Әлеумет

Газет — қоғамның жаршысы

Газет оқу — зиялылықтың белгісі. Ахмет Байтұрсыновтың «Газет — халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген сөзі бүгін де өзектілігін жойған жоқ. Қазіргі таңда ақпарат алмасудың заманауи тәсілдері  де көп. Қазір айтылған ақпарат көзді ашып-жұмғанша сол мезетте-ақ ғаламтор, түрлі сайттар мен әлеуметтік желілер арқылы әлемге тарап жатады. Бірақ газет оқу мәдениеті — қашанда талғамы жоғары оқырманның талабы. Шынайы ақпарат. Байыпты сараптама. Нақты тұжырым. Таңбаланған тарих. Секунд сайын жаңарып тұратын сайттардан газетті айрықшалап тұратын негізгі басымдық – осы. Газетке басылатын сөздің мағынасы зор, ықпалы ерекше. Ел азаматтарының ізгі істері, қоғамдағы өзекті мәселелер жайын газет бетінен табуға болады.

Қазіргі таңда облыста баспасөзге жазылу науқаны жүріп жатыр.  Облыста шығатын  басылымдар арқылы өңірдегі болып жатқан оқиғаларды, жаңалықтарды оқып, біліп отырамыз. Ғасырлық тарихы бар «Ақтөбе», «Актюбинский вестник» газеттері — облыстың барлық аумағына тарайтын өңірдің бас басылымдары, өңір өмірінің айнасы. Аталған басылымдардың еліміздің ақпарат кеңістігінде лайықты орны, өзіндік бедел-бедері бар, тек ақпарат көзі ғана емес, сонымен бірге халықтың қоғамдық пікірін қалыптастыруға ықпал ететін қуатты медиа-ресурс, билік пен халық арасындағы алтын көпір деп те бағалауға болады. Бұл газеттер  Ақтөбе  облысының өмірін кеңінен қамтып, жүргізіліп жатқан экономикалық және әлеуметтік реформаларды дамыту мен насихаттауға елеулі үлес қосып отыр. Газет бетінде қоғамдық өмірдің сан саласын бейнелейтін тақырыптар сындарлы жазылып келеді, яғни өңірдің тыныс-тіршілігі мен шежіресі деуге әбден болады.

Облыстың тыныс-тіршілігін, алған асулары мен жеткен жетістіктерін халыққа жүйелі жеткізуші мазмұны байыған, ойы кемелденген басылымдар  бетінде мәдени-рухани дүниелермен қатар, саяси, тарихи, танымдық мақалалар қатары көбейіп келеді. Ақтөбенің  ресми басылымы ретінде, облыстың мәдени тыныс-тіршілігіне қатысты оқиғалардың барлығы газеттердің назарынан тыс қалмайды.

Сонымен қатар газеттер қоғамдағы түрлі проблемаларды назардан тыс қалдырмай, келеңсіздіктерді шешуде белсенділік танытып келеді.

Мысалы, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі өңірлік комиссияның отырысында кезінде қуғын-сүргін құрбаны болған бір тарихи тұлғаны зерттеп,  іздеу жұмыстары кезінде еш жерден мәлімет табылмаған болатын. Ешбір кітап бетінен, мұрағаттан ақпарат табылмайды. Тек аудандық газеттің сол кездердегі жарық көрген бір санында ғана мағлұмат  бар екен. Сол аудандық газеттің бетінде жарияланған ақпарат осы уақытқа дейін сақталған. Осыған ұқсас тағы бір оқиға да осы сөзімнің дәлелі болады. Осыдан 3-4 жыл бұрын облыстық «Ақтөбе» газетінің редакциясына көрші Қызылорда облысының Арал ауданында дүниеге келген қарт кісі келеді. Ол тылда еңбек еткенін дәлелдеу үшін құжаттар әзірлеп жүр екен. Өкінішке қарай, ол отбасы, жеке басына қатысты мәліметтерді растау үшін тиісті органдарға барып, куә болатын ешқандай адам таппаған. Кейін ол кісі облыстық басылымның тігінділерін ақтарып, әке-шешесі туралы жазылған мақаланы тауып алады. Нәтижесінде құжаттарын дұрыстап, мәселесін шешеді. Бұл жерде газеттің басқа ақпарат құралдарынан басты артықшылығы — оның сенімділігі мен өміршеңдігінде.

