Спорт

ОЙЫЛДА ЖАС БАЛУАНДАР БАС ҚОСТЫ

Ойыл төрінде облыстың жас балуандары бас қосып, қазақ күресінен шеберліктерін ортаға салды. 24–26 қыркүйек күндері Ойыл балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде 2013–2014 жылдары туған жасөспірімдер арасында Ақтөбе облысының чемпионаты өтті.

Үш күнге созылған жарысқа облыстың әр өңірінен келген жас спортшылар қатысып, өз салмақ дәрежелері бойынша боз кілемде белдесті. Жас балуандар үшін бұл дода өз мүмкіндіктерін сынап, тәжірибе жинақтайтын маңызды жарыстардың бірі болды.

Чемпионаттың  ашылу салтанатында Ойыл ауданының әкімі Сәкен Займолдин жас спортшыларға сәттілік тілеп, жарысқа қатысушыларға қолдау білдірді. Сонымен қатар, спорт саласының дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтарды марапаттады.

Жиында самбодан спорт шебері, Ақтөбе облысының қазақ күресі федерациясының президенті Әскербек Жолмағанбетов сөз сөйлеп, балуандарға сәттілік тіледі.

Жарыс барысында боз кілемге шыққан әр балуан жеңіске деген жігерін көрсетіп, тартысты белдесулер өткізді. Нәтижесінде жүлдегерлер анықталып, үздіктер марапат төрінен көрінді.

Ойылдық жас балуандар арасынан Әмір Жарасов 42 келі салмақта ІІІ орын иеленіп, жүлдегер атанды.

Ойылдағы облыстық чемпионат жас балуандардың боз кілемдегі бәсекесін шыңдап, спорттағы жаңа есімдерді танытқан жарыс болды. Тартысты белдесулерден сүрінбей өткен жеңімпаздар мен жүлдегерлер өздерінің дайындығы мен жігерін көрсетті. Алдағы уақытта да жас спортшылардың жеңіс жолындағы қадамы нық болғай.

Гаухар АЛЕКСЕЕВА,

Ойыл селосы.

Related Articles

Back to top button