Рухани жаңғыру
Танымдық кездесу археологияға арналды
Өткен аптада Ш.Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейі кезекті тарихи-танымдық шарасын өткізді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Ойыл музейінің алғашқы археологиялық қазба жұмысы» тақырыбында ұйымдастырылған кездесуге білім бөлімінің әдіскері, мектеп мұғалімдері мен оқушылар қатысты. Шараның тізгінін ұстаған музейдің ғылыми қызметкері Дулат Исабаев жас археологтардың облыс аумағында жүргізген зерттеу жұмыстарын кеңінен түсіндіріп өтті. Археология саласына қызығушылық танытып, үлкен жетістіктерге жетіп жүрген жас археологтар өздерінің жобаларын таныстырды. Ойыл ауданының тас дәуірі мен орта ғасыр кезеңдеріне жататын «Қаздыарал тұрағы», ауданнан 11 км қашықтықта орналасқан «Құмсай» табиғатымен т.б археологиялық қазба жұмыстары кезіндегі жинаған теориялық білімдерімен бөлісті.
Кездесуге шақырылған қонақтарға жас археологтердің жобалары жинақталған көрме ұсынылды.
«Әрбір оқушы, жастар өзінің болашағында туған жерінің мәдени ескерткіштерін, елінің тарихын білсе деген мақсатта құрылған болатын. Бұл археология үйірмесін Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназия директоры Роза Сәуірбайқызымен ақылдасып, 2016 жылы желтоқсан айында құрылды. 5 жыл бойы біршама облыстық, республикалық байқауларда жетістіктерге жетті. Мақсатымыз — Ойыл өңірінің тарихи ескерткіштерін, табиғатын, тарихын, ұлы тұлғаларын таныту болды, ол мақсатымыз орындалды. Алдағы уақытта да орындала бермек», — деп музей басшысы Балқия Рысбаева мақсатына тоқталып өтті.
Шара соңында музей басшысы Балқия Рысбаева ескерткіштердің зерттелуіне өз үлестерін қосып жүрген жас археологтар мен археология ғылымына оқушылардың құлшынысын арттырып жүрген «Жас археолог» үйірмесінің жетекшісі Медет Құлмұқановқа алғыс хат пен сый-сыяпатын табыстап, кешті қорытындылады.
Гаухар АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл селосы.