Білім

ӨТКЕННІҢ ЖЕМІСІ МЕН АЛДАҒЫ МІНДЕТТЕР

Жаңа оқу жылы қарсаңында Ойыл ауданында білім беру қызметкерлерінің дәстүрлі Тамыз кеңесі өтті.
Биылғы кеңес «Жаңа халықтық Конституцияның нормалары мен құндылықтары: сапалы білім, берік құндылық, табысты тұлға» тақырыбына арналды. Жиынға аудан басшылығы, облыстық білім басқармасының өкілдері, құқық қорғау органдарының басшылары, ауылдық округ әкімдері, білім беру ұйымдарының директорлары, педагогтер, еңбек ардагерлері және шақырылған қонақтар қатысты.
Кеңес барысында 2025–2026 оқу жылының қорытындылары сараланып, жаңа оқу жылына арналған негізгі басымдықтар айқындалды. Сапалы білім беру, қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, академиялық адалдықты орнықтыру және адами капиталды дамыту мәселелері кеңестің өзегіне айналды.

Пленарлық отырыста білім сапасын арттыруға бағытталған «Табысты сабақ», «Бірлескен сабақ», «Зияткерлік мектеп» жобаларының маңызы атап өтіліп, педагогтердің кәсіби ынтымақтастығын дамытудағы Lesson Study тәсілін жүйелі қолдану қажеттігіне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар, бастауыш білім берудегі жаңашылдықтар, заманауи педагог қызметіндегі жасанды интеллект мүмкіндіктері, білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік, бала құқығын қорғау, заң және тәртіп қағидасын сақтау бағыттары бойынша мазмұнды баяндамалар ұсынылды.
Кеңестің маңызды бөлігі – еңбегімен ерекшеленген педагогтерді марапаттау рәсімі болды. Білім саласының дамуына үлес қосып жүрген ұстаздарға аудан, облыс және Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі деңгейіндегі марапаттар табысталды.


Жиын қорытындысында 2026–2027 оқу жылына арналған нақты міндеттер белгіленіп, білім сапасын арттыру, қауіпсіз орта қалыптастыру, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды нығайту, педагогтердің кәсіби әлеуетін дамыту бағыттары бойынша тиісті шешімдер қабылданды.
Тамыз кеңесі – өткен оқу жылына қорытынды жасап қана қоймай, жаңа оқу жылындағы ортақ мақсаттар мен міндеттерді айқындайтын маңызды кәсіби алаң.
Жаңа оқу жылы барша педагогтерге жаңа мүмкіндіктер, шығармашылық ізденіс пен толағай табыстар әкелсін!

Ұстаз еңбегі – ұлт болашағына салынған ең үлкен инвестиция.

Related Articles

Back to top button