Әлеумет

Гүлсімнің белесі – бәрімізге үлгі!

Өткен аптаның соңында Алматыдан ақжолтай хабар жетті. Тұңғыш Президент қорының ұйымдастыруымен Алматы қаласында "Қайырымдылық керуені" ІІІ республикалық конкурсы өткен болатын. Бұл қайырымдылықты насихаттауға бағытталған 5 номинация бойынша іріктеу жүргізілді. Аталымдар «Асар», «Туған жер», «Мейірім жолында», «Батыл жүрек» пен «Қайырымдылық тарихы» атты бағыттарды қамтыды. Байқаудың қорытынды шарасында "Асар" номинациясы бойынша Аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұсынысы негізінде "Шұғыла" мәдениет және демалыс орталығы жанындағы "Үкілі үміт" мүмкіндігі шектеулі жандар қызығушылық клубының мүшесі, жеке кәсіпкер Гүлсім Елекбаева ІІ орын алып, 100 мың теңге сертификатпен марапатталды.

Гүлсім Елекбаева тағдырдың жазуымен мүгедектер арбасына отыруға мәжбүр болды. Оған 22 жасында «ішінара сал болу» диагнозы қойылды. 2001 жылы медициналық сараптама оған 2 топтағы мүгедек қорытындысын бергенімен, 2004 жылы 1 топқа ауыстырылды. Ұзақ жылдарға созылған ауру мен арбаға таңылу оған оңайға соқпады. Сондықтан Гүлсімге дәрігері бір іспен айналысуға кеңес береді. Бұрыннан ісмер ол қолына бес инесін алып әуелі әртүрлі бұйымдарды тоқуды ермек қылды. Анасынан үйренген бұл ермегі оның жалғыздықты жеңуге септігін тигізіп қана қойған жоқ. Кейіннен оның қиялынан туған дүниелер талайдың таңдайын қақтырды. Гүлсім өзіне қоғамның назарын осыдан он жыл бұрын аударды. Алдымен аудандық «Қанатты әйел» байқауына өзінің «ермегін» ұсынды. Кейіннен «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның «Жұлдыздарға қара» жобасы бойынша жеңімпаз болып, «Құс жолы» байқауының грантын жеңіп алды. Ол кезде Гүлсім Ойыл ауданының Шұбарши ауылында тұратын еді. Сол жылы жеке кәсіпкерлігін ашып, өзінің «ермек қылып» жүрген сүйікті ісіне құлшына кірісті.Аудан басшылығы өмірге құштар кәсіпкерге қолдау көрсетіп, Ойылдан жалдамалы пәтер берді.
Содан бері жеке кәсіпкерлікпен айналыса бастаған Гүлсімнің ізденісі қазір үлкен сұранысқа ие. Реті келсе, көрмелер мен байқаулардан қалмауға тырысады. Мысалы, 2019 жылы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен өткен халық шығармашылық фестиваль-байқауына қатысып, қолөнерден 3-орын және 20 мың теңге сертификатты  иеленді. Өзінің айтуынша, осындай байқаулар адамды қанаттандырады, қамшылайды.
Сондай-ақ, бұрнағы жылы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Ақтөбе облыстық филиалының ұйымдастыруымен Ойылдағы аудандық филиалда кәсіпкерліктің негізін үйрететін «Бастау Бизнес» курсын оқып, сертификат алды. Ойлап жүрген жобасын қорғап, нәтижесінде 700 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грантқа ие болды. Бұл қаражатқа ол тоқуға керек құралдар мен ізденіске қажет ноутбук сатып алды.
Қазіргі таңда «Мархабат» атты жеке кәсібін ашып, үйінің бір бөлмесін шеберханаға айналдырып отырған тоқымашы Гүлсім Елекбаева мемлекет қамқорлығына дән риза. Оның бер жағында түрлі мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, қайтарымсыз қаржылай көмектерге ие боп жүр.
Гүлсім соңғы уақытта жұмсақ ойыншықтар тоқып жүр. Мәселен, ақ-қара жіптен тоқылған панда, қоңыр, күлгін түсті қонжықтар сүйкімді-ақ және олардың қолдарына бірдеңе ұстатып қоятыны тіпті үйлесім тауып тұр. Тоқылған қуыс кеуде ішіне халафайбер салып, жұмсақ ойыншықтарға айналдырып отыр. Оның қолынан шыққан әдемі дүниелерге қызықпайтын адам ауылда кемде-кем. Өзі болса, «Менің бұйымдарыма халықтың сұранысы қиялыма қанат бітіріп отырады» — дейді.
Р.S. Алматыдағы шараға қатысуға қолдау көрсеткен аудан әкімдігі мен мәдениет саласы қызметкерлеріне және аудандық мүгедектер қоғамына Гүлсімнің алғысы шексіз. Былтырғы жылы «Асар» номинациясы бойынша Астана қаласында өткен «Қайырымдылық керуеніне» мәдениет үйі жанындағы Халықтық «Ақ әже» ансамблі қатысқан болатын.

Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар