ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып
13 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ
Ойыл ауданы бойынша су тасқынынан зардап шеккен 350 отбасыға - 369 200 теңгеден 129 220 000 біржолғы төлем төленді. Қазіргі таңда Ойыл ауданы бойынша 123 отбасыға тұрмыстық техника шығынын өтеуге 54 559 000 теңге бөлініп, тұрғындардың шотына аударылды.
Қаратал, Көптоғай, Екпетал, Жаңабаз ауылдары бойынша, 1 шаруа қожалығы және 78 ауыл тұрғынына 270 ірі қараға, 663 ұсақ малға, 27 жылқыға 131 900 000 теңге мал шығыны өтелді. Ш.Берсиев атындағы ауылдық округінің орталығы Қаратал ауылының 20 тұрғын үй иесіне күрделі жөндеу жасау үшін 65 543 010 теңге бөлініп, ауыл тұрғындарына берілді. Ойыл ауданы әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы С.Сүлейменов бюджеттен әрбір үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қаржы бөлінгендігін, ал қалған үйлер тұруға жарамсыз болуына байланысты жаңадан салынатынын және үй сатып алынатынын мәлімдеді. Қаратал ауылында 170-тің шамасында үй салынады, қалған 42 отбасы Ойыл ауданы орталығынан дайын үй сатып алуға және салдыруға ниеттенуде.
Ауыл тұрғыны Т.Өскінбаева, «Үй салып беріп жатқан ағайындарға рахмет. Биыл су тасқынынан ауылда осындай жағдай болды. Бұрын-соңды мұндай жағдай болды деп естімедім. Эвакуация кезінде Ойылдың орталығында болдық. Қазір уақытша ағаш үй беріліп, сонда тұрып жатырмыз» — деп өз ризашылығын білдірді. Осы тұрғыда Ойыл ауданы бойынша зардап шеккен 13 ауыл тұрғыны (Қаратал ауылы — 4, Екпетал ауылы -9) келісім-шартқа қол қойып, жаңа баспаналы болды.
Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарын 3 мердігер компания қолға алып жатыр. Тағы да 2 құрылыс компаниясы үй салып беруге ниетін білдірген. Алдағы уақытта олар да белгіленген жер учаскелеріне құрылыс жұмыстарын жүргізбек.