Рухани жаңғыру

ҰЛТТЫҚ ТАҒАМДАР ҰЛТ МАҚТАНЫШЫ

Осындай тақырыппен өткен бейсенбіде Ш.Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлкетану музейі мен аудандық орталық кітапхана ұжымы бірлесіп, «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Наурыз мерекесін кең тұрғыда тойлау мақсатында мәдени көпшілік  шараға ұйытқы болды.

Ұлт мәдениеті мен үлгісінде азық-түлік деген ұғым – тағам, тамақ, несібе, ризық, дәм-тұз, нәпақа, ырыс, нәрем, ас-су, қорек — деп түрленіп айтылады. «Дастарханы кең», «қазаны оттан түспейді» деген сөздер әр қазақ шаңырағындағы тамақ берекесін, дәулетін бейнелейді. Міне осындай ілкіден келе жатқан ата-баба дәстүрі мен қазақ халқының қонақжайлылығы, ұлттық тағамдары туралы аудандық орталық кітапхананың «Сұңқар» клубының мүшелері өлең-жолдарын жолдаса, мұражай директоры Балқия Рысбаева ет, сүт, ұн, жеміс тағамдарының ұмытылып бара жатқан атауларын бейнеролик арқылы қайта жаңғыртты. Сонымен бірге тарихи-танымдық кеш ұлттық тағамға байланысты ырым-тиымдар мен мақал-мәтелдердің, насихат сөздердің ұмыт қалмауы үшін кейінгі буынның санасына сіңіруге мол мүмкіндік берді. Оған қоса мысқал, қадақ, пұт, батпан, саба, шара, білем, ұрттам сынды қазіргі жастардың бірі білсе, бірі біле білмейтін салмақ пен сұйықтықтың ұлттық өлшемдерінен көптеген мәлімет алдық. Айтулы шараға қатысқан еңбек ардагерлері ұлттық тағам аттарын табуда айрықша атсалысты. Шара соңында арнайы әзірлеген ұлттық тағамдардан ауыз тиген ауыл үлкендері қос ұжымға алғыстарын айтып, ақ баталарын берді.

Басқа жаңалықтар