Басты тақырыпРухани жаңғыру
Жаңа белестің бес қадамы
Өткен бейсенбі күні Ойыл ауданына арнайы келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Шавхат Өтемісов пен Кеңес Абсатировтар Саралжын ауылдық округінде болып, тұрғындарға Президенттің бес әлеуметтік бастамасы туралы шынайы мысалдармен түсіндірді.
Бес әлеуметтік бастаманың маңызы мен мақсатына қысқаша шолу жасап, баяндаған Шавхат Өтемісов ел талқысына ұсынылған бағдарлама жобасы тұрғындардың ұсыныс-тілектері негізінде толықтырылып, мамыр айында бекітілетінін жеткізді. Халық қалаулыларының осындай кездесулерінде айтылған ұсыныстары сарапталып, Үкіметте пысықталатын бағдарлама негізінен әлеуметтің әлсіз тобына арналғанын аңғару қиын емес. Мәселен, тұрғын үй үшін берілетін несиенің мерзімі ұзартылып, алғашқы төлемі мен үстеме пайызы қысқартылуы әсіресе жас отбасылар үшін қолайлы болатынына қазіргі екінші деңгейлі банктердің ұсынып отырған ипотекалық несиесімен салыстыру арқылы көз жеткізуге болады. Өйткені, қазіргі қолданыстағы ипотекалық несие екінің-біріне қолжетімді емес. Соған қарамастан өткен жылы 11.6 млн шаршы метр үй пайдалануға берілді. Тіпті Кеңес Үкіметінің тұсында да Қазақстанда мұндай көлемде тұрғын үй құрылысы жүргізілген жоқ. Тек «Тұрғын үй-91» бағдарламасының қарқын алған тұсында, 1988 жылы ғана 8.8 млн шаршы метр үй салыныпты. Бірақ, әлеуметтік зерттеулердің нәтижесі бойынша елімізде бүгінгі таңда әлі де 2.6 млн адам баспанаға мұқтаж. Бұл Қазақстан халқының 14 пайызын құрайды. Демек, бағдарламаның халықтың көңілінен шығуы да сондықтан болса керек.
Сонымен қатар, жоғары білім алушыларға қосымша 20 мың гранттың ұсынылуы да ұрпағының болашағын ойлаған адам үшін қуаныш. Ал, оның 11 мыңы техникалық және ауылшаруашылығы мамандықтарына бөлініп отыр. Жатақхана мәселесін шешу жолдарының қолға алынуы сабақтас мәселенің салмағын жеңілдетері сөзсіз.
Ал, кездесуде ауыл ақсақалы Қабидолла Мұхамбетқазиев суармалы жерлерді тиімді пайдалану мақсатында сурамалы шабындықтарды тазарту, ағаш-бұталардан арылту мәселесін көтерді. «Спарта» шаруа қожалығының төрағасы, аудандық мәслихат депутаты, фракция мүшесі Спартак Төремұратов соңғы уақытта ауылдың «қартайып» бара жатқандығын тілге тиек етіп, жастарды тұрақтандыру, ауылдың қозғаушы күші — ауыл шаруашылық мамандарын оқытып, оларға ауылдық жерден тұрақты жұмыс ұсыну мақсатында мемлекет тарапынан нақты механизмдерді қарастыру және ынталандыру шараларын қабылдау жөнінде ұсыныс жасады.
Халық қалаулыларына сауал жолдаған аудандық мәслихаттың хатшысы Берік Бисекенов экологиялық мәселені сөз ете келіп, соңғы уақытта өзен суларының ластануы, өзен аңғарларын қамыс- қоғадан тазалау мәселесін құзырлы мекеме арқылы шешу керектігін айтып өтті. Облыстың үш ауданының ауылшаруашылығының тіршілігіне тірек болып отырған, қапталын қамыс пен қоға басқан Ойыл өзенінің аңғарын тазарту үшін ауылшаруашылығы министрлігінің су шаруашылығы комитетінің назарын аударуды ұсынса, Мәжілісмендер кейбір сауалдарға жауап беріп, кейбір ұсыныстарды тиісті органдарға жеткізетіндігін айтты.
Р.S. Мәжіліс депутаттарымен бірге «Нұр Отан» партиясы Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының орынбасары Нұрхан Ағниязов болды.
Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл ауданы.