ӘкімдікБасты тақырып

Облыс басшысының оң бағасы Ойылдың әлеуетінің куәсі

Өткен сенбі Ойыл ауданына Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин аудандағы ауылдардың дамуымен, жаңа әлеуметтік нысандардың құрылысымен танысты.

Өңір басшысы жұмыс сапары барысында ойылдықтардың қуанышына ортақ болды. Яғни, құрылысы былтыр басталып, бір жылға жетпейтін уақыт ішінде бой көтерген дене шынықтыру-сауықтыру кешені іске қосылды. Құны 392,6 млн. теңгенің құрылысын жүргізген «Сұңқар құрылыс LTD» ЖШС жұмысты бір жылда аяқтады.
Халықтың саулығы үшін салынған сәулетті кешеннің салтанатты ашылуында сөйлеген Оңдасын Сейілұлы өзінің ақжолтай тілегін мерекелік лебізбен ұштастырды.
«Еліміздің Тәуелсіздік жылдары дене шынықтыру мен спорт та мемлекеттің айрықша назарында болды. «Дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын» жүзеге асыру мақсатында өңірде спорт нысандары материалдық-техникалық базасын жаңартылып, жаңа үлгідегі кешендер бой көтеруде. Еліміздің Тәуелсіздігінің мерейтойы болатын жылы біз бірнеше дене шынықтыру-сауықтыру кешенін пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Солардың бірі бүгін ашылып жатыр»,- деген Оңдасын Оразалин ойылдықтарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.

Құрылысты жүргізген «Сұңқар құрылыс ЛТД» ЖШС-і директорының орынбасары Тілек Сабырғазиев аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Қанат Ермағамбетовке жаңа ғимараттың символикалық кілтін тапсырды. Одан кейін облыс әкімі бастаған топ екі блоктан тұратын жаңа ғимараттың жұмысымен танысты. Жаттығып жатқан жас волейболшылармен тілдескен облыс басшысы оларға доп сыйлап, өздерінің жаттығып жатқан доптарына қолтабасын қойды. Жерлестерінің қуанышына арнайы келген ардагер спортшы жерлесіміз Елемес Шотанов дзюдо бөлімінде жаттығатын жас палуандарған спорттық киімдер тарту етті. Бұл спорт кешенінің біз үшін басты ерекшелігі бассейні. Жылдың кез-келген мезгілінде су спортымен айналысуға мүмкіндік береді.

Дене шынықтыру-сауықтыру кешенін қарап шыққан өңір басшысы тұрғызылып жатқан сегіз пәтерлі екі жалдамалы коммуналдық тұрғын үйдің құрылыс алаңына барды. Биыл күзде аяқталатын жобаның құны 161 млн. теңге. Бұл үйлерді тұрғын үй қорында кезекте тұрған аудан тұрғындары, халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған тобы алады. Облыс әкімі барған келесі нысан — шағын жылыжай. Жеке кәсіпкер Сапура Мырзағалиева облыс әкіміне өз ісін мемлекеттік қолдауды пайдалана отыра ашқанын айтты. Ол жылыжайды ашу үшін «Кәсіпкер» бағдарламасы бойынша 5 млн. теңге көлемінде жеңілдетілген несие алған. Былтырдан бері жылыжайда қызанақ, қияр, аскөк, салат жапырағы мен Бейжің орамжапырағы өсіріледі.

Оңдасын Оразалин сондай-ақ, жол құрылысы саласының алдағы жылға жоспарымен танысты. Осы жылы Ойыл ауылдық округінің алты көшесіне 132,8 млн. теңгеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Ш.Берсиев ауылындағы екі көше, Қараой, Сарбие ауылдық округтеріндегі тағы жеті көше жөнделмек.
Сонымен қатар, ауданда «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында елді мекендер сумен, газбен жабдықталып, жылдамдығы жоғары интернетпен қамтылады. «Еңбек» бағдарламасы аясында 250 млн теңгеге 57, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасымен 450 млн теңгеге 7, «Бизнестің жол картасы — 2025» бағдарламасы арқылы 12 жоба жүзеге асырылады. 562 тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланған.
Ойыл ауылында облыс әкімі сонымен қатар, 177 студент ауыл шаруашылығы, мал дәрігері мамандықтары бойынша білім алып жатқан Ойыл аграрлық колледжінде де болды. Ауданның ғана емес, іргелес Атырау облысы мен көршілес аудандардың жастары біліп алып жатқан оқу орнының жатақханасында сырттан келген студенттерге толық жағдай жасалған. Осылайша аймақтағы агроөнеркәсіптік кешені саласындағы кадр тапшылығы шешуге атсалысып жатқан Ойыл аграрлық колледжінің базасымен танысқан өңір басшысы облыстағы ауылшаруашылығы саласының мамандарын даярлайтын колледждің бүгінгі белесіне шын ризашылығын білдірді.

Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар