ӘлеуметБасты тақырып

ЖАРТЫЛАЙ ДАЙЫН ӨНІМ ДАЙЫНДАЙТЫН «TOMIRIS» ДҮКЕНІ АШЫЛДЫ

Жуырда жартылай дайын өнім дайындайтын «Tomiris» дүкенінің ашылуы өтті. Жаңадан ашылған дүкеннің тұсауын әулеттің үлкендері қиды. Жеке кәсіпкер Салтанат Қалдығұлова «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2 млн. теңге қайтарымсыз грант алып, өз кәсібін бастады. Дүкенде тұшпара, манты, самса, жайма және басқа да өнімдер дайындалады. Сонымен қатар қарапайым халыққа қолжетімді бағада барлық азық-түлік және ет өнімдері бар.


Салтанат 2022 жылы мамыр айында «Атамекен» ҚР Ұлттық палатасынан мемлекеттік грант алуға қатысады. Кәсібін бастағысы келген келіншек осы жылдың маусым айында бизнес жоспарын сәтті қорғап, қайтарымсыз 2 млн. теңгені ұтып алады. Бұл қаржыны кәсіпкер өндіріске қажетті заманауи құрал-жабдықтарға жұмсаған. Яғни, тоңазытқыш, мұздатқыш, ет тартқыш, қамыр илейтін және қамыр араластыратын аппарат, үстелдер сатып алды.


Салтанаттың негізгі мамандығы инженер-технолог. Өз қызығушылығын мамандығымен ұштастыра білген көп балалы кәсіпкер:
-“Бастау Бизнес” курсында кәсіпкерлікті қалай бастаудан бастап, оны қалай жүргізу, дамыту қажеттігін толығымен меңгердім. Қазір ауыл тұрғындарының қазанға салып, бір қайнатып ала қоятын жартылай дайын өнімдерге сұранысы артқан.Сұраныс өте жоғары. Бүгінде бізде күніне15 килограмм өнім өндіріледі, — дейді.
Етті шикізат ретінде «Еңсеген», «Сағын» шаруа қожалықтарынан алады екен. Қазіргі таңда 1 адамды жұмыспен қамтып отыр. 
-«Үй өнімдері сұранысқа ие болғандықтан алдағы уақытта тұрғындардың таңдауына сай санын еселей түсіп, өнімдерді өзге де дүкен, ауылдарға тасымалдап кәсібімді кеңейтуді жоспарлаудамын. Сұраныс бар жерде сапа да жоғарыламақ» — дейді.
Салтанаттың алдағы ісіне сәттілік тілейміз!
Гаухар АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар