ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып

ЕЛЕУСІН АҒАМЕН КЕЗДЕСУ ЖҰРТ ЖАЛЫҚПАЙТЫН ЖИНАЛЫС

жуырда ойылдықтар бір кездері «Елдің баласы» болған бүгінгі Ел ағасы – Елеусін Наурызбайұлымен кездесті. Ойылға деген ықыласымен сүйсінткен ағаның әңгімесін тыңдаудан ойылдықтар ешқашан жалыққан емес...

Түс әлетінен ауып кеткеніне қарамастан екі сағат уақыттың қалай тез өтіп кеткенін аңдамай қалдық.
Аудан әкімдігінің мәжіліс залына жиналған жұртшылықпен кездескен қоғам қайраткері Елеусін Сағындықов алдымен алпыс жылға шегініс жасап, балалық шағы, жастық дәурені өткен Ойылдың бүгінгі тірлігіне сүйсінді. Облысты басқарған тұстағы ел игілігі үшін барған тәуекелдің белесі мен жемісі, тізе қосқан азаматтардың еңбегі, өзінің өмір жолындағы алған «сабақтары» туралы тізбектегенде әңгімеге ұйыған жұрт айта түссе екен деп тілегендей…
Тек Ойыл емес, облыста «қой үстіне бозторғай жұмыртқалатқан» Елеусін ағаның қолтаңбасы кез-келген ауылдан кездесетініне тағы бір мәрте куә болдық.
Бұғанасы бекімей жатып маңдай тердің дәмін татып, елу жыл еңбектің майданында шыныққан аға қазірде қоғамның тынысынан сырт қалмаған.
Қашанда елдің алдында еңсесі биік Елеусін ағаға қойылған сұрақтың дені еңбек тәжірибесі туралы болды.
Ізгі лебізбен өрілген тілектерді «Ойыл ауданының құрметті азаматы» Ғазиз Займолдаұлы ағамыз Елеусін Наурызбайұлының ел үшін атқарған еңбегі мен кісілік келбетін әсерлі әңгімемен түйіндеді.
Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ

Басқа жаңалықтар