ӘлеуметДенсаулық

Мүмкіндікті шектемеу — қоғамның талабы

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған жолдауында мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға көбірек көңіл бөлу керектігін және олар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуға тиіс – деп атап көрсеткен болатын. Ауданымызда «Жетімін жылатпаған», кәсіпкерін қолдаған, жаны жаралы жандарды жұбатқан көптеген шаралар өткізіліп, мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыстар жүргізілді. 

«Бәріне бірдей мүмкіндік — қоғамның басты талабы» атты ауданда мүмкіндігі шектеулі жандардың аудандық форумы болды.

«Мүмкіндігі шектеулі деген –мүмкіндігі жоқ, — деген сөз емес. Олардың қабілетіне қарай қандай іспен айналысуына жағдай жасап, қадағалап отыруымыз керек» — деп бір кездесуінде айтқан аудан әкімі Бұлбұл Бисембайқызы қамкөңіл жандармен тағы жүздесті.

Аудандық мәдениет үйінде аудан басшысы алдымен 14-29 жас аралығындағы қолынан іс келетін мүмкіндігі шектеулі және белсенді жас азаматтардың қолөнер бұйымдарының көрмесін тамашалады. «Үмітпен алға» клубы мүшелерінің дайындаған жетістіктері, қарапайым тұрмыстық заттардан жасалған әртүрлі бұйымдар, ұлттық нақыштағы қарулар, тәтті тағамдар, тағы басқа көздің жауын алатын жауһарлар жастардың идеясы мен қолынан шыққан туындылар. Аудан әкімі жастардың әрқайсысымен жеке-жеке сөйлесіп, белсенділіктеріне жоғары баға беріп, болашақ жоспарларын сұрады.

Одан кейін ауылдық округтердің әкімдері, әр ауылдағы мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс жөніндегі арнайы мамандары, мекеме басшылары және кәсіпкерлер қатысқан жиын өтті.

Жиында күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Еркебұлан Сембин баяндама жасады.

Жалпы аудандағы мүмкіндігі шектеулі жандардың бүгінгі күні көріп жатқан қамқорлықтары, жергілікті билік тарапынан жасалынып жатқан игілікті істері туралы аудандық мүгедектер қоғамының төрағасы Тыныштыбай Шалабаев демеуші азаматтарға алғысын айтты.

Бұл кездесуге ауданымызға арнайы келген арнайы келген Ақтөбе қаласы әкімінің мүгедектер ісі бойынша кеңесшісі Аслан Балқасымов «Мейірім» үйінің материалдық базасын көріп, аудандық педогикалық-психологиялық түзетім кабинетінің ұжымымен кездесті. Ондағы маман қызметкерлердің жұмысымен танысты.

«Құрметті ойылдықтар! Облысымызда он мыңнан аса мүмкіндігі шектеулі жан бар. Соңғы бес жылда мүгедектерге әлеуметтік қолдау, көмек көрсету қолға алынды. Оның бір жемісін сіздер көріп отырсыздар. Өзге аудандарға қарағанда сіздерде жаңа талапқа сай жабдықталған орталықтар бар. Бұл керемет. Және бір айтарлығы қазір мамандар жетіспейді. Ал сіздерде өздеріңіз оқып дайындап алған жергілікті  мамандарыңыз бар. Қуанарлық жағдай. Мұндай жаңа ғимарат, жергілікті жерден кадр табылу екіні бірінде жоқ. Аудан бойынша 486 мүгедек бар екен. Әлі де үйде отырған балалар бар. Олардың өзі немесе ата-аналары ұялып көптің алдына шыға бермейді. Біздің міндетіміз соларды қоршаған ортаға бейімдеп, ортақ өмірге тарту керек» — деді форумда сөз алған Аслан Нұрқасымұлы.

Ал он алты жыл арбаға таңылған Ақтөбе қаласының сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау қорының мүшесі Алтынбек Жаңбырбаев өз тәжірибесімен бөлісті.

«Үйде ешқайда шықпай отырған адам мен көпшілік ортада жүрген адамның жүйкесі екі бөлек. Соңғысы белсенді болады. Мен сондай жағдайлардан өттім. Өз басым 16 жылдан бері арбаға таңылдым. Бірақ мойымау керек екен. 10 жыл дегенде үкіметтен үй алдым. Тек шыдамды болу керек. Қазір жеке кәсібім бар. Үйде жатпай қоғамдық ортаға араласуымның арқасында жеткен жетістіктерім аз емес» — деді.

Сөйлеу мүмкіндігінде шектеу болса да ветеринарлық салада жұмыс жасап жүрген жас Асылбек Жүсібалиев адамдарды шүкіршілік етуге шақырды. «Қазір мүмкіндігі шектеулі адамдармен балалармен, жастармен барлық мекеме тікелей жұмыс жасап отырады. Аудандық жастар ресурстық орталығы, білім бөлімі, тағы басқа мекемелер бізге семинарлар, тренигтер, кездесулер, шығармашылық басқосулар ұйымдастырып тұрады. Аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмыспен қамтылдым. Мүмкіндігі шектеулі жандардың дендеріне саулық, кәсіптеріне береке берсін!» — деді. Аудан әкімі мүмкіндігі шектеулі бола тұра ауданның абыройын көтеріп жүрген спортшы, кәсіпкер, қолөнер шебері, шығармашылықта жүрген жастарды айта келіп, белсенді жастарға алғыс хаттарын тапсырды. 5 адамға қайырымдылық акциясы бойынша сыйлықтар берілді. 3 адамға бизнес идеяларды іске асыруға арналған 240.0 теңге мемлекеттік грант сертификаты табыс етілді.

Сол күні мүмкіндігі шектеулі адамдарға тегін қызмет көрсететін әртүрлі қайырымдылық акциялары ұйымдастырылды.

Басқа жаңалықтар