Басты тақырыпСпорт

Ұлттық спорт Ұлы Жеңіс күніне арналды

Ұлы Жеңістің 74 жылдығына арналған мерекелік шара түске таман аудандағы атымтай, жомарт азаматтардың демеушілігімен ат үстіндегі ұлттық ойындармен жалғасты. Сай астындағы ат жарысы өтетін арнайы орында ағаш үйлер тігіліп, ардагерлер мен аудан қонақтарына ас берілді. Аламан бәйге мен ат үстіндегі ұлттық ойын түрлерін тамашалауға келген адам қарасы көп болды. Құйрық-жалы таралған сәйгүліктеріміздің дүбірлі додаға үлкен дайындықпен келгенін әп дегеннен аңғардық. Аламан бәйгеге 9 сәйгүлік қатысты. 18 шақырымдық бәйге басталғаннан-ақ тұлпарлар бірі-біріне шаң қаптыра шаба жөнелді. Нәтижесінде мәреге ақшатаулық Мұхит Рахатовтың «Ақтабан» атты тұлпары бірінші болып жетті. Ал, екінші орын бәйге басынан осы «Ақтабан» атты тұлпармен қатарласа шапқан Жалғас Сидағалиевтің «Көгершін» атты сәйгүлігіне бұйырды. Мәреге үшінші болып Ғазиз Көңілқосовтың «Таймас» атты тұлпары келді. Әрі қарай әр мереке сайын дәстүрге айналып, өткізіліп келе жатқан «Көкпар» ойыны аудандағы санаулы командалардың бастарын бүгін де қайта біріктірді. «Көкпар» ойынына әбден машықтанған қаракемерліктер бұл жолы да жеңісті қолдан бермесе, Амангелді командасы бүгінгі ойынға біраз дайындықпен келгендерін көрсетті. Қаракемерліктермен бірге қарқынды ойын көрсетіп, екінші орынды еншілеріне байлады. Ал, берсиевтік жігіттер үшінші орында місе тұтты. Айта кетсек, «Көкпар» соңы жаппай көкпармен жалғасты. Одан кейін бойында намысы қайнаған, білекті де, тақымды жігіттеріміз аударыспақтан сынға түсті. Бұл сайыс өте тартысты болды. Жиылған көпшілік әр спортшыны қызу қолдап отырды. Нәтижесінде қарсылас шыдатпаған қаракемерлік Қуанышбек Төлегенов бірінші орынды жеңіп алса, берсиевтік Ринат Смағұлов екінші орынды қанжығасын байлады. Үшінші орын амангелділік Жәдігер Егізбаевқа бұйырды. Мамырдың мамыражай күнінде ұлттық спорт түрі ұлықталып, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары тарту еткен әскери әндер соғыс зардабын тартқан бабалар ұрпақтарының көңіл кірін аршып тастады.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар