендігі кезекте көкпарға тоқталсам, ол жігіттеріміздің тақымынан серкені бермеуі емес, қолдан намысты бермеуге ұлттық рухты көтеруге тәрбиелейді. Сондықтан ат спортының қай-қай түрін болмасын өңірімізде дамыту біздің рухани жаңғыруымыздың айғақты көрінісі болмақ», — дейді.
Әрі қарай жалғасақ, Көкпардың ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев жиылған жұртшылықты Тәуелсіздік күнімен құттықтап, барша көкпаршыларға сәттілік тілесе, Амантұрлы ақсақал ат спортын ұлықтап, атқа қонған азаматтарымызға ақ батасын берді. Амангелді, Қаракемер және Ақтөбе облысынан арнайы келген көкпаршылар арасынан алғашқы салымды қаракемерлік Қуанышбек Төлегенов салды. Көкпар алаңында 15 сәйгүлікті тақымына қысқан көкпаршылар 2 сағат бойы бақтарын сынады. Көкпаршылар әр салымды салған сайын ат спортының жанашырлары демеушіліктерін тоқтатпады. Ақтөбе «Көкпар» федерациясының президенті Фархат Сәрсенбайұлы мен жергілікті ат спортының жанашырлары жалпы саны отызға жуық салымға демеуші болды. Желтоқсан айының қақ ортасы болғанымен көкпар додасының дүбірлей өтуіне ауа райы да қарасып тұрды. Ашық аспан астында ат үстінде бойында намыс оты қайнаған жігіттеріміз расында қазақ деген ұлттың нағыз қайсарлығын көрсете білді.
P.S.
Тағы бір айта кетерлігі, ұлттық спортты насихаттап жүрген көкпаршыларға ризашылығын білдірген Ойыл ауылдық округі әкімдігі түскі аспен қамтыды.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.