Әкімдік

Тұрғындардың тілегі көгілдір отын

Өткен аптада Көптоғай ауылдық округінің әкімі Ерлан Асылбаев округке қарасты Қарасу, Амангелді елді мекендерінің тұрғындарымен кездесіп, есеп беру жиынын өткізді. Ауданнан арнайы барған аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Болатұлы аудан бойынша атқарылған жұмыстар мен ағымдағы жылы жүзеге асатын ауқымды игі істер жөнінде ақпарат беріп, аудан үшін биылғы қуанышты жаңалықтармен бөлісті. Ал, келесі кезекте, округ әкімі Ерлан Базарбайұлы Көптоғай ауылдық округінің 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жөнінде баяндама жасап, алдағы атқарылатын басты міндеттеріне тоқталып өтті. Әрі қарай ақпараттық насихаттық топ мүшелері әр сала бойынша 2020 жылға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды кеңірек түсінідіріп берді. Атаулы әлеуметтік көмектің 2020 жылы өзгертілген жаңа форматы бойынша түсіндірген аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Аралбай Жолдыбаев 4 баласы бар отбасылардың балаларына үкіметтен 42 500 теңгеден бастап жәрдемақы тағайындалатынан және жас ерекшеліктеріне қарай «әлеуметтік пакет» берілетіндігін нақты жеткізсе, ауылдың іргесіндегі жерді тоздырмас үшін ірілі-ұсақты малдары бар шаруа қожалықтарға берілген жерлерінде отыру керектігін түсіндірген аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Жасұлан Ержанов тұрғындарға жеке тұрғын үйлерінің жер көлемін заңдастыруға, яғни құжаттарын толықтай рәсімдеп алуға шақырды. Ауыл әкімі Ерлан Асылбаев ауыл тұрғындарына өткен жылы төленбей қалған көлік салығын тезірек төлеуге ескерту жасай отырып, ауылдың тазалығын сақтауға шақырса, қарасулықтар ауылдың көшелеріне жарық шамдары мен ауылға таза су құбыры қажеттігін жеткізді. Айта кетсек, округ әкімі Ерлан Базарбайұлы бір күнде екі елді мекенге берген есебінде қос ауылдың да тұрғындарының тілегі көгілдір отын болды. Аталған мәселелер бойынша аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Таңат Нұрымгереев толыққанды жауап берді. Ауыл әкімінің халыққа есеп беру жиынының соңында тұрғындардың жеке мәселелері бойынша қабылдаулар өткізілді.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл-Қарасу-Амангелді-Ойыл.

Басқа жаңалықтар