Басты тақырыпСұхбат
КҮЗГІ ЖИЫМ-ТЕРІМ ҚЫЗУ ЖҮРУДЕ
ҚЫРКҮЙЕК КІРГЕЛІ ШАРУАЛАР КҮЗГІ ЖИЫМ-ТЕРІМ НАУҚАНЫН ҚЫЗУ ЖҮРГІЗУДЕ. ҚЫСҚЫ МАЛ АЗЫҒЫН ӘЗІРЛЕУ, АУЛАЛАРҒА ТАСЫМАЛДАУ ЖҰМЫСТАРЫ МЕЖЕЛІ ІСКЕ АСУДА. КҮЗГІ ДАЛАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮЗЕГЕ АСУЫ МЕН КҮЗГІ ЖИЫМ-ТЕРІМНІҢ ТҮСІМІ ҚАЛАЙ СЫНДЫ БІРНЕШЕ САУАЛДАР БОЙЫНША ОЙЫЛ АУДАНДЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ КӘСІПКЕРЛІК БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ АБАТ МҮБАРАКОВПЕН АРНАЙЫ СҰХБАТТАСҚАН ЕДІК. ЕНДЕШЕ СҰХБАТЫМЫЗДЫ ОҚЫРМАН НАЗАРЫНА ҰСЫНАМЫЗ!
— Армысыз Абат Қаратауұлы! Сұхбатымыздың басында мал азығы мен көктемгі егілген дәннен өнімді қалай алдық деген сауалға толыққанды жауап берсеңіз.
— Биыл көктемде 500 гектар жерге дәнді дақыл, 1800 гектарға мал азығы, соның ішінде 500 гектарға бір жылдық, 1300 гектарға көп жылдық шөп егілді. Көктемгі дән себу науқанына 5 шаруа қожалық, 1 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 1 ауыл шаруашылық өндірістік кооператив қатысты. Биылғы көктем жерге дән себкен шаруалар үшін өте сәтті жыл болды. Жердің ылғалы егілген дәннің мол өнім беруіне үлкен мүмкіндік берді. Нәтижесінде жоғары да аталған жер көлемінен 337 тонна өнім түсті. Нақтылап айтсақ, оның 70 тоннасы арпа, 267 тоннасы тары өнімі. 218,100 тонна мал азығы дайындалып, 198,5 тонна тасылды. Ал, село тұрғындарын қысқы мал азығымен қамту мақсатында шілде айының 23-нен бастап, әр аптаның сенбісінде ауыл шаруашылық шөп жәрмеңкелері ұйымдастырылды. Нәтижесінде 15,600 дана тюк жәрмеңке алаңына шығарылып, тұрғындардың аулаларына түсірілді. Бірақ қысқы мал азығын алуда тұрғындар арасында бейқамдық байқалады. Қыстың қалай болары беймәлім. Сондықтан тұрғындар арасында қысқы мал азығымен қамтылуын қадағалап, түсінік жұмыстарын жүргізіп келеміз.
— Күз кіргелі шаруалар жанар-жағар май тапшылығына тап болғанын естіген едік. Күзгі жауын-шашынның боларын ескерсек, бұл мәселенің шешімі қалай болмақ?
— Сөзіңіздің жаны бар. Күзгі жауын-шашын шаруаларға қол байлау да, жол байлау да болары анық. Сондықтан біз күзгі науқан уақытында шаруалардың қастарында жүріп, жұмыстың жүру барысымен күнбе-күн хабардар болып жүрміз. Қысқы мал азығын дайындауда 734 тонна, көктемгі далалық жұмыстарын жүргізуге 108 тонна жанар-жағар май жұмсалды. Күзгі далалық жұмыстарына 205 тонна жанар-жағар майды қажеттілік етсе, қазір оның 172 тоннасы келісім-шарт негізінде арзандатылған бағамен, яғни литрі 191 теңгеден алынды. Ал, қалған сорялканы алуда асығыстық байқалмайды.
— Қазір төрт түліктің де қоң жинап, семіретін уақыты. Тұрғындар малдарын қалаға тірілей тасымалдап жатқанына куә болып жүрміз. Мал етін қабылдау шараларын ауданда ұйымдастыруға болмас па еді?
— Биыл аудан орталығында аудан әкімінің және ауыл шаруашылығы бөлімінің ұйымдастыруымен ет қабылдау пункті ашылды. «Құрылыс-2004» ЖШС-і Ірі қара мен қой етін 1900 теңгеден, жылқының етін 2100 теңгеден қабылдайды. Тапсырылған ет өнімінің қаражаты келісім-шарт негізінде жеке шотына түседі. Одан бөлек алдағы уақытта тері, жүн қабылдау пункттерін ашуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ қазан айында аудан тұрғындары үшін арнайы ет дүкені ашылатын болады.
— Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан: Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.