Заман алға озып, әлеуметтік желі қаншалықты жедел дамығанымен, газет өз маңыздылығын жоймайтыны белгілі. Оған алып елдердегі газет оқу мәдениетін мысалға алсақ та жеткілікті. Жапонияның ұлттық басылымы — «Асахи симбун» газеті 10 миллион таралыммен шығады. «Баспасөздің Отаны» саналатын Францияда күн сайын жүздеген мың таралыммен шығатын бірнеше басылым бар. Ал Қытайдың «Жэньминь жибао» газеті  миллиондаған таралыммен күніне екі рет және бірнеше тілде жарыққа шығады. АҚШ-тың «New York Times» газеті 1851 жылдан бері үзіліссіз шығып келеді. Оны қызыға, асыға күтіп оқитын оқырманы жетерлік. Тіпті әлемдік БАҚ сол газеттен сілтеме жасау арқылы ақпараттар таратып жатады. Ал Ресейдің «Вечерняя Москва» басылымын халық баспадан шықпай жатып сатып алып кетеді. Бұл басылым 1923 жылдан бері шығып келеді. Аталған мысалдар бүгінгі күні озық технологияларды ойлап тауып, интернетпен барынша қамтылған елдердің өзінде әлі күнге дейін газеттің орны бөлек екенін дәлелдейді. Газетті, тіпті радио мен телеарна ақпараттық сайттар да ығыстырып шығара алмайды. Технологияның дамыған заманында адамдардың руханиятын сақтап қалу үшін де газеттің рөлі зор. Газет — сауаттылық пен эстетиканың жаршысы. Тіл ұстартып, адамға тәрбие беруші құрал. Ал әлеуметтік желі тек ақпарат берумен ғана шектеледі.

Ғасырға жуық тарихы бар облыстық «Ақтөбе» газетін бүгінде ақтөбеліктер үзбей оқиды.

Газет бетінде жаңалықтардан бөлек, өңірдің тарихына байланысты мақалалар, белгілі тұлғалар туралы материалдар үздіксіз шығып тұрады. Ал басылымның ұзақ жылдардан бері ұстаздардың рухани дүниесін кеңейтіп, шығармашылығын шыңдап, білім саласындағы жаңашылдықтардан хабардар болып отыруына қосқан үлесі, тіпті орасан. Бүгінде бұл газетте облысымыздағы барлық жоғары, арнаулы, орта білім беретін оқу орындары ұжымдарының мақалалары, оқушылардың шығармалары жарық көреді. Сондықтан бәсекеге қабілетті және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген жас ұрпақты тәрбиелеуге мүдделі әрі оқу үдерісіндегі заманауи жаңалықтарды білуге ұмтылатын кез келген ұстаз бұл газетті оқуы керек. Сондай-ақ мәдениет, спорт, денсаулық сақтау саласында еңбек етіп жүрген ақтөбеліктер де бұл басылымның тұрақты оқырманы болуға тиіс. Себебі пандемия кезінде облыстық газеттер ақ халатты абзал жандардың ерлігі туралы жазып, өз кейіпкерлерінің адам жанына араша болудағы рөлін, жанкешті еңбектерін жеткізе білді. Ал мәдениет және спорт саласы қызметкерлерінің, мемлекеттік қызметшілердің жүйелі түрде жасап жатқан жұмысын жеткізуде газеттің орны айрықша. Себебі өңірде ұйымдастырылып жатқан қоғамдық-саяси, мәдени-көпшілік іс-шаралар газеттің әрбір санынан тыс қалған емес. Сондықтан біз қашанда республикалық, облыстық, аудандық  газеттердің тұрақты оқырманы, жанашыры болуға тиіспіз.

Баспасөзге жазылу — ерікті. Бүгін оқырманды газетпен емес, газетті оқырманмен қамтамасыз ету қажеттілігі туған кезеңде сенімді әрі шынайы ақпарат алғысы келген, елінің ғана емес, өзінің де тағдырына бейжай қарай алмаған кез келген азаматтың газетке жазылудан қалыс қалмайтыны анық.

Ләззат ОРАЗБАЕВА,
облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы.

Басқа жаңалықтар