Жаңалықтар

Бау-бақшаның білгірі немесе «Спартактың қарбызы» қалай брендке айналды?

Ойылдық Спартак Төремұратовтан сұхбат алатынымды естігенде әріптесім: «Қазір базарда қауын-қарбыз толып тұр, бірақ дәмі қыркүйекте шығатын Ойылдың қауын-қарбызының дәміне жетпейді. Соны отбасымызбен іздеп жүріп сатып аламыз. Солар қалай тәтті қылып өсіреді екен?» деді. «Бұл сұраққа жауапты менің кейіпкерімнен білеміз», — дедім. Ал, кеттік ендеше…

Ойылдың өнімі неге тәтті? 

Спартак дегенде ойыма бірден Ежелгі Римде еркіндік үшін күрескен әйгілі гладиатор түсті. Ал Ойылдың Спартагы — Спартак Төремұратов өз «майданын» атыз басында жүргізіп, жеңісін де, жемісін де сол жерден тауып отыр. Оның қаруы — кетпен, серігі — еңбек, ал жеңісі — жұрт іздеп жүріп алатын Ойылдың қауын-қарбызы.

— Туған жерім —  Ойылдың Саралжыны. Мектепті үздік бітіріп, Орынбор ауыл шаруашылығы техникумында зоотехник мамандығы бойынша білім алдым. Совхоздар ыдырап, талан-тараж болған тұста менің мамандығыма сұраныс болмай қалды да, Ақтөбе қаласында бес-алты жылдай әр салада жұмыс істеп, 2000 жылы ауылға келдім. Біздің ауыл Ойыл және Қиыл өзендерінің сағасында жатыр. Су мол. Бос жатқан жер де жетеді. Неге осындай мүмкіндікті пайдаланып, бау-бақша екпеске деп ойладым. Бұрын ауылға кәрістер келіп, қауын-қарбыз егетін. Жақсы шығатын. Содан осы іске іштей бел байладым, — дейді «Спарта» шаруа қожалығының басшысы, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» Спартак Төремұратов.

Спартак Төремұратовтың зайыбы Жанат Қожантаева Қызылорда жақтан. Қайын атасы қызы мен күйеу баласына қолғабыс етуге келіп, алдымен үш, кейін алты гектарға қауын-қарбыз егеді. Одан кейін тағы бір бағбан туысы келіп, үш жыл бойы бау-бақша егудің қыр-сырын үйретеді. Осылайша Спартак ТөремұратовОйыл табиғатына үйлесіңкіремейтін кәсіпті жолға қояды.

— Біздің жердің, табиғатының өзгешелігі бар, соны ескеру керек. Мен Қызылорда жақтың бау-бақша өсіру әдісін өз жерімізге бейімдеуге бар күшімді салдым. «Қазақ қауын-қарбыз егуді кәсіп қыла ма?» деп күлгендер болды. Өнім шыға ма, шықпай ма деп өзім де уайымдадым. Дегенмен көз — қорқақ, қол — батыр деген, кәсіпті бастап кеттік. Негізі, біздің Ойылда өспейтін нәрсе жоқ, ретін тапсаң, қалағаныңды өсіруге болады екен, — дейді ол.

Спартак Төремұратов 2009 жылы бірінші рет жәрмеңкеге ауыл өнімдерін апарған кезде қауын-қарбыздың Ойылда өсірілгеніне ешкім сенбегенін айтады. Қарбыздың екі түрі, қауынның он шақты түрі, қырыққабаттың брокколи, кольраби секілдібірнеше түрін сөреге шығарғанда: «Қара қауын, күләбі, торпедо дегендерді Ойылда өсіру мүмкін емес, сендер оңтүстіктен әкеліп сатып жатырсыңдар», — деп кекете күлгендер де болыпты.

— Ал енді бүгін Ақтөбе базарларында тұтынушылардың «Спартактың қауыны, қарбызы керек» деп арнайы іздейтінін білемін. Ең дәмдісі, ең қымбаты — менің бақшамның өнімі. Дегенмен өнімнің дәмін ерекше қылып өсіретіндей еш құпиям жоқ, әрине, ешқандай химикат пайдаланбаймын, гербицид, фунгицид дегенді мүлде қолданбаймын, аздап минералды тыңайтқыш — селитра саламыз. Арамшөпті қолмен жұламыз, ал былайынша бау-бақшаны күтіп-баптау жұмысының барлығы жұртпен бірдей сияқты.Мұның бәрі — адал еңбек пен маңдай тердің нәтижесі деп ойлаймын.Бәлкім, бау-бақша жұмысына балалар көмектесетін болғасын тәтті болатын шығар?.. — дейді бағбан.

Спартак Төремұратов тұтынушылар тарапынан әсіресе сары қауынға деген сұраныс көп екенін айтады. Өте тәтті, бірақ сағағынан үзілгеннен кейін бір-екі күн ғана бұзылмай тұратын қауынды жұрт іздеп жүріп алады екен.

— Жұрт бұл қауынның атауы «Жамбылша» дейді, мен тіпті оның атауын да білмеймін. Өте тәтті болғанымен, тез бұзылғыш. Бірақ дәмі таңдайыңнан кетпейді, соған сай бағасы да қымбатырақ. Қазір қауын-қарбыз жайлап пісіп жатыр, піскен бойда үзіп алып, жолға апарып сатып жатырмыз. Жұрт«сабағы қураған болса, шытырлап тұрса, шерткенде дауыс шықса, жақсы піскен қарбыз» деп жатады, орның бәрі бекер сөз. Қарбызды сабағының қасындағыкішкентай ғана мұрты мен жапырағы қурағанда үзу керек. 

Ойылдың қарбыз-қауыны — жергілікті бренд. Оны одан әрі дамыту үшін молырақ егіп, сыртқы нарыққа шығару керек деп есептеймін. Оған біздің қолымыз қысқа. Ойылда қауын өте жақсы өседі. Бірақ оны өткізетін жер жоқ. Бір кездері шетелдік F1 гибридті қауынын егіп көрдім. Сипаттамасында «1,5 келі тартады» деген қауын 3 келі, «3 келі» дегендері алты келі болып пісті. Дәмі де ерекше болды. Бірақ түрі өзгешелеу болғасын ба, дәмі де біздің қауынға қарағанда басқаша болғасын ба — өткізу қиын болды. Дегенмен, өсімтал. Міне, сол өнімді шетелге өткізуге мүмкіндік болса, табысты болар едік, себебі, су бар, жер бар, бағбандар бар, тек өткізетін нарық жоқ. Сол мәселе болып тұр. Ал қазіргі менің бақшамда өсіріп жатқан қауынтез бұзылатындықтан, оны алысқа апарып сата алмаймыз, — дейді ол.

Жиырма гектар жердің өнімі

Бүгінде Ақтөбе базарларында еліміздің оңтүстік өңірлерінде піскен қауын-қарбыз сатылып жатыр.Көп. Жергілікті бағбандардың да қауын-қарбызы олардан кем түспейді. «Спарта» басшысының айтуынша, бүгінде Ақтөбенің түкпір-түкпірінде қауын-қарбыз өсіретіндер баршылық.

— Олардың арасында: «Аға, сіздің кәсібіңізді көріп, біз де бастадық», — дейтіндер бар. Бүгінде «ұстаздан шәкірт озды», кейде мен олардан ақыл сұраймын.

Табиғаттың ерекшелігіне байланысты біздің өнім кештеу піседі. Оған дейін оңтүстік өңірлердің өнімдері сатылады.Олардың өнімі жолда біраз жүретіндіктен, қауын-қарбызды шикілеу қылып үзуге тура келеді, себебі піскен өнім жолда ұрылып, соғылып, тез бұзылып кетеді.

Ақтөбеге көктем ерте келгенмен, топырақ жай қызады. Дән өну үшін топырақтың температурасы 14-градустан жоғары болуы керек. Мен кәсіппен айналысқалы 18 жылда ауа-райы біраз өзгерді: алғашқы жылдары сәуірдің аяғы-мамырдың басында егетінмін, қазір жұмысты мамырдың аяғында бастаймыз, — дейді ол.

