ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып
«АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАСЫНА ОЙЫЛДЫҚТАРДЫҢ ҰМТЫЛЫСЫ ЖОҒАРЫ
Өткен аптада Ойыл ауданына «Ауыл аманаты» жобасының жұмыс тобы келіп, ауыл тұрғындарымен кездесіп, несиелеу шарттары, кооперация құру механизмі мен жобаның тиімді тұстарын түсіндірді. Сонымен қатар, қанатқақты жобаның «алғашқы қарлығаштарының» жұмысымен танысты.
Облыстық мәслихаттың депутаттары Талғат Салфиков пен Естай Сисенбаев бастаған жұмыс тобының өкілдері бағдарлама аясында жобалары алғашқы болып қолдау тауып, несие алып, өз кәсібін өрістетуге мүмкіндік алған Саралжын ауылдық округі Бестамақ ауылының тұрғыны Серікбай Жұмағалиевтың шаруашылығында болды.
Кәсіпкер өз шаруашылығын дамыту жұмыстары мен жоспарымен бөлісті.
Одан кейін сол Бестамақ ауылының тұрғыны Асылбек Нижанов жұбайы Мейрамгүл Бақтыгерееваның ауласындағы шаруашылыққа ат басын тіреді. Аталған жоба бойынша несие алған кәсіпкерлер қаржыны құс және сүт өнімдері бағыты бойынша жұмсап отыр.
Яғни, қаржының жартысы құс шаруашылығына жұмсалса, несиенің жартысы сүт өнімдерін шығаруға бағытталған.
Сиыр сауатын аппарат және өзге де жабдықтар сатып алған Мейрамгүл 15 сиырды сол аппаратпен сауады. Күніге 60 литрге жуық сүт алады. Одан қаймақ, май, құрт, сүзбе, майқұрт, айран дайындап сатады.
Ал, Бестамақ ауылының тұрғындарымен кездесуде облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Рақым Қарабалиев ауылдың берекесі туралы әңгімелесе, мамандар тарапынан жеңілдетілген несие шарттары, жұмыссыздықты жою, жеке кәсіп ашу арқылы табысты көбейту мәселелері терең түсіндірілді.
Жұмыс тобының сапары одан кейін Көптоғай ауылдық округінде жалғасты.
Облыстық жұмыс тобының мүшелерін қызықтырған жоба иесі «Ауыл аманаты» жобасының дәмін алғашқы болып көрген Қарлығаш Батырбекқызы бағдарлама аясында 4 миллион теңге несие алыпты.
Бұл қаржыға қажетті құрал-жабдықтарды алып, қазір сүт және жартылай дайын өнімдерді шығарып жатыр. Кәсіпті бастағанына бір айға жуық уақыт болыпты. Құрт, қаймақ, майқұрт, балқаймаққа сұраныс жоғары. Тартылған ет пен тұшпараны да сұрайтындар көп.
Отбасылық бизнес иесі жартылай өнімдерге — «Адал ас», сүтке «Адал milk» деген атау беріпті. Сол жерде ауыл тұрғындарымен кездескен топ мүшесі облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бас маманы Мереке Бисембин кәсіп ашқысы келетін ауыл тұрғындары үшін «Ауыл аманаты» жобасының берер мүмкіндігін жеткізді. Мұндай келелі кездесулер Көптоғай ауылдық округінің Амангелді ауылында және Шығанақ Берсиев атындағы ауылдық округтің орталығы Қаратал ауылында да өтті. Кездесуден мол мағлұмат алған ауыл тұрғындары, нақты сұрақтарын қойып, тиісті жауаптарын алды.
Р.S Жұмыс тобының мүшелері Ойыл ауданына сапары барысында «Спарта» және «Тәжібай-АГРО» ЖШС-нің бау-бақша және тары алқаптарында болып, «Досым» шаруа қожалығының жұмысымен танысып, Амангелді және Қаратал ауылдарын көктемгі су тасқынынан қорғау үшін салынып жатқан дамбыларды көрді. Сондай-ақ, мал азығын дайындап жатқан шаруалармен тілдесті. Ауылдардағы әлеуметтік нысандардың бүгінгі тынысымен танысты.
Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл селосы.