ОТБАСЫ. МЕКТЕП. ҚОҒАМ. ТӘРБИЕНІҢ ҮШ ТАҒАНЫ
Қазіргі жаһандану заманында әрбір адамның білім санасын, қабілеттілік деңгейін, іскерлік мүмкінділігін анықтайтын адам ресурстарын дамыту мәселелері күн тәртібіне өткір қойылып отыр, яғни адамның білімі мен біліктілігі қазіргі заманда мемлекеттердің бәкесеге қабілеттілігінің ең маңызды көрсеткішіне айналды. Сондықтан көптеген елдер бәсекеге қабілетті қоғам үшін адам ресурстарын дамыту, әсіресе оның қабілетін арттыру сияқты арнайы бағдарламалар қабылдауға кірісті. Сондықтан да, үздіксіз білім беру жүйесінің басты міндеті – жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру. Бұл әлеуметтік педагогикалық міндетті орындау үшін тәрбие жұмысымен тікелей айналысушылардың жүргізетін тәрбие мазмұны қоғамның бүгінгі талабына сай болуы керек. Жалпы білім беруде мектеп өзінің міндетін толық атқару үшін, қоғамның оған қоятын әлеуметтік сұранысын ескере отырып, тәрбие мазмұнын жақсарту үшін мектеп пен отбасының жәнеп қоғамның бірлігін қамтамасыз ету қажет. Келешек ұрпақты жан-жақты тәрбиелеуде, жаңа заманда көкірегі ояу, ұлттық сана-сезімі жоғары саналы азаматты тәрбиелеу ұзақ әрі күрделі үдеріс.

Сондықтан өткен аптада аудан әкімінің қатысуымен, мүдделі органдар өкілдері, ұстаздар мен ата-аналар қауымдастығының басын қосқан «Әр балаға жеке көзқарас: бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі» тақырыбында аудандық жалпы ата-аналар жиналысы өтті. Ауқымды басқосудың басты мақсаты – жаңа оқу жылында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, білім беру ұйымдарындағы ата-аналар мен оқушылардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіру және отбасылық құндылықтарды ұлықтау. Аудан әкімі Сәкен Займолдин бала тәрбиесі мен олардың қауіпсіздігі – мемлекеттің де, қоғамның да басты басымдығы екенін атап өтіп, жас ұрпақтың жарқын болашағы үшін отбасы, мектеп және тиісті органдардың берік ынтымақтастығы қажет екенін баса айтты. Жиын барысында сөз алған аудан прокуроры Рауан Тобықов және аудандық полиция бөлімінің бастығы Ардақ Қангелдин жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, виртуалды ортадағы қауіпсіздік ережелерін сақтау және бала тәрбиесіндегі ата-ананың заңды жауапкершілігі туралы кеңінен тоқталды. Өз кезегінде аудандық білім бөлімінің басшысы Орынбасар Бегжанов еліміздің білім жүйесіндегі жаңа оң өзгерістер, мектептердегі қауіпсіздік шаралары, оқулықтармен қамтамасыз ету, білім сапасын арттыру бойынша атқарылып жатқан жүйелі жұмыстарды баяндады. Басқосудың ерекше де әсерлі, көпшілікке ой салған сәті – Ақтөбе қаласынан арнайы шақыртылған құрметті қонақтың салмақты сөзі болды. Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық сотының медиаторы, қазақ-орыс халықаралық университетінің магистрі, «Алтын алқа» иегері Бибігүл Әбілдаева шаңырақтағы мейірім мен түсіністік, әке мен ананың рөлі және отбасылық татулықты сақтаудың маңызы туралы жүрекжарды сырымен бөлісті. Арнайы спикерлердің өнегелі де тағылымды кеңестері жиынға қатысушы ата-аналар мен ұстаздарға үлкен ой салып, ерекше әсер қалдырды. Өйткені, ұрпақтан ұрпаққа беріліп отыратын дәстүрлер мен ізгі мұраттар тек отбасында ғана дамып, байытыла түседі. Тәрбиенің бастапқы әліппесін бала отбасында алып, онда адамгершілік пен ізгіліктің негізі қаланады. Әрбір отбасы қоғамның кішкентай бір бөлігі болғандықтан, қоғамды өркениетке жеткізу, ең алдымен, әрбір отбасындағы өмірді дұрыс ұйымдастырудан басталмақ.
Қазіргі кездегі мектептің қойып отырған талабы – жеткіншек ұрпақтарды негізгі пәндермен терең де, берік қаруландыру, ал меңгерген ілімдерді күнделікті өмірде өз деңгейіндегі іскерлік – шеберліктермен қолдана білу. Мұндай күрделі мәселені мектеп тек қана ата-анамен бірігіп жұмыс істеуі нәтижесінде шеше алады.
Бала тәрбиесі – өмірдің ең өзекті мәселелерінің бірі. Қай кезде болсын отбасы бала тәрбиесінің мәселелері назардан тыс қалған емес. Бұл туралы аса көрнекті педагог В.Сухомлинскийдің мына ойын айтуға болады: «Бала ата-ананың адамгершілік өмірінің айнасы».
Ұлы Абай атамыз «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деп көрегендікпен ой түйген. Бала өміріне қажетті тәлім-тәрбиенің ірге тасы ата-ана арқылы отбасында қаланады.
Көптеген зерттеулер көрсетіп отырғандай, қазақ халқында баланы тәрбиелеуде отбасы басты рөлді атқарады, оның негізі – ұлттық салт-дәстүрлер. Бұған ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезовтың «Ел болам десең, бесігіңді түзе!» деген астарлы ойы дәлел.
Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл селосы.



