Басты тақырыпСұхбат
Сәулеті мен дәулеті келіскен ауыл
Соңғы жылдары ауданға қарасты ауылдық округтердің ахуалы жақсарып келеді. Ауыз су, интернет желілері қосылып, жолдары да жөндеуден өтуде. Бүгінгі таңдағы басты мәселе - көгілдір отынмен қамтамасыз ету болса, оның игілігін көру ауыл тұрғындары үшін алдағы жылдардың еншісінде. Өйткені, өңір басшысы оңдасын оразалин жуырда ғана ауданға арнайы іссапарымен келгенде бұл мәселенің шешілуі де алыс емес екендігін айтқан еді. Демек алдағы 3-4 жылда ауылдық округтерге де көгілдір отын барады деген сөз.
Аудан орталығынан шалғай орналасқан ауылдардың бірі Сарбие ауылдық округі. Бұл ауылдың халқы төрт түлігін түлетіп, малдан напаха тауып отыр. Сарбиенің әрбір көшелеріне көз жүгіртіп қарасаң, көңіл тойдырады. Әрбір көшеде қоқыс жәшіктері мен жаяу жүргіншілер белгілері, баннерлер ілініп, барлық үйлерге көше атауы мен номерлері ілінген. Бұрын көшелері ескі техникаларға толып тұратын ауылдың бүгінде ажары кірген. Көшелері мұнтаздай тап-таза. Кесе-көлденең жатқан артық зат таппайсың. Күтуге шығатын малдың қиы таң ертемен тазартылып, алынады. «Жақсыны көрмекке» демекші, біз де Сарбиедегі арнайы репортажымызды таңертемен бастап кеттік. Таңғы сегізде ауыл ішінен керемет музыканың дауысын естідік. Отан, туған жер туралы кезегімен айтылған патриоттық әндер түс әлетіне дейін қосылды. Әсерлі әуен көңілді тербеп, бойымызды сергітті. Бұл музыканың құдалық еместігіне әбден көзім жетті. Ауыл әкімінен сұрағанымда «Біз бұл әндерді күнде қосып қоямыз. Шаруадан көз ашпай, дамылсыз қызмет етіп, ерте тұрып, кеш жататын шаруалардың ойын сергітіп, тұрғындардың тамаша көңіл күйде жүрулері үшін қосамыз»,— деп қысқаша қайырды. Расында мәнді де, мағыналы музыка адамның рухын көтеретіні шүбәсіз шындық. Әрі қарай жалғасақ, мамыржай ауылдың мұржаларынан жарыса шыққан әр үйдің түтіні түзу. Тұрғындардың тұрғын үйлерін әктеу, сырлау, қоршауларын жаңалау сынды жұмыстар қарқынды жүзеге асырылуда. Осындай жұмыстарды халықпен тығыз байланыс жасап, тіл табыса қызмет етіп жатқан ауыл әкімінің іскерлігі десек артық айтқандық болмас. Шынтуайтында, округ әкімі Дәурен Бисебаевтың бұл ауылға әкім болып сайланғанына көп уақыт өтпесе де, көп іске ұйытқы болып келеді. Сөзі де, ісі де тиянақты әкім. Көшелерді жарықтандыру бойынша 22 жарық шамы орнатылған. Жарықтандыру жұмыстарын әлі де жандандыруды көздеп отыр.
Әлеуеті жоғары әлеуметтік нысандар
Ауылда жастардың спортқа деген қызығушылығы жоғары. 1981 жылы туған жастар шағын футбол алаңын салып бергенде бізде куә болған едік. Ал, биыл «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында аудандық бюджеттен бөлінген 7,5 миллион теңгеге ауылға замануи үлгідегі тағы бір шағын спорт алаңы салынып, сарбиелік жастар үлкен қуанышқа кенелді. Алаң аумағы 800 шаршы метрді құрайды. Сондай-ақ, Сарбиеде 2011 жылы салынған «Әсем» балабақшасында 65 бала тәрбиеленуде. Балабақшада 12 педагог тәрбиеші қызмет жасауда. Олардың 80% жоғары білімділер, педагог тәрбиешілердің 33% жоғары және бірінші санаттағылар. Ауылға сән беріп тұрған мұндай сәулетті ғимараттар мұнда жетерлік. Әлеуметтік нысандар ауылдың ажары үшін ғана салынбасы анық. Сондықтан олардың халыққа қызмет көрсететін роліне байланысты бой көтерері сөзсіз. Биылдың өзінде осындай бірнеше әлеуметтік нысандар күрделі, ағымдағы жөндеуден өткізілді. «Жекенді» дәрігерлік амбулаториясы «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында 18,9 миллион теңгеге күрделі жөндеуден өткізілді. Халықтың денсаулығы тұрақты. Биыл 19 бала дүниеге келген. Әр іске бастама болып жүрген ауыл жастары «Оттегі концентраторы», «небулайзер» сынды аппараттарды алып берген. Ауылдағы білімнің қара шаңырағы саналатын мектептің салынғанына 32 жыл болған. Сапақкөл орта мектебі «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өтті. Жөндеуге жұмсалған қаражат – 41,9 миллион теңге. Мектепте 25 қызметкер, 41 мұғалім жұмыс жасайды. 219 оқушы білім алып жатыр.
Ауыл жастарына үлгі шаруа
Сарбиеде 30 жуық шаруа қожалығы бар. Бүгінде солардың қатарында ауыл шаруашылығын, оның ішінде мал шаруашылығын дамытуда иық тіресе қызмет етіп келе жатқан бүгінгі біз айтқалы отырған кейіпкеріміз Асылхан Сұлтанов. Тәуелсіздіктің құрдасы. «Жиембет-Назерке» өндірістік кооперативінің төрағасы. Мал шаруашылығымен айналысады. Алғаш шаруасын бастағанда 26 жаста болатын. Қазір шаруаға әбден төселген, ісіне мығым. 2017 жылы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» 10 миллион теңгене жеңілдетілген несие алып, шаруашылық техникаларын жаңартты. Әкесі Айса Сұлтанов әрқашан оған ақылшы. Шаруаның ыңғайын үнемі айтып отырады. Ағалары да қолдау болып келеді. Қазір мал басын асылдандыру, шаруасын одан әрі кеңейтуді көздеп отыр. Екі бірдей дипломы бар азаматтың мұндай шаруаға келуінің өзі біз үшін қызық болғанымен оның мақсаты айқын. Арман қуып қалада оқыды, тіпті тәуір жерлерде қызмет етіпте көрді. Бірақ ауыл баласы қаланың қарбаласынан гөрі, ауылдың шуын аңсады. Ақырында ауылға келіп, әкенің таяғын ұстады. Мал шаруашылығына мән берді. «Асық ойнаған азар» демекші ол мал бағып жүріп, қаланың жастарынан да, қатарластарынан да озып тұрғаны шындық. Асылханның айтуынша қазір ауылда 100 мың теңгеге малшы табу қиын. Жұмыссыз болса да мұндай жұмыстарды жасағысы келмейтіндер оны қынжылтады. Оның жаста болса шаруаны дөңгелетіп отырғаны ауылдастарына аян, ауыл жастарына үлгі.
Спортты серік еткен қария
Сарбие топырағында дүниеге келген, өткен ісі өнегеге толы тау тұлға-лар жетерлік. Өткен күннен сыр шертіп, әңгімемізге арқау болған ауылдағы қариялардың бірі Нұрахан Ибраев. 1939 жылы Жекенді бойындағы 3-5 жылдық колхозында дүниеге келген. Кезінде совхоз гүрілдеп тұрған кезде атақты механизаторлардың бірі де осы Нұрахан ақсақал еді. Совхоз сенім артып ДТ-75 тракторын берген. Малшы ауылдарға шөп тасып, қар түйді. Ол кезде қаһары қатты кәрі құданың суығына шыдап, қара жұмысқа әбден шынықты. Тіпті 7 орақпен шөп шапқан кездері болған. Оның осындай қиын-қыстау кездерде жасаған қызметі еленіп, «Даңқ» орденіне ие болған. Зайыбы Гүлзипа әжемен бірге он бір бала тәрбиелеп отыр. Олардан өрбіген 34 немересі мен 20 шөбересінің жанында бақытты күндерін кешуде. Нұрахан ақсақалдың жасы сексен бірге келсе де спортты жанына серік етіп жүр. Таңертемен жүгіруді әдетке айналдырған. Бір күн жүгірмей қалса, аяқтың буындары сырқырап ауырып қалады екен. Сондықтан ауылдың сыртына шығып, 2-3 километр қашықтықта дейін жүгіріп қайтады. Қазіргі таңда оған еліктеп таңертең жүгіруді қолға алып жатқандар да жоқ емес. Осылайша жастарды спортқа үндеп жүрген қарияның ісі кім-кімді де таңғалдырмай қоймасы анық.
