Әлеумет

Серікбол – азамат!

Биылғы қыс мезгілі мал баққан шаруаларға оңай болмай тұр. Өйткені, қылышын сүйретіп желтоқсанда жетіп келген «кәрі құда» кетуге асығар емес. Бұған дейінгі жылдары осы уақытта малдары өріске шығып кететін ауылдарда шөптің мәселесі, көпті күйзелтіп жіберді. Себебі шөптің бағасы шарықтап тұр. Былтырғы бағадан екі есе өсті. Бір тюк шөп, 600-800 теңге аралығында болса, рулонның 7 мың теңгеден кемі жоқ. Бұрынғыдай камаз-камаз шөппен Ақтау асатындар сиреп қалды. Өйткені, біріншіден жол жоқ, тиейтін шөп те жоқ, оның үстіне алысқа бармай-ақ өзімізде де шөп іздеп жүргендер бағаға қарап жатқан жоқ. Қараған күннің өзінде оған кім құлақ аспақ? Керісінше басқа ауданнан арзан бағамен алып келіп, пайда көріп жатқандар қаншама десеңші? Міне дәл осындай сәтте жас кәсіпкер Серікбол Төлеуов жерлестеріне үлкен көмек көрсетті. Өзінің мал азығы қорынан 90 рулонды арнайы ауылына, Көптоғай ауылдық округіне қарасты Амангелдіге апарып арзан бағамен үлестіріп берді. Тіпті кейбір жағдайы төмен, тек малмен күнелтіп отырған жандарға тегін таратты. Осындай игі іске ұйытқы болған Серікбол ауылдастарының алғысын алды. Қызылтаяң уақытта малдарын шөптен қысып отырған жандар бір рулонды 3500 теңгеден сатып алды. Бұл мал азығын дайындап жатқан науқан кезіндегі бағадан қымбат емес. Біз осындай көпке үлгі болған жас кәсіпкермен тілдесу барысында ол: «Менің мұндай іске мұрындық болған себебім ел-жұртымның алдындағы перзенттік борышым деп есептеймін. Ауылыма апарған рулондарды түгелдей тегін беру ойымда болды. Ал, қойылған баға тек шөпті жеткізуге кететін шығынды ғана өтеді. Мен ешқандай пайда ойлаған жоқпын. Өйткені ауылдастарым қыстың қытымыр мінезінен малдарын аман алып шығуы үшін кішкентай болса да үлесімді қосқым келді», — дейді.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар