Әлеумет

Елдің ықыласын жеткізді

Өткен аптада облыс әкімі аппаратының жетекшісі Нұржауған Қалауов облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің арнайы тапсырмасымен Алматы қаласында филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Рабиға Сыздықтың шаңырағында болып, туған жердің ықыласын жеткізді.

Аппарат жетекшісі 95 жастағы ғалымға Ақтөбе өңірінің экономика, денсаулық сақтау, әлеуметтік салаларының дамуына қосқан зор үлесі және қоғамдық өміріне белсене қатысқаны үшін «Ақтөбе облысының құрметті азаматы» атағын табыс етіп, облыс басшысы атынан сый-құрмет көрсетті.
Рабиға Сыздық туған жерінен арнайы жеткен марапатқа зор ризашылығын білдіріп, Ақтөбе жұртшылығына, облыс басшысына алғысын айтты.
— Еңбегімді ескеріп, мені ұмыт қалдырмаған азаматтарға алғысым шексіз. Ақтөбе облысы әкімінің бұл құрметін тек өзіме ғана емес, жалпы қазақ тіл ғылымы саласына көрсеткен зор құрмет деп санаймын.
Өз басым туған мекен —  Ақтөбе дегенде елең ете қаламын. Ақтөбе жері мен үшін қашан да қымбат. Облыстың азаматтары мені әрдайым құрметтеп, шынайы ықыластарын білдіріп жатады.
Бұған дейін Президенттің Жарлығымен І дәрежелі «Барыс» орденін алдым. Бүгін, міне, ақтөбеліктердің зор ықыласының арқасында «Ақтөбе облысының құрметті азаматы» атағын алып отырмын. Халқыма, еліме ризамын.
Мені бір қуантқаны, бұл атақтың менімен қатар философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталыға, елімізді әлемге танытқан әнші баламыз Димаш Құдайбергенге, елге елеулі қызмет еткен кәсіпкер Есімхан Құрманғазинге берілуі. Бұлар — қазақ елінің, Ақтөбенің абыройын көтеріп, атағын шығарып жүрген азаматтар. Сондықтан осындай жақсы адамдардың қатарында болу — мен үшін үлкен қуаныш.  
Құтты мекен — Ақтөбеміз өсіп, өркендеп, гүлдене берсін! Барша ақтөбеліктерді келе жатқан мерекелерімен құттықтаймын, — деді ол.

Басқа жаңалықтар