Басты тақырыпЖаңалықтар

Ойылда жаңа көпір ел игілігіне берілді

Ойыл ауылына кіреберістегі автомобиль жолындағы жаңа көпір көлік қозғалысы үшін ресми түрде ашылды. 2024 жылы су тасқыны кезінде зақымданған Ойыл ауылына кіреберістегі автомобиль жолындағы көпір іске алғысыз болып, аудан тұрғындарының тірлігіне қиындық келтірген еді. Міне, сол көпірді қайта жаңарту жұмыстары толық аяқталды.

Бүгін жаңа көпірдің ашылу салтанаты өтті. Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев, аудан басшылығы, мердігер ұйым өкілдері, ауданның құрметті азаматтары мен ауыл тұрғындары қатысты.
Облыс әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев жаңа көпірдің аудан үшін стратегиялық маңызды екендігін атап өтті:


— Көптен күткен, ойдағы елді облыс орталығымен жалғастыратын жаңа көпірді ел игілігіне тапсырғалы тұрмыз. Нысан құрылысының күрделі және маңызды болуына сәйкес жобалау жұмыстарынан бастап бүгінгі сәтке дейін қатаң техникалық қадағалауда болды. Өздеріңізге мәлім құрылыс екі кезеңде жүргізілді. Жер асты жұмыстары ауқымды болды және ұзақ уақыт жүргізілді. Нәтижесінде ұзындығы 240 метрге жуық өңіріміздегі ең үлкен көпірлердің бірі пайдаланылуға беріліп отыр, — деген Асылбек Есенбаев жаңа көпір жолаушылардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ететініне тоқталды. Сонымен бірге нысанның өңірдің көлік-логистикалық әлеуеті үшін маңызды екенін айтты:
— Мемлекет басшысының Қазақстанды үлкен құрылыс алаңына айналдыруымыз керек деген тапсырмасы бар. Осы тапсырманы орындау барысында облысымызда маңызды және ірі жобалар іске асырылуда. Осы жобалардың арасында, «Батыс Қазақстан – Оңтүстік Қазақстан» транзиттік дәлізін қалыптастыруда Ойыл көпіріінің маңызы зор. Сонымен қатар «Ақтөбе – Хромтау – Қарабұтақ – Ұлғайсын», «Ұлғайсын – Сексеуіл», «Қандыағаш – Ембі – Шалқар – Ырғыз», «Ырғыз – Торғай» автожолдары да салынып жатыр, — деді.
Асылбек Есенбаев ойылдықтарды өңір басшысы Асхат Шахаровтың атынан құттықтап, мердігер «ТенгизСтройСервисГрупп» компаниясы жұмысшылары мен басшылығына ризашылығын жеткізді.
Салтанатты жиында Ойыл ауданының құрметті азаматы, аудан ақсақалы Ғазиз Займолдаұлы Ойылда атқарылып жатқан игі істер туралы айтып, ақ батасын берді.


— Ауданда кейінгі жылдары тұрғын үй құрылысы, жол, инженерлік желілер және өндірістік нысандар салу қарқын алды. 200-ден астам тұрғын үй салынды. Екпетал ауылында мектеп пен балабақша пайдалануға берілді. Қаратал ауылында «Балбұлақ» бөбекжай-бақшасы салынды. Шұбарши–Миялы, Ойыл–Қараой жолдары салынды. Амангелді, Көптоғай, Қаракемер, Ақшатау, Кемер, Ақкемер елді мекендеріне көгілдір отын жүргізілді. Зардап шеккендерге көмек көрсетілді. Бүгінде ел көптен күткен, стратегиялық маңызы зор іс жүзеге асырылып, жаңа көпір пайдалануға беріліп жатыр. Халқымыздың түсінігінде шөлді жерде құдық қазу, көпір салу – сауапты іс. Жол мен көпір – көпке ортақ игілік, экономикалық дамудың көрсеткіші. Халыққа осындай жағдай жасап отырған ел Президентіне, облыс, аудан басшыларына, осындай игі істердің басы-қасында жүрген азаматтарға алғыс айтамыз, — деді Ғазиз Займолдаұлы.
Сондай-ақ көпір құрылысының жүзеге асуына үлес қосқан нысан мердігері, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының иегері Владимир Розыметов сөз сөйлеп, атқарылған жұмыстарға тоқталды.
2024 жылы су тасқыны кезінде су шайып, зақымданған көпірді қайта жаңарту бойынша шілде айында «Тенгизстройсервис Групп» ЖШС-мен келісімшарт жасалып, құрылыс жұмыстары басталған еді. Сол жылы қолданыстағы көпірді бөлшектеу жұмыстары жүргізілді. 2025 жылдың қаңтар айында нысанның жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу аяқталып, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жобаға сәйкес құрылыс жұмыстары 15 айға созылды. Жобаның жалпы құны — 3,2 млрд. теңге.
Қайта жаңартылған көпірдің ұзындығы — 280 метр. Құрылыс барысында 70 қада қағылып, оның 30-дан астамы 26-38 метр тереңдікке орнатылды. Көпірдің 8 тіреуі толық тұрғызылып, 8 тіреу аралығына 56 арқалық орналастырылды.


Бұдан бөлек, көпірдің жүріс бөлігіне монолитті плиталар құйылып, асфальт жабыны төселді. Барьерлік қоршаулар орнатылып, құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталды.
Жаңа көпірдің пайдалануға берілуі — су тасқынынан кейінгі инфрақұрылымды қалпына келтірумен қатар, Ойыл ауданының көлік қатынасын жақсартуға бағытталған маңызды жоба. Нысан Ойыл ауданы тұрғындарының қауіпсіз әрі тұрақты қатынасын қамтамасыз етіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етпек.


Су тасқынынан кейін Ойыл ауданында елді мекендердің қалыпты тіршілігін қалпына келтіру, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында ауқымды жұмыс атқарылды. Оның ішінде Ойыл ауылында 320 орындық жаңа мектеп, 150 орындық балабақша және 172 тұрғын үй салынса, Қаратал ауылында 60 орындық балабақша бой көтерді. Сонымен қатар елді мекендерді су басу қаупінен қорғау мақсатында бөгеттер мен дамбылар салынып, нығайтылды.
Ауыл тұрғындары жаңа көпірдің ел үшін маңызына тоқталып, көпірдің пайдалануға берілуі көлік қатынасын жеңілдетіп, тұрғындардың қауіпсіз әрі қолайлы қозғалысына мүмкіндік беретінін айтты.
Салтанатты рәсімнің ең маңызды сәтінде Ғазиз Займолдаұлы мен Владимир Розыметов жаңа көпірдің лентасын қиды. Одан соң жаңа көпірден көліктер бірінен соң бірі өтіп, жүйтки жөнелді. Шашу шашылып, көпшілік қуанышты сәттің куәсі болды. Осы күні Ойыл аудандық әкімдігінде өткен іс-шарада облыс әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев өңір басшысының және өз атынан мердігерлерге, осы істің басы-қасында жүрген азаматтарға Алғыс хат тапсырды.
Жаңа көпір – аудан инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы игі істердің бірі. Елді мекендер арасындағы қатынасты жақсартып, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған бұл нысанның ойылдықтар үшін маңызы зор.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ,

Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ.

Related Articles

Back to top button