Білім
«Ұстаздан сабақ алсаңыз, алуан шекер балмен тең!»
ҚАЗАҚТА «ҰСТАЗСЫЗ ШӘКІРТ ТҰЛ» ДЕГЕН ҰҒЫМ БАР. ТІПТІ КЕЙБІР ДАНАЛАРЫМЫЗ «ҰСТАЗДАН САБАҚ АЛСАҢЫЗ, АЛУАН ШЕКЕР БАЛМЕН ТЕҢ!» ДЕП БЕКЕРГЕ АЙТПАҒАН. СОНДЫҚТАН «ҰСТАЗ» СӨЗІНІҢ ОРНЫ АЙРЫҚША. ЕШҚАШАН ҰМЫТУҒА БОЛМАЙДЫ. ОСЫНДАЙ ӨЗІ ӨМІРДЕН ӨТСЕ ДЕ, ҰМЫТУҒА БОЛМАЙТЫН БІЛІКТІ ҰСТАЗДАРДЫҢ БІРІ ҒАБИТ СҰЛТАНОВ. ӨМІРІНІҢ 33 ЖЫЛЫН ҚАРАОЙ МЕКТЕП-БАЛАБАҚШАСЫНДА ШӘКІРТ ТӘРБИЕЛЕУГЕ АРНАҒАН.
Ауылдастарына ғана емес, ауданға аты таныс, ұстаздық еңбегімен шәкірттерінің санасында сақталған шыншыл мінезді, өнегелі ұстаз Ғабит Орынбасарұлын еске алу мақсатында осыдан тура бір жыл бұрын аудан көлемінде өткен олимиада биыл да жалғасын тапты. Ауданның білім деңгейінің артуына математика пәні бойынша өзіндік сара жолын қалдырған математиктің еске алу шарасына орай ұйымдастырылған 7-8 сынып оқушылары аралығындағы олимпиада биыл аймақтық көлемде кеңейтіліп өткізілді.
Қараой мектеп-балабақшасының ұйытқы болуымен өткізілген айтулы олимпиадаға 12 мектептен 25 оқушы қатынасты. Олимпиадаға қатысушы оқушылар екі кезең бойынша сынға түсті. Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданынан да арнайы келіп, бағын сынаған оқушылар олимпиаданың жүлделі орындарын иеленді. Нақтырақ айтсақ, 7 сынып бойынша бірінші орын Қаратөбе мектеп-гимназиясының 7 сынып оқушысы жеңіске жетсе, 8 сынып бойынша Қараой мектеп-балабақшасының 8 сынып оқушысы Еркебұлан Амангелді жеңімпаз атанды. Аймақтық олимпиадаға қатынасқан барлық оқушылар II-ші, III-ші орындармен қатар алғыс хаттармен марапатталды. Айтулы шараға Ғабит Орынбасарұлының көз көрген, қызметтес болған ұстаздар қауымы, аудандық білім спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Серік Меруенов, ауыл әкімі Сәкен Ғазизұлы мен шәкірттері және ағайын-туыстары қатысты. Айта кетсек, Ғабит Орынбасарұлын еске алу шарасы аясында оқушылардың жетекшілері мен жиылған көпшілікке арналған «Сөнбес сәуле» атты дөңгелек үстел өткізілді. Онда Ғабит Сұлтанов туралы естеліктер айтылып, математиктің шәкірт тәрбиелеуге сіңірген өнегелі өмір жолы топтастырылған бейнебаян көрсетілді. Түстен кейін «Бәрі келді!» бағдарламасы ұйымдастырылып, жан-жақтан жиналған білікті ұстаздар екі командаға бөлініп, білімдерін сынға салды. Әр күнін оқушыларға арнайтын ұстаздарға сергіту тренингтермен қатар қызықты сұрақтар қойылып, бос уақыттарын тиімді өткізді.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл-Қараой-Ойыл.