Бағбанның айтуынша, биыл толассыз жаңбыр салдарынан жұмыс кешеуілдеп қалған, әрі ара ұшпай, тозаңдану жүрмей, шілдеде пісуі керек өнім тамызда ғана пісіп жатыр екен. Жалпы, ауылшаруашалығы саласы — бірде көл, бірде шөл дегендей, тәуекелге толы сала. 2019 жылы құрғақшылық болып, бағбан бір күнде суаратын жерді жиырма күн бойы суарып, өнім ала алмай, су құмға сіңіп, 15 миллион теңгедей қарызға батып қалыпты. Содан бері ауа райы болжамын жіті бақылап, әр маусымға алдын ала қамдануды әдетке айналдырған. Сырт көзге суы болса, құнарлы жері болса, жұмыс күші болса, бау-бақша өсіру аса қиын шаруа емес сияқты көрінуі мүмкін. Алайда, қарапайым ғана қарға қууға 1-1,5 миллион теңге қаражат жұмсалатынын, қараусыз жүрген малдың әлегін айтса да жеткілікті болар. Дегенмен «шегірткеден қорыққан егін екпейді».

— Тұқымды сатып аламыз, бір қиыны тұқымға қарап, өнімнің сапасы қандай болатынын біле алмаймыз. Былтыр қарбыз тұқымының сапасыз болуына байланысты өнімнің дәмі де, сыртқы пішіні де көңілден шықпады. Тұқымды жеткізуші компания бұған дейін бірнеше жыл бойы өсіріп жүрген, тұтынушылар арасында сұранысқа ие «Ромериа» сұрпының орнына сапасы нашартұқым бергені кейін белгілі болды. Жеткізуші компания тексеру жүргізетінін айтты. Сапасыз тұқымның салдарынан бірнеше жыл бойы қалыптасқан тұтынушылар сенімінен айырылып қала жаздадым. Дегенмен биыл өнімімізді қайта шығара бастағаннан бері тұрақты сатып алушыларымыз іздеп келіп, қашан сатылымға шығатынын сұрап, күтіп жүр. Мен үшін сапа бірінші орында, — дейді бағбан.

Ең алғашқы жылдары үш гектар жерден кәсіп бастаған бағбан бүгінде 20 гектарға өнім егеді. Аумақты одан әрі кеңейтуге мүмкіндік болғанымен, дайын өнімді өткізу қиындық туғызатынын айтады кәсіпкер. Бүгінде бақшада ақ, қара, ала қарбыз, іші сары, сырты сары қарбыз секілді өнімнің жиырма түрі өсіп жатыр екен.

— Өнімнің бәрі бірдей өтімді емес. Тұтынушылар алдымен қарбыздың көлеміне қарайды — қарбыз ірі болуы керек. Одан кейін бағасына, ең соңында ғана дәміне мән береді. Қарбыздың дәмі жақсы болғанымен, көлемі шағын болса, сатып алушылар оны ұнатпайды. Мысалы, салмағы 3–5 келі болатын кішкентай қарбыз көбіне сатылмай, қалып қояды. Бұрын малым болған кезде оны малға беретін едім. Алайда 2024 жылғы су тасқыны кезінде малым суға кетті. Қазір санаулы ғана сиырым бар, жайылымда жүреді. Мал азығы ретінде қарбыз бен қауын өте пайдалы. Оларды жеген мал тез семіреді, еті жұмсақ әрі дәмді болады. Мен сойылатын малды қарбыз бен қауын беріп баптаймын. Сонда мал жақсы қоңданады, тіпті кәрі малдың етінің өзі жұмсақ болып піседі,— дейді ол.

Ойылдың бағбан балалары

Бау-бақшада бүгінде үш ересек адам, мектеп жасындағы 16 бала еңбек етіп жүр екен. Бағбан еңбекті сүйетін балаларды жыл сайын Астана, Алматы, Түркістан қалаларына қыдырып қайту үшін тегін жолдама береді. Биыл Өзбекстанның Ташкент, Самарқанд қаласына жіберуді жоспарлап отыр екен. Бағбанның айтуынша, бұл мұның мақсаты — балаларды еңбегі үшін ынталандырып қана қоймай, дүниетанымын кеңейту. Саяхаттауды, кітап оқуды және футболды жақсы көретін шаруашылық иесі өзі қызығатын дүниелерді жастарға да насихаттап келеді.

Спартак Төремұратовтың айтуынша, балалар таңғы сағат 6-да тұрып, 7-де бақшаға аттанады. Күніне бірнеше сағат еңбек етеді:

— Осы арқылы олар еңбектің не екенін, ақшаның қалай және қандай жауапкершілікпен келетінін түсінеді. Бақшадағы жұмыс оңай емес. Бірақ осы жұмыстан өткен бала кейін басқа істен қинала қоймайды, піседі, шыңдалады. Үйде босқа телефон қарап жатқанша, еңбек еткені жақсы ғой, — дейді Спартак Төремұратов.

