Әлеумет

Рухы мықты ауылдың рухани азығы көп…

Етектегі Кемердің кең алқабын қырдың үстінен көріп отыратын Шиқұдық елді мекенінде 40 қа жетер-жетпес түтін бар. Малын бағып, төрт түлігін өсіріп, тіршілігін күйттеп отырған шағын ауылға көп ешкімнің жолы да, көзі де түсе бермейді. Жұмыс орны дегенде 9 жылдық мектеппен, ауылдық клубы ғана ұстап отыр. Әзірге бала саны тұрақты. Мектеп директоры Мереке Аяпбергеновтың айтуынша келер жылы 10 бала мектеп табалдырығын аттамақ. Осының өзі болашаққа деген үмітті бірлейді. Ауылдың тарихы тереңде. Кезінде гүрілдеген колхоздың тағдыры да бастапқы әзірде ауырлау соқты. Ер азаматтарынан  соғыс айырса, соғыстан кейінгі сұмдық оқиға аналарынан айырды.

Қазір біз аңыздай көріп, естіп жүрген сол оқиғаны ешкім ұмытуға тиіс емес. Соғыс біткенмен де колхоздың жұмысы әйел адамдардың күшіне зәру болған ғой. Өзгіз арбамен шөпке барған бір топ әйел өртеніп кеткен. Ең аяныштысы ішінде аяғы ауыр әйел де болған. Және бір 16-17 жастағы қыз бар. Ауыл тұрғындарының айтуынша қалың өртке еш шара жасай алмаған, бір әйелдің үшінші күні ғана жаны шыққан. Өртенгендердің ішінде басқарманың да әйелі болған.  Бессайда болған осы бір тосын оқиға Шилі колхозын есеңгіретіп кеткен еді. Бірақ ыдырамады. Еңбекші ауыл тағдырдың ауыр соққысын көтеріп, жылдарға оза берді. Кейін Құлшығай, Бессай, Авангард, Теректі колхоздары іріленіп Қазіргі Шиқұдық елді-мекені пайда болды. Қазір сол ауылда туған жері үшін еңбекте жанын қиғандарға арналған ескерткіш бар.

Ал енді бұл ауылдан кімдер шықты десеңізші! Сіз жақсы білетін, есімі жалпақ жұртқа жақсы әр қиырдағы  адамдардың осы ауылдакіндігі тамып, түлеп ұшқанын әрине біле бермейсіз.

Аудандық редакцияны 18 жыл басқарған, редактор-журналист Нұрымжан Жұмағалиев, «Соғыстың соңғы солдаты» атанған Бернияз Аманғосов,  бүгінде білім саласында үлкен құрметке ие, ардагер ұстаз Жұмағазы Жиеналин, Бағдаулет Бейісов, Елтай Бермұқашев тағы басқа көптеген танымал тұлғалар осы алақандай ауылдың перзенттері.  Соғыстан кейінгі жылдарда еңбек майданынынң майталмандары бұл жерден көптеп тер төкті.

Міне арада көп жыл өтіп ғасыр алмасса да, Шиқұдық ауылының азаматтары өткен ата-бабаларына тағзым етті. «Өлі жебемей, тірі байымайды», — дегенді ұстанған олар бабалар аруағына құран оқытып, ас берді. «Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып», бұл іске жұмыла кіріскен ауылдастар құрмет тақтасын орнатты. Кейінгі жастарға тәрбие мен ауылдың тарихымен байланысқан шараның мақсаты өткенді ұмытпау, ұлықтау. Балаларды туған жерін құрметтеуге тәрбиелеу.

Құрмет тақтасының ашылу салтанатында  аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәрсенбай Аманғосов, ауыл тұрғыны Қабидолла Мұхамбетқазиев сөз сөйлеп, ауыл тарихына қатысты біраз деректерді айтты. Құрмет тақтасына ауылдың алғашқы мекенінен бастап еңбек еткен, соғыс құрбандары, соғыс және еңбек ардагерлерінің суреттері ілініп өмір сүрген жылдары жазылған. Ауылдан ертерек көшіп, бұл күнде қалалық болғандар да кіндік қаны тамған жерге арнайы келіп, шараның өтуіне атсалысты. Осы шаруаны ұйымдастырып, басы-қасында жүрген Уәлихан Төлеуғалиев ауылдастарының қолдау білдіріп, жаппай атсалысқандарына алғысын айтты. Ал асқа арнайы келген Саралжын селолық округінің әкімі Абат Қаратауұлы туған жердегі ауқымды жұмыстарға белсене қатысып, «Туған жерге тағзым» аясында жанашырлық танытқан жандарға алғыс хатын ұсынды. Сол күні кешке дейін құрмет тақтасының алдынан кетпеген үлкендер ондағы әр тұлғаны естеріне алысып, істерін, елге жасаған қызметтерін айтып, ауыл тарихына тағы бір бойлады.

Самат НАРЕГЕЕВ,
 Шиқұдық елді-мекені.

Басқа жаңалықтар