«ҚАЗАҚТЫҢ ДӘМІ — БАЛ ҚЫМЫЗ!»
Ойыл аудандық белсенді ұзақ өмір сүру орталығының ұйымдастыруымен ұлттық құндылықтарды ұлықтау, салт-дәстүрді насихаттау және салауатты өмір салтын дәріптеу мақсатында «Қазақтың дәмі — бал қымыз!» атты танымдық кездесу өтті. Шараның қонағы – «Сираж» шаруа қожалығының иесі Еркебұлан Сиражов болды.

Кездесу барысында Еркебұлан Мұханбетжанұлы халқымыздың ғасырлар бойы қастерлеп келген қымыздың қадір-қасиеті, оның адам денсаулығына тигізер шипалық әсері, дайындалу ерекшелігі және ұлттық мұрамыз ретіндегі орны жайында тағылымды әңгіме өрбітті. Ол ата-бабадан аманат болып жеткен жылқы шаруашылығы мен қымыз өндіру дәстүрін сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізіп жүрген азамат ретінде маңызын ерекше атап өтті. Ұлттық сусынның тек тағам ғана емес, қазақтың тұрмыс-тіршілігімен, мәдениетімен және рухани болмысымен біте қайнасқан асыл мұра екендігіне тоқталды.
Іс-шараның мазмұнын толықтыра түскен Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейінің қызметкері Дана Жолдасқызы арнайы әзірленген көрмені таныстырып, қымыз мәдениетіне, жылқы түлігіне және халқымыздың бай этнографиялық мұрасына қатысты тарихи жәдігерлер туралы мағлұмат берді. Көрме қатысушылардың ұлттық тарихқа деген қызығушылығын арттырып, ата дәстүрдің өміршеңдігін айшықтай түсті.
Кездесу еркін пікір алмасу форматында жалғасып, орталықтың қатысушылары өздерін толғандырған сауалдарын қойып, мазмұнды әрі тұшымды жауаптар алды. Әңгіме барысында үлкендердің өмірлік тәжірибесі мен қонақтың өнегелі ойлары сабақтасып, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, табиғи өнімнің қадірін бағалау және саламатты өмір салтын ұстану төңірегінде келелі пікірлер айтылып ЕркебұланМұханбетжанұлының ұсынған қымызынан дәм татты.
Шара соңында қатысушылар ақжарма тілектерін білдіріп, ақсақалдар ақ батасын берді. Бұл кездесу ұлт мұрасын ұлықтап, ата кәсіптің абыройын асқақтатуға, сондай-ақ кейінгі буынның ұлттық тағамға деген құрметін арттыруға бағытталған тағылымды басқосу болды.
Іс-шараның қорытындысында Ойыл аудандық белсенді ұзақ өмір сүру орталығының атынан Сиражов Еркебұлан Мұханбетжанұлына ұлттық мұраны дәріптеуге, ата кәсіпті дамытуға және салауатты өмір салтын насихаттауға қосқан үлесі үшін Алғыс хат пен естелік сыйлық табысталды.



