5 мыңға жуық жас азамат, 1800 шақырым жол: «Əділет» жастары «Таза Qazaqstan» Road-эстафетасын бастады

«Əділет» партиясының жастар қанаты ауқымды «Таза Qazaqstan» Roadэстафетасын бастады. Оның аясында 5 мыңға жуық жас азамат 13-16 қазан аралығында «Астана – Өскемен» бағытындағы автожол бойында жалпы ұзындығы 1800 шақырымға жуық аумақты қоқыстан тазалайды.

Іргелі іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы аясында қолға алынуда. Бұл – аса маңызды бастама. Себебі Президент атап өткендей, бүгінде экологиялық қауіпсіздік ұлттық қауіпсіздік мəселесіне айналды.
Эстафетаға Құрылтай депутаттары, партияның, мемлекеттік органдардың өкілдері жəне белсенді жастар атсалысуда. Оның барысында Ақмола, Павлодар, Абай жəне Шығыс Қазақстан облыстары қамтылады. Қатысушылар барлығы 10 ауданға, 59 ауылға табан тигізеді.
Басты мақсат – аумақтарды тазалау, қоғамда экологиялық сана мен жауапкершілік мəдениетін қалыптастыру, тазалықты əр азаматтың күнделікті дағдысына айналдыру.
«Табиғатқа жанашырлық – халқымыздың қанына сіңген қасиет. Мемлекет басшысы жүргізіп жатқан жүйелі реформалардың нəтижесінде мемлекетіміз жаңа дəуірге қадам басты. Президентіміз экономикалық, əлеуметтік, цифрлық дамудан бөлек, «Таза Қазақстан» бастамасына да көп көңіл бөледі. Себебі қоғамның тазалығы əрқайсымыздан басталуы керек. Сананың тазалығы, айналамыздың тазалығы табиғатқа деген жанашырлықтан басталады», – деді «Əділет» партиясы Төрағасының орынбасары Ержан Жылқыбаев.
Қатысушылар жол бойындағы аумақтарды қоқыстан тазартып, экологиялық акциялар мен түрлі экологиялық іс-шаралар өткізеді.
Бұдан бөлек, депутаттар азаматтармен кездесіп, қоғамдық қабылдаулар ұйымдастырады. Халық қалаулылары олардың мұң-мұқтажына құлақ түріп, тұрғындарды толғандырған жүйелі мəселелер болашақта Құрылтай төрінде көтеріледі.

«Таза Qazaqstan» эстафетасын тек экологиялық іс-шара деп қабылдауға болмайды. Президент бастамасымен қолға алынған жоба – терең философиялық мəнге ие. Ол қоршаған ортаны таза ұстауға ғана үндемейді. Бұл – рухани тазалыққа, жан тазалығына, ар тазалығына, жалпы қоғамда экологиялық тазалық мəдениет қалыптастыруға бағытталған іс-шара. Жастар мыңдаған шақырым жол жүріп, тазалық ұғымын насихаттайды», – деді Құрылтай депутаты, «Əділет» партиясы фракциясының мүшесі Жарқынбек Амантайұлы.

Сондай-ақ эстафета барысында белсенді жастар партияның «Вандализмге жол жоқ!» акциясы аясында тарихи-мəдени орындарды тазалау ісіне күш салады. Бұған қоса, «Чемпиондық рух» жобасы аясында спорттық іс-шаралар ұйымдастырылады.
«Бұл – экологиялық мəдениетті сөзбен емес, нақты əрекетпен қалыптастыру жолы. Мұндай бастамалар қоғамда ортақ жауапкершілік сезімін қалыптастырады. Жастар еріктілік тəжірибесін жинақтайды, тұрғындар экологиялық мəселелерді талқылауға белсенді қатысады. Ал депутаттардың қоғамдық қабылдаулары ауылдардағы өзекті мəселелерді тікелей тыңдауға мүмкіндік береді», – деді Құрылтай депутаты, «Əділет» партиясы фракциясының мүшесі Айжан Аймағанова.

Айта кетейік, «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы «Əділет» партиясының сайлауалды бағдарламасында қамтылған. Онда экологиялық ахуалды жақсарту, қалалар мен ауылдарды абаттандыру, сондай-ақ тұрғындарды қоршаған ортаны таза əрі жайлы етуге жұмылдыру басым бағыттар ретінде белгіленген.