Өнердің өрендері өскен жер
Сарбиеде мәдениет саласының серкесіне айналып, өнердің шыңына қанат қаққан жандар жетерлік. Олардың көшін бастап тұрған мәдениет майталмандарын айтар болсақ алдымен Мұқан Сатыбаев, Бекен Махметовтар бірден еске түседі. «Сапақкөл сазын» жазған Болат Қамиев ағамыздың ақындығының өзі бір мәртебе. Кейін осы ағалардың ізін басып келе жатқан Асылан Жұмабаев, Ерқанат, Ерген Сағынайұлы, Сансызбай Нұржанов, Ермұхамбет Махметов, Сәбит Берікұлының өнердегі қадамдары қуантады. Ал, ауылдағы домбыра үйірмесінің жетекшісі Алтынгүл Нұржанованың да еңбегі бір бөлек. Жас буынды домбыра баулып келеді. Өнерлі жастардың белін буып, тәрбиелеп мәдениет саласында 30 жылға жуық қызмет етіп келе жатқан Сарбие ауылдық клубының меңгеруші Гүлбарам Дәуленова мәдениет саласын дамыту жолында өлшеусіз еңбек етіп жүр.
Сұранысқа ие шаштараз
Нұрсезім Артықбаева «Жастар жылында» үкіметтің 505 мың теңге қайтарымсыз грантын ұтып алды. Ойыл аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы 3 ай шаш қию әдістерін меңгерді. Бұрыннан шаштараз ашуды ойлап жүрген келіншектің арманы орындалған. 505 мың теңгеге шаш қиюға қажетті құрал-жабдықтар алып, ауылдан шаштараз ашты. Нұрсезімнің кәсібі оған дейін шаш қидыру үшін аудан орталығына ағылатын адамдар үшін қуанышты жаңалық болды. Оның айтуынша шаш қию үшін кейбір кездерде ұзынсонар кезек болып қалады екен. Шаш қидыру бағасы да қымбат емес. Ер адамдардың шашын 500-600 теңгеден қияды. Ал, әйел адамдардың шашы сәл қымбаттау болады. Өйткені қазір Нұрсезімнің клиенттернің көбі әйел адамдар. Ауыл әкімдігінің бір кең бөлмесінде орналасқан тазалық орны яғни шаштараз ауыл тұрғындары үшін маңызды болып отыр. Осы бір бөлме-дегі кәсіпкерлік нысан ел игілігіне қызмет етуде. Нұрсезім Артықбаева «бұл шағын шаштаразды ауылда кәсіпкерлікті дамытуға тамшыдай болса да үлесімді қоссам деп аштым», — дейді.
Түтіні түзу ауыл
17-ге жуық түтіні бар Қаракөл елді мекені Сарбие ауылдық округіне кіреді. Ауылда қазір босап қалған үйлер көп. Себебі 5-6 отбасы аудан басына болмаса қалаға көшіп кеткен. Шағын ауылдағы негізгі кәсіп көзі мал шаруашылығы. Ауыл тұрғындары бар ырыс-несібесін малдан табады. Сондықтан ауылда мал басын көбейтіп, ата-кәсіпті үзбей келе жатқандар ғана қоныстанып отыр. Ауылдағы жалғыз әлеуметтік нысан – Қаракөл бастауыш мектебі. Ауданның Батыс Қазақстан облысымен шектесетін ең соңғы сағасы осы ауыл. Сатира сардары, жазушы Табыл Құлиястың туған жері. Түтіні түзу ауылдың тағдыры жұмбақ. Бірде бір қоғамдық нысан болмағанымен ауылдың тазалығы түзу жолға қойылған. Село әкімі жақында жарық шамдарын орнатуды қолға алмақ.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл-Сарбие-Қаракөл-Ойыл.