Басты тақырып

ШЫҒАНАҚТЫҢ ТОЙЫ — ЕҢБЕККЕ ТАҒЗЫМ!

Тары дақылынан дүниежүзілік өнім алуға қол жеткізген әйгілі дихан Шығанақ Берсеұлы туралы әр жылдарда аз айтылып, аз жазылмаған сияқты көрінеді. Ол кісінің атында мектеп, көше, кеңшар, ауылдық кеңес (қазір округтік әкімдік), кітапхана т.б. аз емес сияқты. Бұл мәселенің ақпараттық, есептік көрінісі ғана. Бұл жерде негізгі ныcана тары өсіруден әлемді таң қалдырған қарапайым еңбекқор-бейнетқор жанның, шетелдік ғалымдар мен мамандардың таңданыстары мен зерттеу нысанына айналып олардың көздері жетіп мойындалып «Шығанақ бұл болмасты болдырған адам» деп бағалауы таң қаларлық сенсациялық жаңалық болатын. Себебі шетелдік осы саланың кәсіби мамандары мен ғалымдары кез-келген жаңалықтар мен жаңа табыстарды, әсіресе, кеңестік тың бастамаларға менсінбей қарайтын, мойындауға ықылассыз үрдіс қалыптасқан болатын. Кеңестік өкіметтің сәл ғана жетістіктерді (қай салада да) көз бояушылықпен асыра көрсету, қосып жазу, жалған мәлімет, озаттар мен стахановшыларды қолдан жасау қалыптасқан әдеттегідей ұстаным болатын. «Американы қуып жетіп, босып озу» жолында ештеңеден тайынуға болмайтын.

Әрине Ш.Берсеұлы тары егудің қыр-сырын ұзақ жылдардағы өзі көріп, басынан өткерген тәжірибесі арқылы меңгерді және ол атақ-даңққа, әлдебіреулерді таңқалдыруға зәредей де құлқы болмаған жан. Өз өмірінде адам төзгісіз азапты бейнеттерді және қазақ даласына айналып соға беретін  аштық пен жұттың  зардаптарын өткерген, одан өлмей, тірі қалып, есі кіресілі-шығасылы аштық қалде отырғанда «Иә» «Алла осы тозақтан аман қалып,  жазға тірі жетсем, жерді қолыммен жыртсам да, тары егем. Уа, Жаратқан Ием, сол күнге жеткізе гөр! Осы уәдемді қабылда, бұл-ақыреттік антым» — деп күңіренген Шығанақ көктемге жеткеннен кейін, Құдайға берген антына адал болуды және өзіне қараған ағайын мен ауылдастарының қарындарын  тойғызуды ғана мақсат тұтқан болатын. Шаруа адамының саясаттан өкіметтік үгіт-насихаттан хабары да жоқ-тұғын. Ал, неге тарымен айналысты? Азықтыққа жарамды бидай немесе басқа дақылдарды екпеді? — деген сұраққа Шығанақ атамыз сол тұста-ақ, өзі жауап берген-ді. «Арпа көже — ел жатқанша, бидай  көже-таң атқанша, тары көже-келесі күн батқанша». Бұл тарынның азықтық  қуатына өз тәжірибесі арқылы көз жеткізген білікті адамнның сөзі немесе Шықаңның «бидайдан бір тамғанда, тарыдан екі тамады» — деген сөзі де тары дақылының бидайдан бірнеше көп есе өнім алуға болатындығын айтқаны.

Аңыз-диханның тары туралы, адал еңбек, төгілген тердің қайтарымы  жөнінде айтқан мағыналы сөздері аз емес. Оны тізбелеу мен талдауда мақсат етіп отырған жоқпыз.

Тары — соғыс жүріп жатқан тұста стратегиялық маңызы бірінші орында тұрған аса қажетті өнім  болды. Сол бір қиын-қыстау кезеңде халықтың ас-азықпен қамтамасыз етілуі төмен болғаны шындық. Ал қанды қасапта, өлім мен өмірдің арасында бастарын бәйгеге тігіп жүрген жауынгерлерді қуатты азықпен қамтамасыз етуде. Тары жармасының орны айрықша еді. Себебі оқ пен оттың ортасында жүрген отан қорғаушылар құнарлы азықпен қоректенбесе, дәлірек айтқанда, тағамда белок құрамы жетіспесе, ауруға шалдығу ықтималдылығы жоғары. Бұл орайда құрамында белок мөлшері жоғары тары дақылы көптеген қажеттіліктерді өтейтіні белгілі және тез бұзыла қоймайтын ауа райының өзгерістеріне төзімді, алып жүруде де қиындық тудырмайтын, сапалық құрамы жоғары дақыл. Оны Шығанақ дихан да терең түсінгендіктен, өз тәжірибесіне сүйеніп халықтық селекция т.б. агротехникалық шараларды ұдайы жүргізуді назардан тыс қалдырмады, осындай зор мақсатты еңбектер арқылы мол өнім алудың амалын тапты. Қазақстан деген белгісіздеу мемлекетті әлемге танытты.

Жаңалық пен үздік нәтижелерге күмәнмен қарау, көзі жетпей жатып, оны мансұқтау, ғайбат айту, т.б. қай кезде де болатын, бола да беретін үрдіс осындай әрекеттерде Шығанақтың сыртынан айтылмай қалған жоқ. Алайда сол тұстағы, мемлекет қайраткерлері, ғалымдар, шетелдік оқымыстылар Шықаңа  арнайы келіп, егістікті аралап баптау, күту шараларына тәнті болып, диханның еңбегіне ырза болып, рекордтық өнімнің ақиқатына көз жеткізгені туралы ғылыми қортындылары бүгінде құнды архивтік құжатқа айналды.

Осы орайда әйгілі ғалым, академик Т.Д.Лысенко Шығанақпен кездескенде:

  • Шығанақ жолдас, агрономия ғылымының тұжырымдауы бейынша топырақтың, судың, күннің беретін мүмкіндігін есептегенде сіздің алған өніміңіз, шындыққа сыймайтын сияқты. Осыған не айтасыз? — деп сұрайды.

Сонда Шығанақ тілмәш арқылы «Бұл сұраққа мен жауап бермейін, тарының өзі жауап берсін, жүріңіздер, егіске барайық! — деп, қонақтарды егіске бастап апарады. Жайқалып тұрған егістікті көрген ғалым үндеместен егісті бойлай аралап кетіп, бұларды күттіріп қояды. Әлден уақытта оралған ол, басқаларға мойын бұрмастан, Шықаңның алдына келіп, үн-түнсіз қолын жүрек тұсына қойып тағзым етеді де жаптың жиегіндегі масақтарын көтере алмай, майысып тұрған тарыны нұсқаса керек

Сонда Шығанақ қарқ-қарқ күліп!

  • Ай, Лысенко қарағым-ай, оны маған көрсетпе қонақтарға көрсет, мына бір түп тарыдан кем дегенде бір пұт тары түседі деп, түсіндірсейші мыналарға, — дейді.

Шығанақтың осы сөзін  тілмәш арқылы естіген ғалым басын шайқап:

  • Жоқ, олай емес. Бері қараңдар! — дейді жанындағыларға, «Мен әр жерден барып тексеріп қарадым, мына түпте санап қарасақ, 35 масақ бар. Кейбір түпте 42 масақ бар екен, Демек, Шығанақ жолдастың бір масағында бір пұт емес, одан артық өнім бар» — дейді. Кейін осы сапары туралы 1944 жылы жазбасында таңдаулы ғалымдар дәнді егістің әрбір гектарынан алынатын 200 центнерден артық болуы мүмкін емес деп есептейді… «Сіз бұл есептен асып түстіңіз. Сөйтіп егіннен мол өнім алу — адамға байланысты екенін көрсеттіңіз» — деп жазады. Бұдан басқа да Ш.Берсеевтің тарыдан рекордтық өнім алғанын қуаттаған, құттықтаған ресми тұлғалар аз емес.

Осы жазбамызды қортындылай келе, мына жайттарды атамай кетуге болмайды! Өзіміз көріп, қатысып, Ш.Берсеевтің әр жылдардағы мерейтойларын аудан көлемінде атап жүрсек те, шет елдіктердің «Болмасты болдырған адам» атанған әйгілі дихан бабамызды бүгінгі ұрпақтар санасына насихаттау ісінде олқылықтар да аз емес екендігін байқадық. Оның бір мысалы дихан бабамыздың 125 жылдығы қарсаңында Ақтөбе қаласында Республикалық деңгейде ақындар айтысын өткіздік. Еліміздің әр тұсынан  келген айтыскерлер «Біз Шығанақ туралы ештеңе білмейміз» дегендерін естіп, екі күн бойы оларға лекция оқығанымыз бар, сол сияқты түрлі кездесулер де, шығармашылық танымдық шараларда дихан атамыз туралы сауалдарға тұжырымды жауап ала-алмай қалатын тұстарымыз да бар.

Сондықтан осындай олқылықтардың өркенін толтыру үшін, мектептерде, басқа да оқу орындарында танымдық, насихаттық шаралар мен лекторлардың білім сайыстарын, тақырыптық апталықтарды жиі енгізуге баса назар аударылса дейміз!

Нұрлыбек ҚАЛАУ,

 ақын-драматург, ҚР жазушылар Одағының мүшесі, Шығанақтанушы.

Related Articles

Back to top button