Әкімдік

Рәміздерге құрмет —  мемлекетке құрмет!

1991 жылы Қазақстан Республикасы КСРО құрамынан еншісін алып, өз тәуелсіздігін жариялағанда мемлекет басшысының алдында біздің мемлекетіміздің өткені, бүгінгі мен болашағы арасындағы сабақтастықты бейнелейтін рәміздерді таңдау міндеті тұрды. Сондықтан, Елбасы мемлекеттік рәміздерді дайындау үшін арнайы байқау жариялады. Жоғарғы Кеңестің талқысына түскен мыңдаған жобаның ішінен бүгінгі қолданыстағы рәміздер халық қалаулыларының таңдауына арқау болған туындылар. Арада алты ай өткенде комиссияға ұсынылған жобалардың ішінен Жандарбек Мәлібеков пен Шота Аман Уәлихановтардың Елтаңбасы мен Шәкен Ниязбековтің Туы жеңімпаз атанды. Сол уақыттан бері біздің көк туымыз әлемнің әр түпкірінде салтанатты сәттерде желбіреп, кеудеміздегі қуанышты кернеп әнұранымыз асқақтады…

1992 жылғы 4 маусымда Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері алғаш рет бекітілсе, 2007 жылы 4 маусымда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заң қабылданды. Осы Заңға сәйкес, жыл сайын 4 маусым Қазақстанда Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленіп келеді.

Бүгін Ойыл ауданында еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін паш ететін нышандардың күні айрықша құрметпен аталып өтті. Әрине, қай мемлекетте де мемлекеттік рәміздер ерекше қадірленіп, оларға биік мәртебе беріледі. Өйткені, мемлекеттік рәміздер де белгілі бір елдің өзіндік өмір салтын, бүкіл болмыс ерекшелігін, айрықша арман-аңсарын, басқалармен байланыс мұратын білдіретін белгі. Біздің елдің басты нышандары ұлттың ұғыммен ұштасып, осы талаптардың барлығына толық жауап береді.

Бүгінгі шараға келер болсақ, аудан әкімі Дастан Сағыров еліміз үшін маңызды мерекеге жиналған ойылдықтарды құттықтап, еңбек ардагерлері Қуаныш Әміров пен Бөкен Жантолыға және жуырда ғана белбеу күресінен Қазақстан чемпионы болған Ұлболсын Елубаеваға өз алғыс хаттарын табыстады. Мерекелік шара барысында мемлекеттік рәміздер туралы құнды деректерден құралған, көпшілікке беймәлім танымдық бейнебаян көрсетілді. Ал, аудан өнерпаздары мерекені патриоттық әндермен әрледі.

Басқа жаңалықтар