Басты тақырыпМәдениет
Бірлігіміз бекем болсын!
Қазақстан халқының бірлігі күні — Қазақстанда 1996 жылдан бастап жыл сайын тойланатын мереке. Өйткені, 1995 жылдың 18 қазанында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығы бойынша 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күні деп жарияланды. Ал, бұл мерекенің мақсаты - ел ішіндегі түрлі ұлт пен дін өкілдерінің бір-біріне деген сый-құрметін арттырып, татулықты, бірлікті, ортақ құндылықтарды насихаттау.1995 жылдың наурызында дүние жүзіне үлгі болып отырған, ұлтаралық татулық пен тұрақтылықтың феномені – Қазақстан халықтары Ассамблеясы құрылды. Бұл ешбір елде болмаған ерекше, саяси маңызы зор құрылым.
Қазақтың пейіліндей кең даласы бүгінде 130-дан астам ұлт өкілдеріне ортақ Отан болып тұр. Бейбітшілікті ту еткен қазақ халқы байтақ даланы мекендейтін барлық ұлттың мақсатын біріктіріп, мүддесін тоғыстырып, біздің ортақ үйіміз – Қазақстанда шынайы достықты қамтамасыз етіп келеді. Бүгінде әрбір ұлтқа салт-дәстүрлерін жаңғыртуға, мәдениеті мен әдебиетін дамытуға, тілінің жетілуіне қамқорлық көрсетілуде. Осының бәрі Елбасының қоғамдағы азаматтық ынтымақтастық пен ішкі саяси тұрақтылықты сақтау стратегиясын дұрыс таңдап, ұлтаралық қатынастарды реттеудің тиімді тетіктерін жасай білуінің арқасында мүмкін болуда. Өзара түсіністік, ұстамдылық, әр түрлі ұлттар өкілдерінің рухани және мәдени құндылықтарына құрметпен қарау әдебі барлық этностарға ортақ жалпы халықтық идеалдар мен қасиеттерді қалыптастыруға әсер етті. Нәтижесінде әрбір ұлт конституциялық құқықтық заңнама негізінде өзіне тән этностық ерекшелігін сақтай отырып, Қазақстанның қоғамдық құрылымына үйлесті сіңісе білді.
Соның айғағына бүгін Ойылда тағы бір көз жеткіздік. Өзгені өңмеңінен итермей, барымен бөліскен бабалар салған жолды бірлікке ұмтылып жалғаған ойылдықтар үшін бұл күннің жөні бөлек десе де болғандай. Өйткені, мереке алаңына жиналған жұртшылық көктемнің ызғарын елемей, сахна төрінен төгілген әр ұлттың әуенінен елітіп, ырғала билеп жүргендерді де көрдік. Ал, алаңның бір қапталындағы аудандағы мекеме қызметкерлерінің күшімен әзірленген «Халықтар достығы дастарханы» алыстан көз тартады. Шарларын шарықтатып, жалауын желбіреткен жастар бірлік күнін «Қара жорғамен» бастап, әр ұлттың билерімен жалғастырды. Аудан халқын маңызы бөлек мерекемен құттықтаған аудан әкімі Дастан Сағыров ауданның дамуына қал-қадірінше үлес қосып жүрген әр салада еңбек ететін бірнеше ұлттың өкіліне шынайы ризашылығымен қоса марапатын тапсырды. Ал, меркелік шара әр ұлттың әндерімен жалғасып, жұртшылықтың «Халықтар достығы дастарханы» ұсынған дәмнен ауыз тиюімен аяқталды.