Әкімдік

Ортақ талапты орындау ауруға жол бермеудің алғышарты

Әлеуметтік желіні аша қалсаң, қауіпті індетті жұқтырғандар саны күннен күнге артып жатқандығын көресің! Бір қуанарлығы бұл вирустан жазылып шыққандар да бар. «Сақ адам сандығын құлыптайды», - демекші, халық денсаулығына, ұлт тағдырына алаңдаған үкімет басшылары елімізде төтенше жағдай жариялады. Бұл бағыт-бағдары айқын болашаққа қанат серпіген елдің қозғалысын кілт тыю деген емес. Керісінше тұтастай қазақ ұлтын қауіпті індеттен сақтап, аман алып қалудың алғашқы қадамы. Сондықтан ардақты ағайын өз денсаулығымыз үшін дұрыс түсінікте болайық.

Осы орайда өткен сәрсенбіде аудандық тауарлар мен көсетілетін қызметтің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Ғарифолла Құбаев бастаған арнайы топ өкілдері аудандағы халық көп баратын азық-түлік дүкендерін аралап, санитарлық тәртібін қадағалады. Әрине тұтынушылардың денсаулығы үшін тазалық мәселесін бірінші орынға қоятын дүкен иелері санитарлық жағдай қашанда сақталатынын жеткізді. Расында қарап отырсақ, жыл сайын село орталығынан сәулетімен сән беріп, бой көтеріп, аудан экономикасына оң септігін тигізіп келе жатқан дүкендерде олқылық болған емес. Әйтсе де, дүниені дүр сілкіндірген қауіпті індеттің алдын-алу, сақтану шараларын қолға алу мақсатында бет перде тағу, қолғап кию, қолдан жасалған өнімдерді жабық сату сынды әрекеттерді қатаң қарап, санитарлық ережелер мен гигиеналық нормаларды сақтау жолдары мен талаптарын жиі бақылауда ұстау керектігін түсіндірді. Сондықтан, аталған топ өкілдері төтенше жағдай кезіндегі заң талаптарына түсіністікпен қарау керектігін ескертті. Сондай-ақ, төтенше жағдай кезіндегі айтылған ескертпелер орындалмаған жағдайда айыппұлдар салынатындығын да ашып айтты.

Р.S
Сонымен қатар, Ақтөбе облысында да өткен түнде ерекше жағдайдағы шектеу режимі енгізілді. Ерекше жағдайдағы шектеу режимін бұзғандарға заң жүзінде қатаң шара қолданылады.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар