Әлеумет

Ойылдың ұмытылмас ардақтылары

Коммунистік партия билеген заманда Ойыл аудандық партия комитетінде (1930-1991ж.ж) бірінші секретары болып 12 азамат қызмет жасапты. Солардың ішінде Серікбай Төлеубаев (1944-1952ж.ж) Байсалбай Жолмырзаевтың (1959-1962, 1965-1972ж.ж), Сапар Сағынтаевтың (1972-1978ж.ж) ауданға сіңірген айрықша еңбектерін, биік парасат, азаматтық және қайраткерлік тұлғаларын ойылдықтар әрқашан да ризалықпен еске алды. Олардың үшеу де уақытында мемлекеттік жоғары наградалардың бірі – Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталғандар. Дегенмен, халықтың бағасы мемлекеттің қай наградасынан да жоғары. Аталған үш басшының қайсысына І орын тиесілі делінсе, еш ойланбастан оған үшеуі де лайық деген болар едім. Дегенмен, ауданға екі мәрте бірінші басшы болып ұзақ жылдар қызмет еткенін ескерсек, сөз жоқ бірінші орын Байсалбай Жолмырзаевқа тиесілі болары анық.

Байсалбай

1955-1972 жылдарда Ойылда қызмет атқарып оның 11 жылында аудандық партия комитетінің бірінші секретары болған Байсалбай аға Жолмырзаевтың еңбек жолы, адамгершілік қадыр қасиеті, қызмет бабындағы іскерлігі мен талапкерлігі менің жарнамалауымды қажет етпейді. Оған аға буын өкілдері, өзінен жасы да, лауазымы даүлкен азаматтар мен қызметтес болған замандастары көзі тірісінде де, өмірден өткен соң да жоғары бағаларын берген. 1968 жылдың күзінде Ащықарада үш отар саулықты (шопандары: Мақат Қойбағаров, Қалидолла Жаймағамбетов, Құбай Ізғалиев) қолдан ұрықтандырып жатқан күндердің бірінде Бәкең келе қалды. Қой ұрықтандырудың бүкіл процесін теория жүзінде сұрап, енді іс жүзінде көрсетуімді талап етті. Сонша жоғары лауазымды басшыдан мен қорқып та, қысылып та, ұялып та жүріп амал жоқ бәрін егжей-тегжейлі жасап көрсеттім. 1948 жылы мен Қазалыда зооветтехникум бітіргенмін, ал 10 жылдан кейін сен оқыған уақытта ғылымның дамығаны көрініп тұр. Темірдегі техникумның мұқият үйреткен екен деп риза болды. Арада он күн өтпей мені «Ойыл» совхозының Жаңабаз-Добров фермасына басқарушы етіп жіберді…

Байсалбай аға бюрода мамандардан кеңесшілер ұстайтын. Мал азығын дайындау, егіс себу, егін жинау, малшылардың ауыр қол еңбегін жеңілдету мәселелерін қарағанда көпшілік жағдайда «Ойыл» совхозының бас инженер-механигі Шығырбай Байдуллинді қасына кеңесші етіп отырғызатын. Өзекті мәселеге тірелгенде: «Шығырбай сен осы мәселе жөнінде жете білесің, ұсыныс-пікіріңді жасқанбай айт» — деп кеңесетін. Сол замандағы озық та, өзекті мәселенің бірі – қойды қолдан ұрықтандыру жұмысы қаралғанда: «Жете білмесеңдер мына отырған Жақсылықтан үйреніңдер. Оның былтыр мен көргенде ұрықтандырған үш отар саулықтарының әрбір 100 басынан 104 қозы алынды» — деп еңбекті жоғары бағалайтын. Әрбір совхозда «ауыр қол еңбегін жеңілдету жөніндегі инженер» деген штат ашқызып, дербес инженер-механик ұстады. Қыста малға шөпті МТЗ тракторына орнатылған шарнирмен тиетіп салғызады. Қар басып қалған «скирдтердің» айналасын бульдозермен аршытты. Шөп суыратын өгіз ырғақ жасатты, астаудағы мұзды оятын темір сүйменді қолды қарымасын деп ағашқа саптатты. Құдықтарға су шығаратын ЗИД моторлар орнаттырды. Мал жем жейтін мұз және қар астаулар жасатты. Малшылар мен шопандарға жылжымалы монша, дүкен, кино баруын, газет-журналдар мен радио-транзисторларына батарей жеткізілуін, еңбек ақыларының айына 2 рет (аванс және толық есеп) таратылуын, медицина қызметкерлерінің аралап, дәрі-дәрмек жеткізуін әрдайым бақылауда ұстайтын. Совхоздарға жіберілген өкілдерден ол қызметтер жөнінде нақты жазбаша ақпарат талап ететін. Аудан орталығының, совхоздардың әлеуметтік жағдайы мен құрылысына, жол көтеру, Барқыннан тұщы су келтіру, ағаш ектіріп, көгалдандыру, техникамен жарақтандыру т.б жұмыстары сол заман талабына сай болды. Сондықтан да бірінші секретарь аудан халқының құрметіне ие болды, нағыз іскерлік пен шеберлік, талаппен тәртіптің үлгісін көрсетті.

Жазушы Тобық Жармағамбетов өз шығармаларында Байғанин ауданын дәріптеп көкке көтерді. Ақын Сазгер Бәкір Тәжібаев туған жеріндегі жылтырап та су ақпайтын Ақбұлаққа арнап өлең мен ән жазып, 50 жыл бойы бүкіл Қазақ елі айтып келеді. Ал Ойылдың маңдайына біткен Құрал Тоқмырзин сияқты журналист- жазушысы ел басқарған азаматтардың сыртынан сөз айтып, газетке жазып, екіжүзділік жасап олардың абырой беделін түсіруді әдетке айналдырды. Бәкең қатыгез де, жазалаушы да емес. Ол талап пен тәртіптің адамы. Оны бұрмалаған жазушымыз «Еркіндеу кеткен еркелерді бір шыбықпен айдайтын сойылдық саясат жүргізді. Ауданда өзін әміршідей сезінді, Ойылдың Құнанбайы болды…» деп жазды (Н.Жұмағалиев туралы «Нұрлы ғұмыр» естелік кітабы — 2003). Құрал жазушы бола тұра хакім Абайды тәрбиелеп, оқытып әлемдік деңгейге көтерген әкесі Құнанбай қажыны жете түсінбеген сияқты. Бәкеңнің бетінде аздаған қорасан дақтары болатын, соны мезгеп «Тарғыл қауын» деген әңгіме жазды. Ойылды «Мола үстіндегі қалашық» деп очерк жазып, елге масқаралады. Ойыл ауданының 80 жылдық мерекесіне орай кітапты 2001 жылы маған жаздырмай, Сырым Бақтыгереевке жаздырды, менен ақша аяды деп сол кездегі аудан әкімі Ғазизді ғайбаттады. Сөйткен жазушымыз «Ұялған тек тұрмас» дегендей Бәкеңді мүсіркегендей болып:

«…Шашын оның ерте ағартқан дүмшелеу,

Колхоз-совхоз, фермалардың бастығы» — деп жағымпазданды (Бәкең туралы «Бекзат ғұмыр» естеліккітабы 208 бет 2003ж). Мұндағы «дүмше» деп мұқатып отырғандары Құралдың қыңыр да, қырсық, кекшіл мінезіне қанық болғандықтан құрмет көрсетпейтін совхоз директорлары Отар Қлипанов, Өтесін Бақаев, Дәулетжан Доспанбетов, ферма басқарушылары Жәрдем Сәрсенов, Қанатбай Сәрсенғалиев, Бақтыған Рысбаев, Омар Нұрғазин, Сағынғали Баетовтер болатын. Олар ешкімнің шашын ағартқан жоқ, қайта жергілікті ақын Жалғасбай Есенғалиев айтқандай «высшийді бастауышпен алқымдаған», ауылшаруашылығы өндірісінің нағыз майталман ұйымдастырушылары еді. Бәкең олардан іс талап ете жүріп, өзі де көп істердің қыр-сырын үйренді. 1971 жылы сегізінші бесжылдықтың қорытындысымен «Жетікөл» совхозы Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Шопан Бекіш Ғалымов Социалистік Еңбек Ері атады. «Дүмше» деп аталған басшылардың бәрі және одан да басқа бірнеше ондаған еңбек озаттары түрлі наградаларға ие болды. Бұл аудандық партия комитеті І-секретарының тікелей басшылығы мен еңбегінің, облыстың І-басшысы Николай Иванович Журин мен Республиканың бірінші басшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың алдындағы беделінің нәтижесі екені даусыз еді. Ойылды және өзіне құрмет пен марапат көрсетпеген азаматтарын масқаралаған сол жазушымыз кімді қорқытса да, кімге жағынса да «Ойыл ауданының құрметті азаматы» атанды…

Ел болған соң пендешілікпен алып-қашпа әңгімелерге желіккендер де, жел сөзге мән бергендер де кездесті. Десе де, барлығына тарих – таразы, уақыт – төреші, халық – сарапшы. Бүгіннің биігінен қарағанда Б.Жолмырзаевтың тұлғасы таудай асқақ. Ол ғылым кандидаты, Ақтөбе облыстық партия комитетінің бюро мүшесі, Қазақстан орталық партия комитетінің мүшесі, Республика Жоғары Кеңесінің депутаты, үш мәрте Еңбек Қызыл Ту, Құрмет белгісі ордендері мен оншақты медальдармен марапатталған мемлекет және қоғам қайраткері деңгейіне көтерілген азамат. Ойылды екінші Отаным деп ардақтап өткен Бәкеңнің туғанына биыл 90 жыл, өмірден өткеніне 20 жыл толды. Өмір және еңбек жолы ғибратқа толы азамат ағаның жаны жәннатта нұрлансын!

Қаракөз

«Қазақта: Жігіттің абыройы артса бір бақыт,

Алған жары жақсы болса мың бақыт» — деген ғибрат – нақыл сөз бар. Қаракөз апайдай өмірлік жары болған Байсалбай аға шын мәнінде мың бақыт иесі болды. Апай 1955 жылы шілде айында тұрмысқа шығып, Бәкеңнің Ойыл МТС-на бас агроном қызметіне тағайындалуына байланысты Ақтөбеден Ойылға көшіп келген. Мен оқитын VIII – «Д» класына жетекші болды. Сол жылы қазіргі Берсиев ауылдық округінің «почта пункті» деп аталатын жерінде Шығанақ атаның ізбасар шәкірті Зәуре Баймолдина суармалы ақ тары егісін салған. Тары бітік шығып, біздің класымыз апайымен қыркүйекте 20 күндей тары орды. Апай және бірнеше оқушы ақ көңілде, қонақжай звено жетекшісі Зәуренің үйінде жаттық. Апай бізге орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берді. Сабақ-сағат жүктелімі мектепте өте жоғары. Өйткені аудан бойынша орта мектеп тек Ойылда және Алтықарасуда. Оқушылар өте көп, VIII кластың өзі 6 класс болды. Соған қарамастан 23 жастағы жап-жас жетекшіміз уақыт тауып біздің тәрбиеші, қамқоршы арқа сүйеріміз болды. Колхоздардан келгендер аудан орталығының балаларындай емес жасқаншақ, аңқаулау, салдыр-салақ, киімдері нашар, орысшаға шорқақ болғанына қарамастан қала мектебінен келген ұстазымыз 20 күндей бірге егін орған оқушыларымен тез тіл табысып кетті. Біздің аз-кем тәртіпсіздігіміз болса да, дауыс көтеріп, ұрысқан емес. Қарап отырсақ, сол туа біткен, Қаражан анасының сүтімен дарыған сабырлы, сырбаз, қарапайым, кешірімшіл жайсаң мінезі міне, 90 жасқа тақап келгенде де өзгермеген.

«…Қаракөз Байсалбайдың тылы болды,

Жан досым сондықтан да ұлы болды» — деп жазыпты естелік кітаптың 207 бетінде ағайы Нойыш Әлжанов. Дәл берілген мінездеме, дәл көрсетілген суреттеме образ. Өйткені сол замандағы кейбір көршілес аудан басшыларының әйелдері сауда базарларының қожайыны іспеттес үнді шайларын, кілем, болонья плащ, джерси пальто, нейлон көйлек сияқты қолға түсе бермейтін өтімді тауарларды көтере алып, артық бағасымен сатып саудагерлікпен айналысып, күйеулерінің абырой-атағына кір келтірген фактілер болды. Біздің апайымыз ондай пендешіліктен аулақ, пәк болды. Оның есесіне Байсалбай аға Алматыға пленум, сессия мәжілістеріне 4-5 күнге командировкаға кеткенде ауданның беделді ақсақалдарын, Бәкеңнен аз-кем көрді-ау, ренжіп жүр-ау деген азаматтарын шақырып, қонақ етіп сый-сыяпат жасап жіберетін.

Апай – ел қадірлеген жарына қазақтың тарихында қалған Бопай, Айғаным, Зере, Ұлпан сияқты атақты аналарына тән жайсаң мінезімен 43 жыл серік болса, Бәкең өмірден өткеннен кейінгі 20 жыл бойы балалары мен немерелеріне ардақты ана, асыл әже атанып сәнді ғұмыр кешіп келе жатқан адам. Қаракөз апа Ойылдан бір нәрсе алып кету үшін емес, керсінше бір нәрсе беріп көмек көрсету үшін, көз көрген дәмдес-сыйлас болған замандастарының қуанышы мен қайғысына ортақтасу үшін келіп кетеді. Ботакөз кесенесінің ашылуы, Ойыл жәрмеңкесінің 150 жылдығы т.б мәдени-тарихи шараларға қатысып, ойылдықтармен бірге қуанды. Байсалбай ағаның аты берілген Ойылдың бас көшесінің жарықтандыру, абаттандыру жұмыстарына үнемі жәрдем көрсетумен келеді.

Бәкеңнің өмірден өткеніне 20 жыл өтсе де, басшысын құрметтеген Ойыл халқы оны естен шығарған жоқ. Оған басты себеп Қаракөз апай. Апайымыз ағаны қадірлей, құрметтей білді, азамат басын төрге озғызды, еңсесін биік көтерді. Сонда да ол «Менің осылай құрметтеліп жүргенім Бәкеңнің рухы мен жақсылығының арқасы ғой» — деп қарапайымдылық пен асқан ақылдылық көрсетіп келеді. Оның бұл қасиетін – өмірлік жолдасының бағалауы, қастерлеуі, рухани жоғары ұстауы барша қазақ әйелдеріне үлгі-өнеге болуға лайық деп білемін. Апайыма әлі де шуақты күндері мен қуанышы мол, немере-шөберелерінің мейріміне бөленген ұзақ жыл ғибратты ғұмыр тілеймін. Оған Алла Әмин десін!

Жақсылық БИСАЛИЕВ,

Саралжын ауылы.

Басқа жаңалықтар