Бағбанның айтуынша, шаруашылыққа сырттан тәжірибелі жұмысшыларды тартса, шығын азайып, жұмыс та жеңілдеуі мүмкін. Алайда ол ауыл балаларына жұмыс беріп, оларға ақыл-кеңес айтып, өмірлік тәжірибесімен бөлісуді маңызды көреді. Осылайшабылтыр «Мерейлі отбасы» ұлтттық конкурсының облыстық кезеңінің жеңімпазы атанып, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған шаруашылық иесі жылдар бойы жинаған тәжірибесін жас буынға жеткізуге тырысады.

Спартак Төремұратов ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізуіне де жағдай жасап отыр. Ауылда оның дүкені, караоке, бильярд залы және би алаңы бар. Мұнда жастар бас қосып, бильярд ойнап, туған күн сияқты шағын мерекелерін атап өтеді.

Бағбан ауылды көркейту ісіне де ерекше көңіл бөліп отырғанын айтады. Ол 2019 жылы алма бағын салуды жоспарлап, екі миллион теңгеге 500 түп алма, алмұрт, өрік және басқа да жеміс ағаштарының көшетін сатып алып еккен. Алайда көбі жерсінбей, қурап қалыпты.

— Сол кезде көшетті таңдауда және егу кезінде қателік жібергенімді түсіндім. Бірақ бұл ойымнан бас тартқаным жоқ. Кейін Алматы маңындағы питомниктен көшет алдырдым, — дейді ол.

Кейінгі екі жылда Спартак Төремұратов оңтүстік өңірлерден алма ағашының көшеттерін, сондай-ақ раушан гүлдерін алдырып, ауыл тұрғындарына тегін таратып келеді. Былтыр 100 түп алма және 100 түп раушан гүлінің көшетін үлестірген. Алма көшеттерінің барлығы дерлік көктеп, кейбірі биылдың өзінде алғашқы жемісін бере бастаған. Раушан гүлдерінің де дені жерсініп, өсіп шыққан.

Биыл да ол 100 түп алма ағашымен қатар шие, жүзім және басқа да өсімдіктердің көшеттерін сатып алып, ауыл тұрғындарына тегін таратқан.

— Көшеттерді өз қаражатыма сатып алып, ауыл тұрғындарына тегін үлестіремін. Кейін кімнің көшеті көктеді, кім алғашқы өнімін алды — бәрін сұрап, хабарласып отырамын. Ауылымыз көркейіп, әр үйдің ауласында жеміс ағаштары мен әдемі гүлдер өссе деймін, — дейді бағбан.

Алдағы уақытта ол алма ағашымен ғана шектелмей, түрлі жеміс ағаштары мен әсем гүлдейтін бұталар және сәндік ағаштардың көшетін әкеліп, ауыл тұрғындарына таратуды жоспарлап отыр. Оның басты мақсаты — туған ауылын жасыл желекке орау.

Бағбан Саралжын ауылының қарсы бетіндегі Көктал аумағында демалыс орнын ашуды армандайды. Ол өзен жағасына шағын жайлы үйлер салынып, қажетті инфрақұрылым тартылса, мұнда келіп демалатындар көбейер еді дейді. Сонымен қатар ол өзеннің ағысы баяу тынық қолтығын балық шаруашылығына бейімдеп, демалушыларға балық аулау мүмкіндігін ұсынуға болады деп есептейді.

Спартак Төремұратов пен зайыбы Жанат Қожантаева алты перзент өсіріп отырған көпбалалы отбасы. Үлкен балалары Ә.Дербісалин атындағы Саралжын орта мектебінің мұғалімі болып істейтін анасының жолын қуып, педагог болуды таңдапты, кішкентайлар мектепте оқиды. Бау-бақша шаруасына жолдасы мен балалары да көмектеседі екен. Адал еңбектің арқасында ризық-несібеге молынан кенеліп отырған кәсіпкер туған жердің табиғи мүмкіндігін тиімді пайдаланып, ауылды гүлдендіргісі келетінін айтады. «Егер қолдау көрсететін, қаржы салатын инвестор болса, көп жұмыс жасар едік», — дейді С.Төремұратов.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Related Articles

Back to top button