Сұхбат

Қысқы қатынаста кідіріс болмайды

«ҚЫСТЫҢ КӨЗІ ҚЫРАУ» ДЕЙДІ ДАНА ХАЛҚЫМЫЗ. КІМ-КІМНІҢ БОЛМАСЫН КӨКЕЙІНДЕГІ СҰРАҚ ҚЫЛЫШЫН СҮЙРЕТІП КІРГЕН БИЫЛҒЫ ҚЫСТЫҢ ҚАҺАРЫ ҚАНДАЙ БОЛМАҚ? АЛАЙДА БҮГІНГІ БАСТЫ САУАЛЫМЫЗ ҚЫСҚЫ ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫ МЕН ҚЫСҚЫ ЖОЛ ҚАТЫНАСЫНА ТАС-ТҮЙІН ӘЗІРМІЗ БЕ? БҰЛ САУАЛҒА ОЙЫЛ АУДАНДЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ ТАҢАТ НҰРЫМГЕРЕЕВ ЖАУАП БЕРГЕН БОЛАТЫН. ЕНДЕШЕ ТАҢАТ ҚАЗБЕКҰЛЫМЕН БОЛҒАН СҰХБАТТЫ НАЗАРЛАРЫҢЫЗҒА ҰСЫНАМЫЗ.

Алдымен 2020-2021 жылғы күзгі-қысқы жылыту маусымының өту барысы туралы баяндап берсеңіз!
— Ағымдағы жылғы 1 қазанға дейін аудандағы бюджеттік ұйымдардың жылу беру орталықтарына қажетті 2952,7 тонна қатты отын, 196,6 тонна дизель отыны бекітілген кестеге сәйкес толық тасылып жеткізілді. Аудан әкімінің 2020 жылғы 30 қыркүйектегі №270 өкімі негізінде 2020-2021 жылғы жылу беру маусымының басталғаны жарияланды. Жылу беруді қосу барысында төмендегідей кезектілік сақталып қосылды:

1) 2020 жылғы 1 қазаннан бастап бөбекжай-бақшалар, емдік мекемелері, жатақханалар;
2) 2020 жылғы 15 қазаннан бастап мектеп мекемелері, басқа оқу орындары, тұрғын үйлер, қонақ үйлер, қоғамдық және тұрмыстық ғимараттар, мәдениет үйлері, әкімшілік ғимараттар және басқа ғимараттар. Ойыл аудандық білім, дене  шынықтыру және спорт  бөлімі бойынша 2020-2021 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңдегі энергия өндіруші ұйымдардың әзірлік паспорты уақытылы алынды. Жылыту маусымын, мерекелер кезін қалыпты және қауіпсіз өткізу мақсатында жылу орталықтарында басшының бұйрығымен бекітілген кезекшіліктер ұйымдастырылды. Жалпы, жылыту маусымы ауданның барлық бюджеттік ұйымдарында қалыпты режимде өтуде.

Біздің аудан көгілдір отынның игілігін бірнеше жылдан бері көріп келе жатқаны бәріне аян. Желтоқсан ызғарлы басталды. Сондықтан, ауыл тұрғындарының қатты отынмен қамтамасыз етілуі туралы айтсаңыз.
— Жалпы аудан тұрғындары үшін көмір отынының болжамды қажеттілігі 3140 тоннаны құрап, көмір отынын жеткізу барысында тоннасы 21000-25000 теңге аралығында сатылуда. Ойыл ауылдық округі бойынша 22000 теңге, Ш.Берсиев атындағы ауылдық округі бойынша 25000 теңге, Қайыңды ауылдық округі бойынша 21000-23000 теңге аралығында, Саралжын ауылдық округі бойынша 22000 теңге көлемінде жеткізілуде. Ауыл әкімдері тарапынан көмір отыны бағасының негізсіз өсуін болдырмау назарда ұсталып отыр.

Аудан мен ауылдар арасындағы қысқы қатынас қалай болмақ? Қар тазалау техникалары әзір ме?

— 2020 жылы аудандық маңыздағы 291,360 киллометр жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдары қызметін қамтамасыз етуге ашық конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алудың қорытындылары негізінде «Univer» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас  директоры С.Б.Ахановпен 2020-2022 жылдарға жолдарды  күтіп ұстауға 2020 жылы 27 қаңтарда №2 келісім шарт жасалды. Пайдаланылып отырған техникаларының саны: 6 дана.
Қыс айларында аудандық маңыздағы автокөлік жолдарында қар басу қауіпі бар 7 учаске 30 километр қашықтық анықталып, белгіленген-ді.
Нақтырақ айтсақ, Ойыл-Қараой автокөлік жолының 4-13 км; 33-35 км; 45-49 км; 63-69 км аралықтары жалпы ұзындығы 21 шақырым. Көптоғай ауылына кіреберіс автокөлік жолының 20-21км, 25-26 км аралығы  жалпы ұзындығы 2 шақырым. Қайыңды ауылына кіреберіс автокөлік жолының 8-15 км аралығы, жалпы ұзындығы 7 шақырым. Қажетті жанар-жағар май мердігер мекеме арқылы қамтамасыз етіледі. Қолайсыз ауа райында далада қалған жағдайда 101 және 112 телефон номерлеріне хабарласу керектігі аудан тұрғындарына ескертіледі.
Сондай-ақ, әр ауылдық округ жолдарында қар ұстау қаупі бар аймақтарға қолда бар материалдармен (тал, қамыс, ши т.б) қар тоқтатуға қалқан жасақталды.

— Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан: Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар