ӘкімдікБілім

Ең үздік білім ордасы

Талай сан қилы заман тоғысынан өтіп, жарқын болашақ үшін «…толарсақтан саз  кешіп, етігімен су кешіп» сол бір еркіндіктің, егемендіктің қадір-қасиеті үшін күрескен ата-баба арманы мен тілегі бүгінде орындалып, мамыражай бейбіт күннің астында өмір сүріп келеміз. Әрине, бұл -тәуелсіздіктің жемісі. Еңсемізді түзеп, ел болдық, қанатымызды кеңге жайып, зор сеніммен алға қадам бастық. Міне, кеше ғана тәй-тәй басқан «Жас Қазақстан» 30 жылда  орныққан, салмақты елге айналды. Әр елдің өсіп-өркендеп, биікке самғауы үшін ұрпақтың сапалы білім алып, тәлім-тәрбиесінің мол болуы маңызды.
Абай атамыз айтқандай «Ұстазсыз шәкірт-тұл, шәкіртсіз ұстаз тұл» деп, адам баласының кісі болып қалыптасуы көбінесе ұстазға байланысты деп ерекше атап өткен. Шәкірт ұстазға қарап өседі. Ол ұстазының білімін,берген тәрбиесін, кеңесін алады. Осы орайда біздің мектебімізде дәл осындай қабілет пен қасиеттерді бойына сіңірген ұстаздар жетерлік.
Мектеп жетістігі үшін жетекшісінің де еңбегі ерекше. Оған дәлел мектеп-гимназиямыз «ОРТА БІЛІМ БЕРЕТІН ҮЗДІК ҰЙЫМ» атанды. Сонымен қатар облыс әкімі тағайындаған 7000000 (жеті миллион) көлеміндегі сыйақыны жеңіп алды.
«Білімді ұлт-тұрақты даму кепілі» атты білім беру қызметкерлерінің аудандық тамыз кеңісінің пленарлық отырысы өтті. Пленарлық мәжіліс барысында 2020-2021 оқу жылындағы ауданымыздың білім беру саласындағы атқарылған жұмыстар мен жетістіктерге тоқталып, алдағы басталғалы тұрған жаңа оқу жылына жүзеге асырылуға  тиісті жаңа мақсаттар мен міндеттер туралы айтылды. Ауданымыздың білім беру саласының қарқынды дамуына үлес қосып, тынымсыз еңбек етіп жүрген мектебіміздің бірқатар ұстаздары облыстық білім басқармасының Алғыс хатымен марапатталды.
Бала бағбаны болып жүрген білім қызметкерлеріне аймақта қолдау көп. Оқушыға сапалы білім мен саналы тәрбие беріп,мектеп қабырғасында қажырлы еңбек етіп жүрген ұстаздардың еңбектері жыл сайын еленіп келеді.
Соның бір дәлелі, жақында «Мерке» шипажайына бастауыш пән мұғалімдері Браташова Елена Дмитриевна мен Дурманова Алла Викторовна барып келсе, «Жанға дауа, дертке шипа-Сарыағаш шипажайына Ұлболсын Жұмашова мен Мархабат Иманова арнайы барды.
Аяулы мамандық иелерінің демалысын кәсіподақ комитеті ұйымдастырды. Мұндай шараның білім қызметкерлеріне тигізер пайдасы зор екенін атап, ұйымдастырушыларға өз ризашылықтарын жеткізді.
Кіндік қаны тамған топырақты қастерлеу қазақ халқының әлмисақтан жалғасқан салты. Ол ұлттық санамыздағы аса қастерлі ұғым. Туып-өскен өлкенің, білім алып ұшқан алтын ұя мектебінің өркендеуіне үлес қосып жатқан түлектер де аз емес. Олар туған жерге, туған елге, мектепте білім берген ұстаздарына алғыстарын, жылы лебіздерін білдіруде. Мектебіміздің  2021жылғы түлектердің 11- сынып оқушылары мектебімізге орындықтар тарту етті.
Міне, біздің білім беру ұйымының  Тәуелсіз Қазақстанның  30 жылдығына қосқан үлесі мен оның болашағы үшін жасаған игі қадамы осындай. Ал мектеп-гимназияның жаңа заман талабына сай жабдықталып, гүлденуі — білім реформаларының жанданып, білімге деген құлшыныстың артуы деп білеміз.

Әйгерім Масабаева,
Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназиясының
Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі.

Басқа жаңалықтар