Ойыл ауданына жасаған сапарында облыс әкімі Асхат Шахаров «Ойыл – Қаратал» күре жолының құрылысымен танысты. Автожол биылғы желтоқсан айында халық игілігіне беріледі деп жоспарланып отыр. «АссанаДорСтрой» компаниясы қазіргі күні асфальт төсеуді жалғастыруда. Су өткізгіштер, жол белгілері, қоршаулар, дыбыстық бағаналар орнатылған. Мердігерлер ұзындығы 20,3 шақырымды құрайтын автожолды мерзімінде аяқтаймыз деп уәде берді.
Қобдамен араға тас жол салынғанда көзін ашқалы жол азабын көрген, жамап-жасқалған күре жол әбден титықтатқан ойылдықтардың бөркін аспанға ата қуанбағаны жоқ шығар… Бірақ елдің шаттығы ұзаққа созылмай, 15 жылда орта жолдан сап тыйылатын түрі бар.
Халыққа дем берген думанның бұлайша су сепкендей басылуының себебі не? 15 жыл бойы сол уақыттағы облыс басшысы Елеусін Наурызбайұлына алғыс жаудырып жүрген жолымыз 10 күнде ойдым-ойдым болып, шашылып қалды.
Оған кінәлі кім? Ойыл – Қараой бағытындағы жол құрылысын жеңіп алған мердігердің 40 градус ыстықта жүрген 40 тонналық ауыр жүк көліктері.
Қараойдың жолына құрылыс материалдарын тасып болғанша, күре жолдың асфальт төсендісі ойдым-ойдым шұңқырға айналып, үстіңгі қабаты сыпырылып түсіп қалып, баяғы таз қалпына түседі.
Ойдымы шығып, орға айналған мынадай жолдың қаупі көп. Енді шаңы бұрқырап, бетке ұратын бұрынғы грейдер жолымызға жете алмай, жер сипап қалмаймыз ба? Шеті сетінеген жол шашыла береді.
Енді бізге мұндай жол қайта салынбайды. Ал, жамалған жолдың жайын көріп жүрміз.
Оған биыл Ойыл – Қаратал жолының құрылысы қосылды. Тағы да ауыр көліктер жолдың «мұңын» қалыңдата түсті.
Ойыл-Қобда бағытындағы күре жолға есептелмеген шамадан тыс ауыр көліктердің кесірінен шағын ойықтар үлкен апанға айналып, жүргізушілерге қауіп төндіріп отырғандығын былтыр жазған едік. Лауазымды тұлғалардың бәріне базынамызды айтып, құзіретті мекемелерге ұсыныстар жолдадық.
Бізді де еститін құлақ бар екен. Өткен аптада жолдың жайын өз көзімен көрген облыс басшысы Асхат Шахаров тура жолдың үстінде тұрып тапсырма берді.
«Жолдың сапалы салынуын бақылауда ұстаңыздар.
Жалпы, Ойыл ауданында бірнеше жолды жөндеу керек.
Әсіресе, құрылысы тоқтап тұрған «Ойыл-Қараой» аудандық маңызы бар жолды аяқтау қажет.
Қаржы бөлінді, бірақ мердігер компаниялар жауапсыздық танытқан. Басқа компания тауып, жұмысты жандандыру шарт. Ауылдарға кіреберіс жолдармен қоса, ең бастысы Ойыл мен Қобда арасын жалғайтын тасжолды келесі жылы жөндеуге кірісу керек», – деді Асхат Берлешұлы.
Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл селосы.