Әлеумет
Балықшылар бас қосқан фестиваль Ақтөбе шаһарының 150 жылдығына арналды
Өткен бейсенбіде ауданымызда Ақтөбе қаласының 150 жылдығына арналған аудандық әуесқой балықшылар фестивалі өтті. Ауданымыздағы бірнеше кәсіпкерлердің демеушілігімен өткен балықшылар фестиваліне жергілікті 20-ға жуық командамен бірге көршілес Темір, Қобда аудандарының балықшылары қатынасты. Көршілес Қобда ауданынан үш бірдей команданың келуі Ойылдың балығының дәмділігімен қоса ауданның мерейін асқақтатты.
Тарқатып айтсақ, таңертеңнен Ашықбайға қарай асыға ағылған көліктің санында шек болмады. Ал, адам қарасы одан төрт есе көп болды. Тіпті тайға мініп келген балғындар, арнайы тігілген ағаш үй маңына айрықша сән берді. Фестивальдің ашылу салтанатына арнайы қатысқан аудан әкімі Дастан Сағыров өз сөзінде әуесқой балықшылардың басын біріктіріп отырғанымыздың бірінші себебі Ақтөбе шаһарының 150 жылдық мерейтойына арналса, екінші себебі өзеннің жағалауларын таза ұстап, қоқыстан тазартуға үндеу болса, үшінші себебі балық аулау кәсібімен айналысып отырған әуесқой балықшыларды паш ету арқылы қысқы балық аулау өнерін дәріптеп, ұлықтау», — десе, аудандық ардагерлер қоғамының төрағасы Сәрсенбай Аманғосов барлық қатынасушыларға сәттілік тілеп, бата берді. Ал, фестивалдың бас төрешісі жергілікті аңшы, балықшы қоғамының төрағасы Еркін Медетов айтулы сайыстың шарттарын түсіндіріп, командалардың ұйымшылдықпен ереже бағынуларын қадағалады.
Барлық қатынасушылар фестивальдің ережесіне сәйкес балықты алдымен белгіленген аймақтан қармақпен аулады. Балық аулаудың қыр-сырын толық меңгерген балықшылар үшін жарыстың талаптары мен ережелері еш қиындық тудырмады. Бәрі де балықты бірінші болып ұстауға асықты. Ол үшін әуелі суға жем шашты, құрт салды, әйтеуір қармағын қаптырудан аянып қалмады. 60-тан астам балықшының ішінен бірінші балықты Әлия-1 командасының мүшесі Ерболат Ерниязов ұстаса, екінші балық берсиевтік Ербол Құлтеміровтың қармағын қапты. Айта кетсек, барлық қатынасушылар су жағасына тігілген ағаш үйден түстенді. Фестивальдің келесі кезеңінде балықшылар балықты тастама арқылы аулады. Бұл кезеңде ең салмақты балықты ойылдық Аманбек Бақытов ұстаса, одан кейінгі салмақты балық екпеталдық Жалғас Төлеуішовтің қармағына ілінді. Нәтижесінде командалық есеп бойынша ІІІ орынды Әлия-3 командасы қанжығаласа, ІІ орыншы Берсиев командасы еншіледі. Ал, І орын Әлия-1 командасы жеңіп алды. Арнайы кубокпен бірге аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталған жеңімпаз командаға Ақтөбе облыстық балықшылар мен аңшылар қоғамының төрағасы Алексей Алексеевич Гоголь 10 жыл мерзімді аңшы, балықшы билетімен бірге бір жылға тегін балық аулауға жолдама берді. Ең қарт балықшы номинациясы бойынша темірлік Рудченко Василий Иванович пен берсиевтік Махан Мырзағұлов марапатталса, ең кішкентай балықшы номинациясы ойылдық балғын Дәулет Алтыбаевқа табысталды. Фестиваль соңында барлық қатысушыларға аудан әкімінің алғыс хаты мен балық аулауға және аңшылыққа қажетті бағалы сыйлықтар берілді.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.