Әлеумет

ҚАРАТАЛДЫҢ ҚОҢЫРҚАЙ ТІРЛІГІ

Ел аузындағы аңыздарда Асан қайғының Жерұйық іздеп, қазақ даласын аралағаны, Ойыл өңіріне де ат басын бұрғаны айтылады. Жайлы қоныс іздеген абыздың Ойылдың табиғатына сүйсініп, ханға: «Ойыл деген ойынды, Отын тапсаң тойынды. Ойыл көздің жасы еді, Ойылда кеңес қылмадың, Ойылдан елді көшірдің», —деп налитыны халық жадында сақталған. Сол ерке Ойылдың жағасын жайлаған ел-жұрт бүгінде малға да, жанға да жайлы өлкені мекен етіп, ата кәсіпті арқау қылған берекелі тіршілігін жалғастырып келеді. Ойылдың бойындағы Шығанақ Берсиев атындағы ауылдық округтің бүгінгі тынысын табиғатынан бөліп қарай алмайсың: мұндағы жұрт та мал бағып, жерден несібесін айырып, қоңыр тірлік кешіп отыр. Округ құрамында үш елді мекен бар —Қаратал, Қарасу және Құмжарған ауылдары. Орталығы – Қаратал ауылы. Қазаққа тары өсіруден рекорд жасаған Шығанақ Берсиевтей перзентті, берідегі Ойылдың гимніне айналған әйгілі «Ойылым менің — ойдағы елім» әнінің авторы Жолдыбай Айтқұловтай сазгерді сыйлаған қасиетті өлкеде сынықшы Сүйлейменнің мәңгілік байыз тапқан мекені мен түнек үйі де орналасқан. Берсиевтің ізі қалған өлке

Округ әкімі Әділбек Ізбасовтың айтуынша, 2006 жылы диқанның 125 жылдығы қарсаңында Ойыл өңірінде Шығанақ Берсиевтің есімін қайта жаңғыртып, оның еңбек жолын насихаттауға ерекше мән берілді. 2009 жылы Қаратал ауылдық округі атақты диқан, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Шығанақ Берсиевтің есімімен қайта аталды.

— Бұл ел тарихында өшпес із қалдырған еңбек адамының есімін ұлықтауға бағытталған маңызды қадам болды. Шығанақ Берсиев 1881 жылы қазіргі Қаратал ауылының ар жағындағы Қарасу елді мекенінде дүниеге келген. Оның бүкіл ғұмыры туған жердің топырағымен тығыз байланысты. 1936 жылдан бастап осы Қаратал ауылында тары өсірушілер звеносын ұйымдастырып, ақ тарыдан мол өнім алып, жерімізді әлемге танытты. Оның дүниежүзілік рекорды — қажырлы еңбектің, табандылықтың және жерге деген ерекше іңкәрліктің нәтижесі. Биыл Шығанақ Берсиевтің туғанына 145 жыл толып отыр. Осыған орай жыл басынан диқанның есімін ұлықтауға бағытталған түрлі мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Шығанақ Берсиевтің өмір жолы — туған жерге адал қызмет етудің, еңбек арқылы ғана биікке жетудің жарқын үлгісі. Атамыздың өнегелі еңбегін өскелең ұрпаққа насихаттау — біздің парызымыз. Сондықтан диқанның еңбек жолын, елге сіңірген еңбегін кейінгі буынға жеткізіп, ұлағатынжалғастыруға мән беріп келеміз, — дейді Әділбек Ізбасов.

Қазіргі таңда ауылда 150-ге жуық түтін бар. Барлығы да — жаңа үйлер. 2024 жылы су тасқыны болып, баспанасынан, мал-мүлкінен айырылған қараталдықтар көп ұзамай кеткен шығынның орнын қайта толтырды: өткен ғасырдың 60-70 жылдары салынған ескі үйлердің орнына заманауи талаптарға сай жаңа үйлер салынды, қора қайтадан малға толып, қиналған қараталдықтарға мемлекет тарапынан көмек көрсетілді. Бүгінде ауылдың келбеті өзгеше.

— Табиғаттың тосын мінезі бізге қамсыз отыруға болмайтынын көрсетті. Осы мақсатта 2025 жылы ауылды қайта су басу қаупінің алдын алу үшін елді мекенді айналдыра қорғаныс бөгеті салынды. Жобаға 900 миллион теңгеден астам қаражат бағытталды.Су тасқынынан кейін ауыл тұрғындарының жаппай көшіп кетуі де байқалған жоқ. Бүгінде ауылдағы жағдай тұрақты. Тұрғындарды алаңдататын айтарлықтай мәселе жоқ. Аудан орталығына қатынайтын жол қалпына келтірілді. Электр жарығы, интернет, ауызсу және газ мәселесі де шешімін тапты. Жастардың ауылда тұрақтап, кәсіппен айналысуына мүмкіндік мол. Ауыл халқының негізгі күнкөріс көзі — мал шаруашылығы. Төрт түлік өсіру – ауылдағы дәстүрлі кәсіптің бірі әрі тұрғындардың тұрмыс-тіршілігінің негізгі өзегі, — дейді Әділбек Избасов.

Ауылда қарапайым тірлікке керектінің бәрі бар: мектеп, балабақша, спорт кешені жаңадан салынды.Су тасқынынан кейін 60 орындық үлкен балабақша тұрғызылды. Ш.Берсиев атындағы орта мектепке күрделі жөндеу жүргізілді. Мектеп демеушілердің көмегімен IT-жабдықтармен қамтылды.Былтыр 17 миллион теңгегеспорт, балалардың ойын және футбол алаңдары салынды. Ауылдағы көшелер қайтадан жарықтандырылды. Өткен жылы 340 миллион теңге қаржы жұмсалып, ауыл көшелеріне асфальт төселді. Не керектің бәрі бар. Мұндай ауылдан кім көшеді?..

— Алдағы жылға бірқатар жоспарымыз бар. Атап айтқанда, жаңа үйлер салу, көшелердің жарықтандырылмаған жерлерін жарықтандыру, асфальт жабындысын төсеу, сондай-ақ қосымша балалар ойын алаңдарын салу жоспарланып отыр.

Алдағы уақытта ауылымызды ауданның ғана емес, облыстың да бетке ұстар, үлгілі ауылдарының біріне айналдырғымыз келеді. Қараталдың табиғаты ерекше. Осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, туризм саласын да дамытуға күш салсақ деймін. Ауылымызда Барқын құмы, тұзды әрі шипалы балшығы, тарихи орындар бар. Осындай табиғи және тарихи нысандардың барлығын қамтитын туристік карта жасап, оларды ел игілігіне жарату — алдағы жоспарымыздың бірі.

Осы елдің төл перзенті ретінде туған жеріме қызмет ету —үлкен абырой. 2018-2022 жылдар аралығында Қараталда ауыл әкімі болып қызмет еттім, кейін су тасқынынан соң, 2025 жылы туған жерге қайта оралып, елмен бірге болуды жөн көрдім. Мұны өзімнің ел алдындағы, туған жер алдындағы перзенттік борышым деп есептеймін.Туған жердің әрбір жетістігіне өз үлесіңді қосу — үлкен жауапкершілік. Сондықтан ауылымыздың дамуына қолдан келгенше еңбек етіп, елдің сенімін ақтасам деймін, — дейді Әділбек Ізбасов.

Әлімбетовтердің ауылдағы кәсібі

Ауыл тұрғындары «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында кәсіп ашып, жұмысын жүргізіп отыр. Бүгінде Қараталда 7 жоба іске асырылған. Солардың бірі — құс шаруашылығын қолға алған Әлімбетовтер отбасы. Ерлі-зайыпты Әлия мен Нариман құс шаруашылығын кәдуілгі үй жағдайында бастаған. Олар ауладағы санаулы тауықтың жұмыртқасын сатып, сұраныс жоғары екеніне көз жеткізгенсоң, мұны үлкен кәсіпке айналдыруға бел буады. Нариман кәсіпкерлік курсын оқып, «Ауыл аманаты» бағдарламасы туралы ақпарат алады.

— Үйдегі тауық саны бір жылда 300-ден асты. Үйіміз ауылдың ортасында орналасқандықтан, тауықтарды еркін өсіруге мүмкіндік болмады. Сондықтан аулаға қамап ұстадық. Таңертең жұмыртқаны жинап, алдымен ауыл ішіне, кейін тікелей қалаға тапсырып жүрдік. Кәсібімізді алғашында өз қаражатымызға бастадық. Мемлекеттік қолдау туралы көп біле бермедік. Кейін «Ауыл аманаты» бағдарламасының мүмкіндіктерін пайдалана бастадық. Осылайша аз ғана тауықтан басталған кәсібіміз біртіндеп дамып, бүгінгі деңгейге жетті, — дейді Әлия Ысымғалиева.

2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасына құжаттарын тапсырып, үйлерін кепілге қойған ерлі-зайыпты 2,5 пайызбен2 миллион 300 мың теңгедей қаражат алып, түгелдей үйрек-қаз бен жемін сатып алады.

— 200 қаз, 50 үйрек — бәрін балапан кезінен алдық.Қаздың Линда және Лаванда және үйректің Мулард тұқымын алдық.Балапан кезінде, яғни бір апталық, он күндік кезінде әкеліп баққанқиындау екен. Инкубатордан шыққан балапанды алғаш рет өсіріп отырғандықтан, тәжірибеміз болмады. Бір аптадан кейін балапандар өле бастады. Кейін арнайы дәрілер берілетінін білдік. Мал дәрігері Уәлихан Досқұлов ағайдан дәрілерін алып, шамамен 250 балапанға қажетті екпесін жасадық.Одан бөлек, балапандардың шамамен бір айға дейін жейтін арнайы жемі болады екен. Одан соң кәдімгі қолдың сүзбесін бердік. Осылайша құстарымыз қоң жинап, өсе бастады. Бір жарым айдан соңкөкке шықты.

Ауылдың шетіндегі әкемнің бос тұрған үйінің ауласын пайдаландық. Ауланың артында сай бар, су ағып жатыр. Құстарды күн ұзаққа сол суға жайып, кешке таман жем жеуге әкелеміз, одан соң қайтадан сыртқа шығарамыз. Қысқа дейін балапандарымыз өсіп, союға келіп қалды. Осылайша бала-шағамызбен отбасылық кәсіпті жүргізіп келе жатқан едік… — дейді Әлия.

Алғашқы табысқа шығып, несиені төлей бастаған кезде ауыл суға кетіп, бірен-саран болмаса, барлық үйрек-қаз түгел суға ағып кетті. Ақтөбе әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы шығын өтеліп, «Жусан гарант»сақтандыру компаниясы  «Ауыл аманаты» арқылы алған несиені түгел жауып береді. Алайда үй-жайынан, мал-мүлкінен айырылған отбасы етек-жеңін жинап, қайтадан аяққа тұрғанша қолдағы бар құсты місе тұтты.

— Су тасқынынан бір жыл бұрын ауылдың шет жағынан құлап қалған үйдің орнын сұрап алған едік. Қора салып, қайтадан құс өсіруге кірістік. Бройлер тауықтарымызды, су тасқынынан аман қалған санаулы үйрек-қазымызды сонда бақтық. Қазір, шүкір, құс шаруашылығының қыр-сырын меңгердік. Ауылдың шетінде болғандықтан, ұңғыма қаздырып, су шығардық. Құстар далада жайылады, жемі мен суы —қасында.

Биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасына қайтадан құжат тапсырдық. Қосымша кәсіп ретінде шәйхана ашуды жоспарлап отырмыз. Бағдарлама арқылы 10 миллион теңге көлемінде қаржы алуға мақұлдау беріліп, қаражат шотымызға түсті. Қазір сол қаражатқа шәйхананың ішін жасақтап, жұмысын жүргізіп жатырмыз.Оған қоса, өзіміздің азын-аулақ малымыз бар. Шүкір, бүгінде мемлекеттің көмегі арқылы әркім  өзінің хоббиін, сүйікті ісін кәсіпке айналдыра алады.«Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша жастарды кәсіппен айналысуға шақырамын. Құжаттар дайындауға ауылдық округі әкімдігіндегі, ауыл шаруашылығы бөліміндегі мамандар көмектеседі. Ең бастысы, мүмкіндікті дұрыс пайдаланып, еңбектену және бастаған істі соңына дейін жеткізу керек, — дейді кәсіпкер.

Әлімбетовтер құс шаруашылығын одан әрі кеңейтпек ниетте. Мәселен, ауылдың ауа райына, табиғи жағдайына қарай құстың басқа да түрлерін әкеліп өсірмек.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Related Articles

Back to top button