Басты тақырыпДенсаулық
Жырақтағы жерлестер тағы қолұшын созды
Әлемді теңселткен дерт адам таңдамайтынын көрсетсе, жетімін жылатпай, жесірін жатқа жібермеген қазақтың дархан мінезі бұл жолы да өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Әсіресе осындай қиын кезде... Ел басына күн туған кезде, бір үзім нанын бөліскен халықтың сол мінезі бұл жолы да әлемді жайлаған дерттің бетін қайыруға септігін тигізіп отыр.
Суын ішкен жеріне туын тікпесе де, жақынына ғана емес, тұтас ауданға жанашыр болып отырған азаматтар бар. Осыдан жиырма жылға жуық бұрын Ақтөбедегі жерлестердің бастамасымен қолға алынған «Ойыл» ынталы тобының мүшелері тағы да мәрттік танытты. Айта кету керек, Ақтөбедегі ойылдықтардың үндеуіне әрісі Елордадағы жерлестер де атсалысты. Бас-аяғы бір аптаның ішінде әлеуметтік желі арқылы қаражатын жинап, бүгін топ жетекшісі Нұрлан Жұмағалиев, жерлестеріміз Төлеу Сапаров пен Дулат Хайруллиндер 2150 мың теңгенің дәрі-дәрмектері мен мендициналық құрал-жабдықтарын аудандық ауруханаға жеткізді. Яғни, дәрілердің негізгі бөлігі қауіпті ауруды емдеуге арналған хаттамаға енгізілгендер. Сонымен қатар, оттегімен толтырылған баллондар. Дәрігерлермен кездесу барысында Ойылға көмек ұйымдастыру туралы құрылған жұмысшы топтың жедел қызметіне ризашылығын жеткізген Нұрлан Нұрымжанұлы ауырғандардың сауығып тездетіп отбасына қосылуын тілеп, ерен еңбектері үшін дәрігерлер қауымына да алғысын жеткізді. Қаражатын жинау Дулат Хайруллинге жүктелсе, дәрігер ретінде ауданға қажетті жабдықтар мен дәрілерді табу мен үйлестіру жұмысын Төлеу Тынышұлы қолға алыпты.
Осындай үлкен іске ұйытқы болған ағаларға аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев пен аудандық аурухананың бас дәрігері Сәндібек Нұрбаевтар пандемия кезіндегі аудандағы ахуал мен аудан халқының атынан ризашылықтарын білдірсе, игілікті шараның үстінен түскен зейнеткер мұғалім Зәуреш Молдашева да жүрекжарды тілегін жеткізді.
Р.S
Бұл Ақтөбедегі жерлестердің көмегінің алғашқы кезеңі екенін жеткізген Нұрлан Жұмағалиев осы игілікті іске үлес қосқан ойылдықтарға да ауылдастарының алдында лебізін білдірді.
Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл селосы.